Абырой мен алғыс

7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай Өнер орталығында өткен салтанатты жиындаоблыс әкімі Асхат Шахаров жиналғандарды мерекемен құттықтап, ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.
Мерекелік шараға құқық қорғау саласының қызметкерлері, әскерилер, сарбаздар мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиын мемлекеттік Туды сахнаға алып шығу рәсімімен басталды. Еліміздің Әнұраны Қазақ камералық хоры мен облыстық филармония солистерінен құралған оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды.
— Бұл күн — елдің амандығы мен тыныштығын қорғап жүрген азаматтарға деген халықтың шынайы алғысы мен терең құрметін білдіретін маңызды мереке. Биылғы жылды біз тарихи жадыны жаңғырту, отансүйгіштік рухты күшейту жылы деп жарияладық. Бұл бастама халқымыздың жадында мәңгі сақталған екі маңызды оқиғамен тығыз байланысты. Оның бірі — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, екіншісі —Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы. Әлияның есімі — тек тарих бетінде ғана емес, әр қазақстандықтың жүрегінде мәңгілік сақталып қалатын абырой мен ерліктің бейнесі, — деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери борышты өтеу — Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі» деген сөзін алға тартып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
— Ақтөбеліктер әрдайым өз жауынгерлерін мақтан тұтады. Олар — әкелерінің ерлік жолын жалғап, азаматтық борышын абыроймен атқарып жүрген ұландар. Жыл сайын жүздеген бозбала әскер қатарына алынып, ел қорғаны болуға аттанып жатыр, — деді ол.
Шараның ресми бөлімінен соң ҚР Ұлттық ұланының №6655 әскери бөлімі, Қорғаныс министрлігіне қарасты №30238 әскери бөлімі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Есет батыр атындағы №20982 және №20709 бөлімдері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің сарбаздары сап түзеп, әскери бөлімдер шеруін өткізді. Бұл көрініс ел армиясының тәртібі мен айбынды болмысын айқын көрсетті.
Кеш соңында ұйымдастырылған патриоттық концерт көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады.
Айдана АЛТЫБАЕВА.