28 минутқа созылған ерлік


Соғыс басталған жылы әкем Қуанышбай Жұбанов 35 жаста екен. 1941 жылдың шілде айында майданға шақырылып, Ақтөбе қаласында жасақталған 101-атқыштар бригадасының құрамына алыныпты.
1942-1943 жылдары 4-ші екпінді армияның сапында Калинин майданындағы ұрыстарға қатысқан. Ал 1943 жылдың сәуір айындаНовосібір қаласындағы Мичурин әскери-инженерлік училищесіне оқуға жіберілген. 1944 жылдың маусымында оқуын бітіріп, кіші лейтенант шенін алады.
1944-1945 жылдары 6-инженерлік танк армиясы құрамындағымото-инженерлік бригаданың взвод командирі ретінде майдан шебінің алдыңғы қатарында болды. Аталған бригаданың негізгі міндеті — шабуыл кезінде әскери ауыр техникалар мен жауынгерлердің өзен-сулардан кідірмей өтуі үшін көпірлер мен өткелдерді салу және қалпына келтіру болған.
1945 жылдың 31 наурызы күнгіұрыста ауыр жарақаттанған олЖеңіс хабарын госпитальда естіген.28 мамырда емделіп шыққанымен, армия қатарынан босатылмапты. Енді ол жаңадан құрылған Қиыр Байкал майданы сапында Қытайдың Маньчжурия өлкесін жапон басқыншылығынан азат етуге аттанды.
Майдандағы ерліктері үшін әкемҚуанышбай Сәрсенұлы«Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған және Жоғарғы басқолбасшы Сталиннің Алғыс хатын алған.
Сонымен қатар әкемнің майдандағы абыройы тылда жан аямай еңбек етіп жүрген туған-туысқа да айрықша қолдау болыпты. Атап айтқанда, Ырғыз аудандық «Колхозшы» газетінің 1943 жылы 23 ақпанда жарық көрген 16-санында мынадай хат жарияланған:
«Қымбатты ана!
Сіздің балаңыз Жұбанов Қуанышбай қасиетті Отанды қорғау жолында жанқиярлықпен күресіп жүр. Қуанышбай өзіне тапсырылған міндеттерді үздік орындап жүр. Командованиенің тапсырмасын бұлжытпай орындағаны үшін бірнеше рет алғыс алды. Қуанышбай майданда неміс оккупанттарын талқандау күресінде жанқиярлық еңбек етіп, өз Отанының адал ұлы екендігін көрсетті. Сондықтан Қуанышбай Ленин-Сталин партиясының қатарына алынды. Сонымен бірге Қуанышбай жақында «Отличник РККА» значогімен наградталды.
Құрметті ана, сізге Қуанышбай сияқты батыр, тәртіпті ұл тәрбиелеп өсіріп, қасиетті Отанын қорғауға аттандырғаныңызға рахмет айтамыз. Сіздің көп жасап, қуатты болуыңызға тілектеспіз. Және Қуанышбайдың өмірлік жолдасы (әйелі) Задаға, сондай-ақ Қызыл армияның семьяларының барлығына тылда жанаямай еңбек етіп, майданға көмектеседі деп сенеміз.
Жауынгерлік сәлем!
Командирдің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары Қоянов».
Бұл бригада командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасарының біздің әжемізге арнап жазған Алғыс хаты еді.
Әкем елге 1946 жылдың мамыр айында оралды. Соғыстан кейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. 1957 жылдың басында Ырғыз өңірінде 5-6кішігірім шаруашылықты біріктіру негізінде «Калинин» атындағы кеңшар құрылып, оны Қияс Сәрсенбаев басқарды. Ел азаматы кеңшарды 19 жыл басқарып, республика деңгейінде алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналдырды. Ол бірінші кезекте кадр мәселесіне зор көңіл бөліп, таңдаулы мамандарды іске тарта білді. Солардың қатарында менің әкем де болды. Әкем ұзақ жылдар бойы кеңшардың ферма меңгерушісі, зоотехник болып еңбек етіп, ауылдық кеңес депутатыретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты.1966 жылы зейнеттік демалысқа шығып, 1986 жылы 80 жасында дүниеден өтті.
Қазіргі ғаламтордағы деректерден әкемізге берілген «Қызыл жұлдыз» орденінің тарихымен танысудың да сәті түсті. Былай деп жазылыпты: «1945 жылдың наурыз айының аяғында 181-мото-инженерлік батальонның взвод командирі болған тұста, оған ұрыстың алдыңғы шебінде өзеннен өтетін көпір салу жұмыстарын ұйымдастыруға әскери тапсырма берілді. Жау үзіліссіз оқ жаудырып жатса да, сол оқтың астында 28 минут ішінде көпір салынып, әскери техника су кедергісінен арғы бетке жедел түрде толықтай өткізіліп, кеңес әскерлері шабуылда жеңіске жетті».
Әкеміздің осындай зор ерлік пен қажырлы еңбекке толы өмірі мен есімін ұмытпай, әрқашан қастерлеп еске алуды кейінгі ұрпағымызға өсиет етеміз.
Серік ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ,
Еңбек ардагері.



