Мәскеуді қорғаған жауынгер


Кешегі қан майдан жылдарының қасіреті соқпаған бір де шаңырақ болмаған шығар қазақ елінде. Сүттей ұйып, ынтымағы жарасқан Ізімбетовтер әулеті де бұл дауылдан тыс қалған жоқ.
Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін бір әулеттен бес ағайынды жігіттің үшеуі ел қорғауға, майданға аттанады.
Бірі аға, бірі іні болып, бірінің соңынан бірі ізін қуып, өсіп келе жатқан өркендей жас жігіттердің елге көрік болып, отбасын құрып, бала-шаға өрбітіп, жалындап еңбек етер шағында оқ пен оттың ортасына аттануы, әрине, ауыр жағдай. Өкінішке қарай, неміс фашистерімен ауыр ұрыстардың бірінен кейін Шамшадин хабар-ошарсыз кетеді. Ал Бахрадин болса, 1943 жылғы өлім мен өмірдің нағыз белдескен, жан беріп, жан алысқан қанды шайқастардың біріндегі соғыста ерлікпен қаза табады.
Ағайынды үшеудің біреуі — Әмірадин ғана елге аман-есен оралады. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыстың Ұлы Жеңіспен аяқталуына үлесін қосып, туған ауылға талай сыннан сүрінбей өтіп, шыңдалып қайтқан жауынгердің алдында көп істер күтіп тұр еді. Сондықтан да ол солдат шинелін иығынан шешпестен ел тіршілігіне белсене кірісіп кетеді.
Ол бастан кешкен ауыр кезеңдер — қан майдандағы сұрапыл соғыстар, оқ пен оттың ортасындағы қатерлі сәттер туралы ашылып әңгіме айтпаған кісі екен.
1940 жылы азаматтық борышын өтеуге шақырылған ол алдында ел қорғау міндеті күтіп тұрғанын бұл кезде білмеген еді.
Әмірадин Ізімбетовтің полкі құрамында болған дивизия қазан айында Мәскеуді қорғауға ауыстырылады, олар Можайский бағытында Мәскеуді қорғау үшін ең қатал шайқастың ауыр сынына түседі. Ұлы Отан соғысы тарихындағы шешуші кезеңге айналған осы тұста көптеген кеңестік жауынгерлердің ерлікпен қаза тапқаны белгілі.
Негізінде ол Сталинград майданындағы шайқастарға қатысқан. Осындай ұрыстарда ол өз тобымен талай жеңістерге де жеткен, шегіністерге де жол берген. Соның ішінде ең ауыры — қандыкөйлек жолдастарынан айырылып қалған сәттері екен. Осындай кезеңдерді бастан өткере отырып, ол Ұлы Отан соғысын Чехословакия жерінде аяқтаған.
1942 жылы қан майданда жүріп Әмірадин Ізімбетов Коммунистік партия қатарына қабылданады. Бұл ел қорғау жолында жан аямай ерлік үлгісін көрсетіп, алғы шепте оққа кеудесін тосып жүрген жауынгердің еңбегіне берілген әділ баға болатын.
Оның майдандағы ерліктері ІІІ дәрежелі жауынгерлік «Даңқ» орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медальдарымен атап өтілген.
Ізімбетовтер әулеті үшін әкелерінің жауынгерлік формада түскен бір фотосы — аса қымбат жәдігер. Оның сыртында «На память дочери Райсе от папы.
Дочка, сохрани фото и помни. Твой папа, участник ВОВ» деп жазылған екен.
1946 жылы елге оралғаннан кейін еңбек майданына қызу кірісіп кетеді. 1947-1952 жылдары «Сибиряк» колхозында басқарма төрағасы қызметін атқарып, ауыл адамдарын шаруашылық жұмыстарын тыңғылықты атқаруға жұмылдырады. Одан кейін 1953-1958 жылдары «Қызыл су» колхозы партия ұйымының жетекшісі, колхоз басқармасы төрағасының орынбасары, сонан соң ауылдық кеңес төрағасы болады. Өмірінің соңғы сегіз жылында аудандық тұтынушылар одағында қызмет етіп, халықты азық-түлікпен, тұтыну тауарларымен қамтамасыз ету ісін ұйымдастырады.
Әрине, соғыстан кейін де бейбіт күннің тіршілік-тынысы бар. Әмірадин жауынгер 1948жылы Меруерт Жүлкешқызымен шаңырақ көтеріп, олардың жарасты отбасында бес перзент дүниеге келеді.
Өкінішке қарай, майдандағы жүйкені жұқартқан әр күннің жүрекке түсірген ауыр жүгі де әсер етті ме екен, Әмірадин жігерлі, көпке ақыл айтып, ел ағасы болып жүрген қырық бес жасында өмірден өтеді. Меруерт ана отыз жеті жасында осылайша бес баламен қалады. Ол уақытта баланың үлкені он жетіде, кішкентайы екі жасқа да толмаған болатын. Асқар тау — әкенің жоқтығы үйдегілердің қай-қайсысына да әсер етпей қоймайды. Күнделікті тірлікте дастарқанын берекелі етіп жайып, балаларына «қазір әкелерің келеді жұмыстан» деп отыратын аналарының қабағына түскен кірбіңді бәрі де сезініп, тезірек ержеткісі, оған сүйеніш болғысы келеді.
Бұған дейін жақсы қызметте жүрген азаматының арқасында үйде отырып, оның жағдайын жасап, тікелей балаларының тәрбиесімен айналысып жүрген асыл жарға енді белді бекем буып, бес балаға әрі әке,әрі шеше болуға, ол үшін қайратқа мініп, жігерін жануға тура келеді.
Сондықтан да Меруерт енді балаларды жеткізіп, қатарға қосып, оқыту үшін жұмысқа кіреді. Әуелі өзінің бейім ісі тігіншілікті үйреніп, жиырма жыл сол салада қызмет жасайды. Тігін машинасының тетігіне үңіліп, уақытпен санаспай еңбек еткен ол балаларын да жастайынан жұмысқа баулиды. Соның нәтижесінде бесеуі де жоғары білім алып, ана үмітін ақтайды. Екеуі Қазақстанның,үшеуі Ресейдің — Мәскеу, Магнитогорскі, Орскінің жоғары оқу орындарын тәмамдайды.
Содан кейін барлығы да әртүрлі салада абыройлы қызмет атқарды.Үлкен баласы Ғалым физика пәнінің мұғалімі болады.
Қызы Райса Ақтөбе педагогика институтының физика-математика факультетін бітірген соң Новоресей ауданы мектептерінде мұғалім, мектеп директорының орынбасары, директоры қызметін атқарады. Білім беру саласындағы қызметі үшін «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Кейін заңгерлік мамандықты игеріп, 1995 жылдан Хромтау аудандық хал актілері бөлімінің, одан кейін әділет басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Зейнет демалысына шыққан соң Ақтөбе қаласында әйелдерді қолдау орталығының заңгері қызметіне кірісті.
Сәлім Мәскеудегі белді институттардың бірін бітіріп, бастапқыда Дөң кен байыту комбинатында,кейін «Қазақойлда» басшылық қызметте — бас директордың орынбасары болды. Сәлім Әмірадинұлы мұнай саласында еңбек ете жүріп, өнім өндіруді арттыруға, ел игілігін еселеуге елеулі үлес қосумен қатар, мұнайшылардың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге көп көңіл бөлді, сондай-ақ облысымыздың Байғанин, Темір, Мұғалжар аудандарының соғыс ардагерлеріне қамқорлық жасау, аз қамтылған тұрғындарын қолдау, олардың балаларының мектепке баруына көмектесу істеріне кеңінен араласты.
Одан кейінгі Әліби құрылыс инженері болып қызмет атқарды.
Үйдің кішісі Сәния орыс тілінен сабақ берді,мемлекеттік қызметте болды.
Меруерт ана сексен сегіз жасында дүниеден өтті. Азаматы болмаса да, шамасы келгенше балаларына әкесінің орнын жоқтатпады. Оларға жақсы тәлім-тәрбие берді,ағайын-тума,құда-жекжаттарының арасында әдемі әже деген атқа ие болып,немере-шөбере сүйіп, маңдайына жазылған қызыққа кенелді.
Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген тіршілік заңынан алынған бір тағылым бар. Осындай ретпен қарағанда Әмірадин ағаның көзін көрген, Хромтау өңірінде ол кісімен қызметтес, сыйлас болған, кезінде мемлекеттік, қоғамдық істерде есімдері дүркіреп шығып, айнала жұртқа танымал бірқатар азаматтар, бірсыпырасы ел қорғап, жауынгерлік жолдан өткен Қайыр Қосмағамбетов, Әмірхан Сейітмағанбетов, Амантай Әліпов, Сүгіралы Досалин, Сәлентай Бижанов, Қангерей Сидақин, Қыдыралы Ысқақов, Аполлон Ким, Григорий Кершман, Керей Сисенғалиев Керей, Нұрдәулет Мырзабеков секілді аға буын есімдері бүгінде де бұл әулет үшін қадірлі. Олардың барлығы дерлік өмірден өткенімен, жақсылардың жалғасы дерлік артында қалған балалары бар. Солармен де Ізімбетовтер ұрпағы жақсы қарым-қатынаста.
«Мінезі тура, әділ жан болатын, өзімен бірге жүрген адамдардың арасында өмір бойы беделді болып еді…».
Бұл — майдангермен бірге қызметтес болған, көзкөрген тұстастарының пікірі.
Саналы ғұмырының басым бөлігін ұстаздыққа арнаған, кейініректе кеңес-партия қызметтерін атқарған, тіл жанашыры, Хромтау ауданының құрметті азаматы Мәриям Төреғалиева апалары да бұл әулеттің балалары үшін ерекше жанашыр адамдардың бірі еді. Ол барлығын да жиендерім деп құшағына тартатын, әкелерінің беделді жан болғандығын айтып, сондай болыңдар деп сүйемелдеп жүретін.
Әкелерінің туған жері — Шалқар ауданының Шетырғыз елді мекеніне қарасты Қайыңды ауылы. Әкелері Ізімбет дүниеден ертерек озған соң оның артында қалған отбасы нағашыларының ортасына — Хромтау жеріне бет бұрады. Бала Әмірадин қазір Оңғар деп аталатын ауылда (бұрынғы Үштөбе) туған нағашысы Нұрмұхан деген кісінің алдынан бастауыш білімді игереді. Әмірадин үйдегі балалардың кішісі болса да, жастайынан пысықтығымен, зеректігімен көзге түседі. Содан он үш-он төрт жасынан-ақ еңбекке араласып, ауылда есепші болып қызмет атқарады.
Осылай жетілген оның майдан жолдарынан өтіп, елдің соғыстан кейінгі тіршілігін қалпына келтіруге қосқан үлесі аз емес.
…Уақытта тоқтам жоқ. Әмірадин Ізімбетовтің өмірден өткеніне де алпыс жылдың жүзі болыпты. Былай қарағанда бір адамның ғұмыры ғой. Сондықтан да болар, ол кісі туралы көптеген деректерді іздестіріп табу оңайға соққан жоқ. Бұл ретте бізге Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұргүл Аманғалиева көп көмегін тигізді. Қазіргі уақытта ол басқаратын ұжым өңірден шыққан майдангерлер өмірін кеңінен насихаттап, көрмелер ұйымдастырып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай көптеген игілікті қызметтер атқаруда.
Әкелері сырқаттанып жүрген бір сәтінде балаларына: «Мен сендерге көп мұра қалдырғаным жоқ. Бірақ айтарым — адам болыңдар, еңбек етіңдер, өздеріңді де, өзгелерді де сыйлаңдар!» — деп ақылын айтқан екен. Осы сөз оның ұрпағына қалдырған аманаты іспетті еді.
Сол аманат, шүкір, бүгінде орындалған сияқты. Ізімбетовтер әулеті көктеп, көгеріп, жапырағын жайып келеді.
Әмірадин Ізімбетов сияқты ел қорғаған майдангердің рухы ырза болсын дейміз…
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



