Мейірім мен махаббат мерекесі

Аналар күні
Мамыр айының екінші жексенбісінде елімізде жүрекке жылу сыйлайтын айтулы мереке —Аналар күніатап өтілді. Бұл —аналардың қоғамдағы, отбасындағы рөлін айшықтап, олардың шексіз махаббатына алғыс білдіретін ерекше күн.
Елімізде Аналар күні ресми түрде алғаш рет 2023 жылы енгізіліп, содан бері жыл сайын мамырдың екінші жексенбісінде тойланып келеді. Бұл күннің маңыздылығы — әрбір жанның жүрегінде анаға деген ыстық ықыласты оятып, ұрпақ пен ұлт тәрбиесіндегі ананың орнын ұлықтауында.
Аналар күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің анасы Тұрар Шабарбаева туралы әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба қалдырды. Президент анасының қарапайым өмір сүргенін, бүкіл ғұмырын балаларына арнағанын еске алып, оның ұлағатты сөздерін, тағылымды тәрбиесін тебіреніспен баяндады.
— Анам ел алдында ұятқа қалмау үшін әрдайым өзімді таза ұстауды, ешқашан көрсеқызарлыққа бармауды айтып кеңес беретін, үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап өстім. Әңгімені жақсы айтатын және менің де ықыластана тыңдайтынымды сезген болар, сөйтіп, өмірлік дүниетануыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті, — деп жазды Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент кеңестік кезеңнің қиын тұстарында анасының дана шешімі мен батыл қолдауы өмірлік жол таңдауға сеп болғанын да ерекше атап өтті.
Өңір басшысы Асхат Шахаров та Аналар күніне орай әлеуметтік желіде жазба жариялап, анасының өмірлік үлгісін, мейірімі мен тәрбиесін еске алды.
—Анам — медицина саласының ардагері. Адамдарға көмектесуді, әрбір жанның тағдырына алаңдауды сол кісіден үйрендім. Анамның кеңесі мен ақ тілеуі бүгінгі жетістігімнің негізі, — деген облыс әкімібарша ақтөбеліктерді аналарына құрмет көрсетіп, ерекше күнді жылы көңілмен атап өтуге шақырды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Аналар күніне орай құттықтау жолдап, бұл мейрамның отбасылық құндылықтарды нығайтудағы орны ерекше екенін айтып, қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде аналарға арнап жылы лебіз жазуға шақырды.
Аналар күні — шынайы алғыс пен ілтипаттың, құрмет пен махаббаттың мерекесі. Бұл күн өмірімізге шапағат пен жылулық сыйлаған аналарға арналып, олардың еңбегін бағалап, құрмет көрсетуге бағытталған.
Арайлым НҰРБАЕВА.