Жеңіс

Менің әкем — майдангер

Әкем Жұмағұл Хакимов 1905 жылы 7 мамырда Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген. Қарапайым, бірақ жан-жақты адам еді. Үш сыныптық білім алғанымен, өмір жолы оған біліктілік пен қайсарлықты үйретті. Жас кезінен еңбекке араласып, алға ұмтылуға тырысқанын айтып отыратын.

1937 жылы өмірі жаңа бетбұрыс алды: ол Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласына қоныс аударып, теміржол саласына жұмысқа орналасады. Қандыағаштан Мақатқа дейінгі теміржол құрылысына атсалысып, үлкен еңбек жолының алғашқы қадамдарын жасады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда әкем 427-атқыштар полкінің құрамында мерген ретінде майданға аттанған. Қатал соғыс жылдарында ол көптеген шайқастарға қатысқан. Соның ішінде Беларус майданының Сычевка түбіндегі ұрысынан бастап, Смоленск түбіндегі ауыр жарақат алғанға дейінгі жолы — шынайы батырлықтың, ерліктің белгісі.

Әкем үш рет ауыр жарақат алған. Бірінші рет Сычевка түбіндегі шайқаста жарақаттанып, кейін Смоленск түбінде тағы да жараланыпты. Ал үшінші рет Беларус майданының Осинторф қалашығы маңындағы ұрыста қатты жарақат алып, ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болды. Кейін әкеме ІІ топтағы мүгедектік тағайындалды. Майдангер әкем соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және көптеген медальдармен марапатталды.

Елге келген соң, әкем жеңіл жұмыстарға кірісті, кейін буфетте, жүн және тері жинау саласында еңбек етіп, өзінің табандылығы мен жігерін тағы да көрсетті.

Әкем Жұмағұл 1985 жылы 15 маусымда өмірден озды. Ол тек майдангер ғана емес, сондай-ақ елге сыйлы, өнегелі ақсақал болды. Менің әкем өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен айналасына үлгі боларлық адам еді. Артында қалған ұрпақтары мен жақындары оның есімін мәңгілікке есінде сақтайды. Әкеміз маған және алты қызына, сондай-ақ 2 немересі, 8 шөбересі және 21 жиені үшін өмір бойы үлгі болмақ.

Мен әкемнің ерлігі мен өмірін мақтан тұтамын. Ол мен үшін тек әке емес, сондай-ақ  айналасына қамқор, еліне жанашыр патриот, нағыз батыр адам болып қалды. Әкемнің ерлігі мен ақыл-кеңестерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу — біздің міндетіміз деп білемін.

Қуандық ХАКИМОВ,
Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button