Брестке дейінгі жол


Балымбет Ағыбаев — өз заманында сол кезеңдердің талай қиыншылықтарын бастан өткерген, өз заманының өткелдерінен мойымай өткен рухы биік жан. Ол кісіні Ақтөбенің алдыңғы буын зиялы қауымы жақсы білетін. Өткеннің өнегесін шежіре етіп таратып, тағылымдық-тәлімдік әңгімелерімен айналасына таным сабақтарын беріп отыратын ақсақалдың кейінгі буынға қалдырған жәдігерлері аз емес.
Жас кезінен Ырғыз аудандық мемлекеттік еңбек жинақ кассасында бақылаушы-оқушы, аудандық оқу бөлімінде статистикалық хатшы қызметтерін атқарған ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Өзінің бірге өскен қатарластары Сәндібек Әлімбаев, Бақытжан Нағашыбаев, Шымғали Қолғанатовпен бірге, Қиыр Шығыстан бір-ақ шығады. Мұнда олар инженерлік әскер құрам қатарына алынып, теміржол, көпірлер салу, жөндеу жұмыстарымен айналысады.
Осы тұста жапон басқыншылары Кеңестер одағына қарсы әрекеттер жасап, бұлар ел қорғау шебіне тұрады.
1942 жылы Балымбет ата құрамындағы әскери бөлім батысқа аттанады. Сөйтіп, шілде айынан бастап олар бірінші Украина майданында генерал Николай Ватутиннің басшылығында соғысқа кіреді. Дон өзенінен бастап, Днепрді кесіп өтіп, Киев, Житомир, Львов, тағы басқа ірі елді мекендерді немістерден тазартады.
849-артиллериялық полктің атқышы, бөлімше командирі болған ол елге сержант шенімен өз қарамағындағы жауынгерлерді ерлікке жұмылдыра біледі.
Майданда жүріп оқ пен оттың ортасында партия қатарына қабылданды, коммунист деген ардақты атқа адал еңбегімен, жігерлі қимылымен ие болды.
Балымбет Ағыбаев Ленинград майданында көпұлтты құрама сапында талай шайқастарға қатысты. Ақырында Жеңіс күнін Брест түбінде қарсы алды.
Оның кеудесіндегі І дәрежелі Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары Балымбет атаның жорық жолдарындағы ерлігінің көрінісі.
1946 жылдың шілде айында елге оралған ол бірден қызу еңбекке араласады. Ырғыз ауданының Калинин атындағы, «Нұра» совхоздарында партия комитетінің хатшысы қызметін атқарады. Жайсаңбай ауылында «Қызыл отау» жетекшісі, одан кейін қазіргі Әйтеке би ауданының Сарыбұлақ ауылында клуб меңгерушісі болды. Тұрғындар арасында заман талабына сай ағартушылық-насихаттық жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізеді.
Балымбет ата соғыстан кейін Дүрия Шаймановамен отау құрып, алты бала өсіреді, олардан жиырма бір немере, екі шөбере көреді.
Балалары Күлән, Күлпан, Жақсылық, Ұлжан, Нияз және Айгүл майдангер әке ерлігін мақтан етіп өсті.
Жеңіс ТӨЛЕУОВ.



