Әлия мен Мәлік

Биыл Жеңістің — 80, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірі — жақында Астана қаласының Ұлттық музейінде өткізілген «Ер есімі — ел есінде» атты жалпы республикалық музейлік акция.
Аталған акция барысында биыл туғанына 115 жыл толған Бауыржан Момышұлы, 110 жыл толған Мәлік Ғабдуллин мен 100 жыл толған Әлия Молдағұлова атындағы музейлерден көрме жасақталды. Қазаққа қадірлі үш есімге қатысты жәдігерлердің бір жерде тоғысуынан бір ерекшелік байқадым…
Бауыржан Момышұлы мен МәлікҒабдуллин ағалы-інілі болып, бір дивизия құрамында шайқасқан. Бауыржан Момышұлы МәлікҒабдуллиндібатыр атағына ұсынып, екеуінің арасындағы «тентегім» деп бастап, еркелете жазылған 300-ден астам хат олардың арасындағы достық қатынас пен қамқорлықтың мықты болғандығын көрсетеді.
Бұл жерде МәлікҒабдуллинніңӘлия Молдағұловаға қандай қатысы бар деген орынды сұрақ туындайды. Екеуі бірін-бірі көрмеген, танымаған. Дегенмен екеуінің тағдырында үндестік бар екенін байқадым. Олай дейтінім, Әлия есімі Ылия болып, өзге тілділердің тілі келмегендіктен Лия болып, кейін Әлия болған екен деген жансақ пікірде едім. Себебі батыр өмірге келгенге дейін туған Әлия деген адамның есімін естімегесін, Әлия есімі алғаш рет батыр апамызға қойылған шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ондай адам болыпты. Мәлік Ғабдуллиннің анасының аты Әлия екен. Бұны бір десек, сол анасы батыр қызымыздың анасы секілді елдегі қолдан жасалған саясат құрбаны болып, аштық салдарынан көз жұмған. Бұны екі деуге болады. Әлия бауыры — Бағдаттан айырылған Нұрмұхамбет пен Маржанның жалғызы болса, 10 бауырынан ерте айырылған Мәлік те отбасында жалғыз тұяқ болып қалды. Бұл — үш. Төртіншіден, қайсар қыздың туған жері Қобда өңірінде жерленген Қобыланды батыр, оның тарихтағы орны — ержүрек ағамыздың диссертация тақырыбы болған.
Екеуі де мерген. М.Ғабдуллин әскери борышын Ферғанада 82-атқыштар полкінде өтеп жүргенде құралайды көзге атқан мергендігімен танылса, көздегенін қалт жібермейтін Әлия батырдыңдаңқы мергендігімен шықты. Бұны бес десек, алтыншысы — екеуінің де әртүрлі кезеңде Холм түбінде шайқасқаны. Тіпті сол жерлердегі шайқастар нәтижесінде батыр атағына ұсынылуы да тегін еместей.
Қос шынарымыздың бірі Мәншүк Мәметова болса, оны «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылып жатқан жерінен: «Алтын жұлдыз» берілуі керек, жетпей жатса, өз төсімнен жұлып беремін», — деп пулеметші қызға батыр атағын алып беріпті.
«Ленинградтық өренім» өлеңін Әлия Нұрмұхамбетқызы төс қалтасына салып, қоршауда жүргенде рухы мұқалған Ленинград қаласының тұрғындарына оқып беріп, шабыт сыйлап жүрсе, Мәлік Ғұбайдоллаұлына ерлігіне тәнті болған Жамбыл ақын:
«Батырым — Мәлік беренім,
Жүйрігім озған өренім.
Халқы сүйген қалаулым,
Жырымды саған төгемін», — деп жыр арнағаны,
Бұл сегізінші сәйкестік деп білемін.
Екеуінің балалық шағында көрген ауыртпалықтар салдарынан арық, әлжуаз, аурушаң болуы, тіпті Әлияның сол денсаулығының нашарлығынан 5-сыныпты екінші қайтара оқығанын көп ешкім біле бермейді. Бұл ұқсастықты тоғыз десек, екеуі де сын сағаты орнағанда батырлықтың білекте емес, жүректе болатынын дәлелдеп, екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік жасап, Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Бұл — оныншы сәйкестік.
Осылайша ерлеріміздің есімі бас шаһарымыздың төрінде қатар қойылып, сақталып қалуы олардың тағдырларында тоғысу бар екендігін көрсетеді.
Толқын ЖАҢАБЕРГЕНОВА,
Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы.





