Тағзым

Өтеген Сейітов үлгісі

Қазақстан прокуратурасының тарихында есімі алтын әріппен жазылған көрнекті заңгер әрі мемлекет және қоғам қайраткері Өтеген Сейітов 1923 жылы 15 қыркүйекте Шалқар ауданының Ақтоғай ауылында өмірге келген. Ол 18 жасынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының қылмыстық-сот бөлімінің хатшысы болып еңбек етіп,  1942 жылы әскерге шақырылған. Ұлы отан соғысында атқыштар взводының командирі болып,майдан даласында үш рет жарақат алған.

Соғыстан кейін елге оралып, прокуратура саласындағы жұмысын жалғастырған ол Оңтүстік Қазақстан облысының Келес және Сарыағаш аудандарында тергеуші, 1949 жылы осы облыстың прокуратурасында аға тергеуші болған. 1953 жылы Алматы заң институтын тәмамдап, 1951-1959жылдары Қазақ ССР-і прокуратурасының бөлім прокуроры, Алматы қаласы Совет ауданының прокуроры, Алматы облысының прокуроры, Қазақ ССР-і прокурорының бірінші орынбасары, 1966-1984 жылдары 18 жыл бойы Қазақ ССР-нің Бас прокуроры болып абыройлы қызмет атқарған.

2023 жылы Ақтөбе өңірінде соғыс ардагері, генерал Өтеген Сейітовағамыздың туғанына 100 жыл толуы аталып өткен-ді. Сала ардагерлері, белгілі генерал ағаларымыз Өтеген Сейітовтің 100 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда естеліктерін айтып, ағамыздың абыройлы, қажырлы, өте жоғары деңгейдегі үлгілі басшы болғандығын атап өткен-ді.

Қазақ ССР-ін 24 жыл басқарған Дінмұхамед Қонаев «Менің уақытым» кітабында Өтеген Сейітұлымен бірге қызмет жасағанын, оның республиканың дамуына, заңдылық пен тәртіпті нығайту жолында атқарған қызметін жоғары бағалаған.

Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының ардагері, генерал-лейтенант бірқатар облыстарда прокурор болған, Республика Бас прокурорының бірінші орынбасары, Әділет министрі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болған Оңалсын Жұмабеков осы жөнінде айтып, Өтеген Сейітұлымен бірге қоян-қолтық қызмет атқарған кездері туралы естелігімен бөліскен-ді.

Прокуратура саласының ардагерлері Әсет Әділхан, Гүлжан Қарақұлова, Алла Баринова, Ерғали Мерзадинов, Асхат Дауылбаев, Сәттібек Оңғарбаев, Қабдолла Төлегенов, Серік Темірболатов сынды аға-апалар да Өтеген Сейітов туралы естеліктерімен бөлісті.

Менің әкем, генерал Айтбай Әлібаев 1971 жылы Қызылорда облысы прокуратура органдарына қызметке келіп, 1995 жылға дейін тергеуші, аудан-қала, облыс прокуроры болған, Бас прокуратураның басқарма бастығы қызметін атқарған.

Ол бізгегенерал Өтеген Сейітұлының абыройлы өмір жолыменжоғары адами қасиеттерін үлгі ретінде жиі айтатын.1981 жылы менің әкем Қызылорда облысының Арал ауданында прокурор болып тұрғанда, отбасылық жағдайымен Шалқарға пойызбен бара жатқан Қазақ ССР-нің прокуроры Өтеген Сейітұлы ағамызды күтіп алды, сол кезде әкемнің қасында болған маған Өтеген аға батасын берген еді, сол сәтті еш ұмытпаймын.

Қазіргі таңда өзім Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарамын.Ғимаратымыз Өтеген Сейітов көшесінде орналасқан, ғимараттың кіреберісінде атамыздың естілік тақтайшасы тұр, бұл да бізге зор жауапкершілік жүктейтіндей.

Бүгінде Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Өтеген Сейітұлы туралы жазуды шәкірттік парызым деп есептедім.  Себебі Өтеген Сейітовтің өмірі мен қызметі қазіргі заңгерлер мен құқық қорғаушылар үшін зор үлгі.

Талғат ӘЛІБАЕВ, облыс прокурорының

бірінші орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button