«Айбынды әскер —тәуелсіз елдің тірегі»

Отан қорғаушылар күніне орай Қорғаныс министрлігіне қарасты №30238 әскери бөлімінде «Айбынды әскер —тәуелсіз елдің тірегі» әскери-патриоттық сайысы өтті.
Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған жарыстың мақсаты — әскери-патриоттық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау. Оған сарбаздар, студенттер мен оқушылар қатысты.
Әскери-қолданбалы жарыстар, атап айтсақ, Калашников автоматын жинау, белтемірге тартылу, жүгіру, т.б. бойынша сынға түскен жігіттер өзара топ болып жарысты.
— Жер-жердегі әскери бөлімнің өзіндік мақсат-міндеті болатыны белгілі. №30238 әскери бөлімі сыртқы жауға әскери дайындық жүргізуге ерекше күш салады. Соған сай сарбаздарға сапта тұру тәртібі, киім кию үлгісі, басқа да әскери талап-тәртіптерді айтпағанда, жауынгерлік даярлық тереңдетілген деңгейде үйретіледі. Айталық, көптеген қару түрінен ату, түрлі әскери техниканы басқару, басқа да бойынша тәжірибелі мамандар сабақ береді.
Әрине, әскери өмір оңай деуге келмейді. Бірақ ол ер жігіттерді шыңдайды. Әлгінде айтқанымдай, бізге 18-19 жасқа енді толған жігіттер келеді. Әдетте олардың 99 пайызы қару-жарақтың тілін білу былай қойғанда, қалай дұрыс жүгіру керектігін де білмейді. Соның барлығын бір жыл бойы үйретеміз. Біздің мақсат та сол. Сондықтан денсаулық жағдайы, соның ішінде Ақтөбенің климаты жақпаған бірлі-жарым сарбаздарды есептемегенде, орта жолдан үйіне қайтатындар сирек. Бұрынғыдай емес, әскерде болу біраз жеңілдеді ғой. Мәселен, әскери борышын осында өтеп жатқан сарбаздарға сенбі-жексенбі күндері серуен ұйымдастырып, кинотеатр, музей сияқты мәдени орындарға апарамыз. Әр аптаның қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсеткендерге демалыс беріледі. Сондай-ақ өз үйіне барып-қайту үшін он күнге каникул қарастырылған. Қазіргі таңда қысқы оқу кезеңіндегі жауынгерлік даярлықтан үздік шыққан қатардағы 2 жауынгер сондай мүмкіндікке ие болып, ата-анасының қасында тынығып жатыр. Яғни жақсы оқыған, тәртібі үлгілі сарбаздарға қай жағынан да жеңілдіктер жасалады, — дейді №30238 әскери бөлім командирінің орынбасары Нұрболат Ысқақов.
Шара барысында қатысушыларға сарбаздардың әскери өмірі, техникалар көрмесі таныстырылып, арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
Сайыс қорытындысы бойынша №30238 әскери бөлімінің сарбаздарынан құралған команда жеңіске жетсе, одан кейінгі жүлделі орындарды Ақтөбе заң институты мен әскери-техникалық мектеп өзара бөлісті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.