Ақынның туған жеріндегі кездесулер

Қуандық — 100
Көрнекті ақын, шығармашылығында ұлттық мүдде мен құндылықтарды насихаттауы себепті кеңес заманында қудалауға ұшыраған қазақтың күрескер қаламгерлерінің бірі Қуандық Шаңғытбаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Осыған орай жуырда Қарабұтақта бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Оған ақынның қызы, журналист, баспагер Гаухар Шаңғытбаева Алматыдан арнайы келіп қатысты. Атамекенге, әкесінің туған жеріне келген Гаухарды ауылдастары зор қуанышпен күтіп алды. Ақынның қызы алдымен Қарабұтақ топырағында жатқан белгілі тұлғалар бейітін зиярат етті.
Ақынның ғасырлық мерейтойына арналған кездесулер ауылдық музейде, кітапханада, сондай-ақ Қуандық Шаңғытбаев атындағы орта мектепте ұйымдастырылды. Бұл кездесулерде ақын туралы естеліктер айтылып, оның шығармашылығының зерттелуі жөнінде сөз қозғалды, әрине,көбірек өлеңдері оқылды.
Гаухар Қуандыққызы ауыл музейіне ақынның суреттерін, тұтынған бұйымдары мен кітаптарын табыстады. Ол «Шайыр» деген атпен әкесінің өмірі жөнінде кітап жазып жүргенін айтты. Бұл кітап биыл жарыққа шығады. Сондай-ақ деректі фильм де әзірленіп жатыр.
Ақынның ғасырлық мерейтойына орай Қарабұтақ музейі де арнайы экспозиция жасақтауды қолға алған. Қарабұтақ жеріндегі кездесулер Мәдениет үйіндегі концерттік бағдарламамен аяқталды. Бұл кеште ауыл әкімі Кеңшілік Байдрахмановтан бастап, көптеген жерлестеріҚуандық Шаңғытбаевтың өлеңдерін жатқа оқыды.Сондай-ақ оның сөзіне жазылған әндер орындалып, «Айсұлу» пьесасы қойылды.
Қуандық шайырдың ғасырлық тойына арналған негізгі шаралар күзде өткізіледі деп жоспарланып отыр.
А.РАҚЫМЖАНҰЛЫ,
Қарабұтақ ауылы,
Әйтеке би ауданы.