Ауыл

Ауыл өнімдері ұсынылды

Бір ауыл — бір өнім

Мұғалжар ауданының орталығында өнім өндірушілердің «Бірауыл — бірөнім» көрмесіұйымдастырылды.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған іс-шараны кәсіпкерлер палатасының Мұғалжар аудандық филиалы мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдері бірлесіп өткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов пен облыс кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Ержан Нұрғалиев, сондай-ақ палатаның аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғановтар көрмеге қойылған өнімдерді көріп, кәсіпкерлермен жақын танысты.

Көрменің мақсаты — ауыл кәсіпкерлерінің еңбегін таныстыру және жергілікті өнімдерді насихаттау. Көрмеде кәсіпкерлер сүт, ет өнімдері, қолөнер, зергерлік бұйымдар, жылыжай, кондитер және тоқыма өнімдерін ұсынды. Мұндай өнімдер ауылдың өзіндік ерекшелігін, мәдениетін және табиғатын көрсетеді.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасы 2022 жылдан бері іске асырылып келеді.«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл бағдарлама аясында қажетті іс-шараларды ұйымдастырып тұрады. Жалпы жобаға кез келген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен іскерлік қабілеті бар тұрғындар қатыса алады. Бағдарламаның ерекшелігі — нақты бір ауылдан, елдімекеннен өзіндік бір ерекшелігі бар өнімді шығару. Бұл —  сол жердің шикізатына негізделе отырып, ұлттық ерекшеліктерді, нақышты, сол жердің тарихын, табиғатын баяндайтын, экологиялық таза, органикалық өнім шығаруға бағытталған іс-шара.

Бұл көрме облыстық байқауға қатысатын үздік жобаларды іріктеу кезеңі болды. Көрме соңында комиссия мүшелері кәсіпкерлерді марапаттап, мұғалжарлық төрт кәсіпкерге облыстық көрмеге жолдама берді. Олардың арасында Несібелі Қаржаубаева басшылық ететін «Несібе сүт өнімдері» жеке кәсіпкерлігі ерекше көзге түсті. Ол сүт өнімдерінің кең ассортиментін ұсынып, қаймақ, айран, майқұрт, ірімшік сынды дәмді өнімдерді дайындайды. Өткен жылы «Сүт өнімдерін дайындау» курсын оқып, өз шеберлігін арттырған. Ембі қаласының тұрғыны жергілікті халыққа сапалы және экологиялық таза сүт өнімдерін ұсынып отыр. Ал Қандыағаш қаласының кәсіпкері Әділбек Жиенбаев эпоксидтен және ағаштан шахматтар жасап, әскери техникалық макеттерді қатырма қағаздан шығарады. Ол он жылдан бері осы кәсіппен айналысып, шығармашылық әлеуетін жүзеге асырып келеді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button