Атаммен мақтанамын

Менің атам — Жұмабай Күмісбаев. Ол — Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ жауынгерлерінің бірі. Атам 1910 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келген. Бейбіт күннің қарапайым еңбек адамы еді.1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, елге 1946 жылы аман-есен оралады.
Бала күнімізде атамыздың соғыс жайлы көп әңгіме қозғамауына қарап, оның жүрегінде сол жылдардың жарасы әлі жазылмағанын сезетінбіз. Сұрапыл соғысты басынан өткерген басқа майдангерлер секілді, ол да сол бір зұлмат жылдарды еске алғысы келмейтін. Тек анда-санда, мен мазалап сұрағанымда ғана қысқа да болса сыр шертетін.
Бала күнімде, 8-9 жас шамасында болсам керек: «Ата, сен соғысқансың ба? Немістерді көрдің бе?» деген сұрақтарды жаудырып, атамның мазасын алатынмын. Сол бір сәттер мен үшін қазір алтыннан да қымбат. Себебі бүгінде атамның әрбір айтқан сөзі менің жадымда мәңгілік естелікке айналды.
Атам бір жолы маған былай деп еді:
«Айналайын, балам, мен бес жыл соғыстың бел ортасында болдым. Біз теміржолдарды жөндеумен айналыстық. Немістер бомбылап кеткен аймақтардағы рельстерді қайта салып, пойыздардың жүруін қамтамасыз еттік. Соғыс 1945 жылы аяқталды, бірақ мен Венгрияның астанасы Будапештке дейін барып, елге 1946 жылы ғана оралдым…»
Бұл әңгіме жадымда мәңгіге жатталып қалды. Атамның кеудесінде жарқыраған медальдар әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Әжем кейде соларды маған ұстатып, жақыннан көруге мүмкіндік беретін. Бала болғасын, олардың тарихи салмағын ұғына қоймаған екенмін… Өкінішке қарай, сол медальдар қазір қолымда жоқ. Жоғалтып алғаныма кейін қатты қынжылдым.
Биыл — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Осы бір тарихи күн жақындаған сайын жүрегім алабұртып, атамды жиі еске аламын. Сәуір айының басында атамның ескі суреттерін іздей бастадым. Содан кейін туған-туыстар мен жақындарға хабарласып: «Атамның суреті бар ма?» деп сұрай бердім. Іздеу мен естеліктерге толы күндер осылай өте берді.
…Кенеттен бір ой келіп, ұялы телефонымды қолыма алдым да, интернетке кірдім. Google-ге «Участники Великой Отечественной войны» деп жазғаным сол еді, «Память народа» атты ресми сайт ашылды. Ашылған терезеге атамның аты-жөнін жазып, туған жылы мен әскери комиссариаттың орналасқан жерін тердім. Бір сәтте архивтік құжаттар пайда болды. Көзіме еріксіз жас келді.Онда былай деп жазылыпты:
«Кумысбаев Жумобай. Красноармеец. 20 отдельный эксплуатационный железнодорожный полк. Награжден медалью «За взятие Будапешта».
Медаль нөмірі: А №183461. Бұйрық: №0163 20.03.1946 ж.
Бұл Будапештке дейін барғанын өзі айтқан атамның сөзі ғой. «Иә, бұл — менің атам» деп қуанғанымды-ай. Архив дерегі мен атамның балалық шағымда айтқан әңгімесі дәлме-дәл келді! Бұл — жай ғана дерек емес, нағыз тарихи дерек. Бір түнде өз атам туралы осындай мәлімет тауып алғаныма сенбей, бірнеше мәрте қайталап оқыдым. Бәлкім, бұл жай ғана сәйкестік емес. Уақыт өте келе ұмыт қалған тарихтың өзі қайта сөйлеп, ұрпағына үн қатқандай әсер қалдырды.
Атам соғыстан аман оралған соң, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде одан тараған немерелерден шөбере, шөпшек өсіп-өніп келеді.
Бүгінгі тіршілік— сол бір жан алып, жан берген күндердің өтеуі. Біз аталар аманаттаған бейбіт өмірді қадірлеп, олардың есімін ұлықтап өтуге тиіспіз.
Қуанышбай КҮМІСБАЕВ,
Ақтөбе қаласы.



