Жеңіс

Ескерткіш тақта орнатылды

Жеңістің 80 жылдығы аясында Темір ауданы, Тасқопа ауылындағы Теректі мектеп-балабақшасының қабырғасына ІІ дүниежүзілік соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Хайролла Евесовке арналған ескерткіш тақта орнатылды. Сонымен қатар мектептегі алғашқы әскери дайындық кабинетіне оның есімі берілді.

Ашылу салтанатында Тасқопа ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Қалмағамбетов сөз сөйлеп, майдангер ұстазға арнап жазған арнауын оқыды. Ал бірге қызмет еткен әріптестері Хайролла Евесов туралы жарқын естеліктерімен бөлісіп, оның ұлағатты ұстаздық жолын және майдандағы ерлігін атап өтті.

Теректі мектеп-балабақшасының қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаны ардагер ұстаздың қыздары, бірнеше жыл ұстаздық қызмет атқарған зейнеткер ұстаздар Сәуле Мұқтарова мен Сәкен Евесова ашты. Алғашқы әскери дайындық кабинетін жабдықтауға ардагердің балалары демеушілік көрсетті.

Атамыз Хайролла Евесов 1939-1940 жылдары фин соғысына, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ленинградты құтқаруға қатысқаны және жауынгерлік еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Әскери еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Соғыстан кейінгі1948-1978 жылдар аралығында Темір ауданы Тасқопа ауылында 30 жылдан астам уақыт мұғалім болады. Ұстаздық қызметпен қатар, 1965-1985 жылдары сол кездегі «Коммунизм жолы» газетінің штаттан тыс тілшісі қызметін атқарады, облыстықаудандық, газеттердің меншікті тілшісі болып, мақала, өлең-жыр жариялап тұрған.

Еңбек демалысына шыққан соң да, өзі қызмет еткен мектеп өмірінің қоғамдық жұмысынан қол үзбейді. Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланады. Мектеп оқушыларымен кездесулерге қатысып, майдандағы жауынгерлердің еңбегі, ұстаздық қызметінің қыр-сыры, туған жердің тарихы туралы тәлімдік-тәрбиелік мәні зор сыр шертетін.

Сондықтан өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры көпке үлгі болған ардагер ұстазға арналып мемориалды тақтаның және мектеп ғимаратындағы алғашқы әскери дайындық кабинетінің ашылуы жас ұрпаққа ерлік пен білімнің, патриотизм мен еңбекқорлықтың маңыздылығын түсіндіруде ерекше орын алатыны сөзсіз.

Әлима АЙЗАҚОВА,

Темір ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button