Денсаулық

Репродуктивті денсаулық апталығы басталды

Брифинг

12 мамырда өңірде халықтың репродуктивті денсаулығын қорғауға арналған апталық басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Баспасөз конференциясына облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажғалиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова қатысты.

— Басты мақсат — халықтың репродуктивті денсаулығына қатысты маңызды мәселелерге қоғам назарын аудару, сондай-ақ жастар, жасөспірімдер және ерлі-зайыптылар арасында отбасын жоспарлау, прегравидарлық дайындық, контрацепция әдістері, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу және жатыр мойны обыры туралы ақпараттар беру. Апталықтың негізгі ұраны «Дені сау ұрпақ — жарқын болашақтың кепілі!» деп белгіленіп отыр. Күні бұрын баннерлер ілініп, халыққа кеңес беру үшін кабинеттер белгіленді. Жеті күн бойы облыс аумағында іс-шаралар, ақпараттық-насихаттық жұмыстар, кампаниялар ұйымдастырылады. Облыстың барлық тұрғынын апталыққа қатысып, репродуктивті денсаулық туралы кеңестер мен пайдалы ақпарат алуға шақырамыз,деді Маржан Қорғанбаева.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажғалиевөңірде жасөспірімдер арасында жүктілік көбейгенін айтса, білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова мұндай жағдайларды болдырмас үшін ата-ана, мұғалім және дәрігер, яғни қоғам болып жұмыс істеу қажеттігін, бала психологиясы мен денсаулығына алдымен ата-ана жауапты екенін алға тартты. Осы ретте спикерлер апта бойы түсіндіру жұмыстары күшейтілетінін айтып, әркім өз салалары бойынша апталық аясында атқарылатын іс-шаралар жоспарымен бөлісті.

Репродуктивті денсаулық аптасы 5 күнге бөлінген. 12 мамыр — отбасын жоспарлау күні, 13 мамыр — әйел денсаулығы күні, 14 мамыр — ер адам денсаулығы күні, 15-і — жастардың репродуктивті денсаулығы күні және 16мамыр — адам папилломавирусының алдын алу күні.

Апталық аясында қаламыздағы және барлық аудандық аурухананың жастар денсаулық орталықтарында ашық есік күндері ұйымдастырылады.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button