Тарих

Ұмытылмауға тиіс тұлға

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін тың серпілістер кезеңі болды. Бұл кезең тарихи талаптарға жауап беруге дайын жаңа толқынды қалыптастырды.

1905-1906 жылдардағыІ орыс революциясынан кейін жер-жерде патшаға деген сенімсіздік пен күдік ұялаған тұста, осы толқынның бел ортасында жүрген қазақ жастарыныңәлеуметтік-саяси көзқарасы қалыптасып қойған болатын. Белгілі Алаш қайраткерлерін айтпағанның өзінде, қазақ даласының түкпір-түкпірінде жаңа заманның талабына жауап бере алатын оқыған қазақ азаматтары бой түзеп келе жатты. Солардың қатарында заң саласының қызметкеріНұртаза Бәйменшинде бар еді. Қарапайым ауыл баласы өзінің қарым-қабілеті мен іскерлігініңарқасында Қазақ КСР Жоғарғы сотының кеңесшісі лауазымына дейін көтерілді. Өкінішке қарай, осы қызметте жүрген кезінде,1937 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Нұртаза Бәйменшин 1882 жылы Темір уезі Темір-Орқаш болысының 5-ауылында дүниеге келген. Бүгінгі жер бөлінісі бойынша бұл — Темір ауданы Сарыкөл ауылдық округіне қарасты Қопа ауылы. Іргесі ақ құммен көмкерілген берекелі мекен. Аққұмның Қопаға жақынырақ тұсы батпақты, айналасы қамыс басқан қорысты болып келеді. Кіндігін малға байлаған жергілікті жұрт малға да, жанға да жайлы жерді Қопа деп атаған. Назар атаның үлкен баласы Бәйтөбеттен тарайтын Елібай ұрпақтарына осы тұс еншіге беріліп, қара шаңыраққа айналған екен.

Шежіреге сүйенсек,Елібайдың өзі соғыста өліп, артында Жетей, Ақжігіт атты ұлдары қалған. Осы Жетейдің кенжесі Ақшаның кіндігінен Бәйменше мен Бәйкөтен тарайды. Елібай атаның шаңырағын әуелі Ақша ұстап, кейін Бәйменшеге тиген. Сөзімен де, ісімен де елге жаққанБәйменшенің қонысын жұрт «Бәйменшенің Қопасы» деп атап кеткен. Кейін ол атау бірте-бірте ұмытылып, бүгінде жай ғана «Қопа» аталады.

Бәйменше өз заманында би атанып, елге сыйлы адам болған. Белгілі қаламгер Ғалым Ахмедов «Жем бойында» атты романында Бәйменше туралы дерек келтіреді. Кітапта 1855 жылдың 11 шілдесі күнгі оқиға баяндалған.Орынбордан Арыстан сұлтанға пакет апарған Рысмұхаммед шекара комиссиясына куә есебінде берген жауабында:«Сұлтанға сәлем беріп, пакетті тапсыруға барғанымда, жанында қабақ Нияз би, 57-ші дистанцияның начальнигі сұлтан Есалы Ғабдулмүкминов, сотник Бекмұрза Әлдиев, назардың биі Бәйменше Ақшин, шүрен руының бақылаушысының жіберген (аты аталмаған) адамдары отыр екен» — дейді.Міне, осы деректің өзі Бәйменшенің ел арасындағы беделін, назар руының атқамінері болғанын көрсетеді. Сонымен қатар Бәйменше ауылында молда ұстап, балалардың оқуы үшін жағдай жасаған. Осы мақсатта руы назар-кенегес бөліміне жататын Жалмағамбет молда жас балаларға араб әліпбиі бойынша хат танытты. Осындай игі істерге мұрындық болған Бәйменшенің артында Нұрмағамбет, Ділмағамбет атты екі ұл қалды. Қос ұлдың ішінде Нұрмағамбеті әкеден кейін атқа мініп, патша заманында болыс болған. 1917-1937 жылдардағы аумалы-төкпелі заманда қызметте болған Нұртаза Бәйменшин осы Нұрмағамбеттің шаңырағында дүниеге келген.

Нұртаза алғаш ауыл молдасынан білім алып,одан кейін Темірдегі 2кластық училищеде оқыған. Бұл училищені 1900 жылы тәмамдап, әрі қарай оқуын Орынбордағымұғалімдер мектебінде жалғастырды. Бірақ отбасы жағдайына байланысты 1-кластан соң шығып кетіп, ауылға кітап, газеттер алдырыпбілімін өз бетіменжалғастырған.

Алғашқы еңбек жолын 1903 жылы Темір уездік съезінде шаруа бастығының хатшысы ретінде бастап, кейін тіркеуші, есепші болды. 1913 жылдың желтоқсанынан 1914 жылдың қыркүйегіне дейінТемір уездік басқармасының аудармашысы болған. Аудармашылықпен алғашында ауызша түрде, кейін жазбаша айналысты. Одан соң бірер жылауылда мұғалім болып еңбек етті. 1916 жылдың күзінен бастап, екі жылдай Темір уездік съезінде хатшы болған. Жалпы, өмірбаянына үңілсек, 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін қоғамдық-саяси бағыттағы жұмыстарға көп араласа қоймаған.Ал ақпан төңкерісінен соң біртіндеп саяси істерге тартыла бастайды. 1917 жылы көктемде Темір уездік азаматтық қоғамының мүшесі болып сайланды. 1918 қыркүйекте Темір уездік земство мүшесі, медицина бөлімінің меңгерушісі болды. 1919 жылдың басынан 1921 жылдың мамыр айына дейін Темір уездік атқару комитетінің мүшесі, әділет және қаржы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Одан әрі Ақтөбе губерниясының құрылуына байланысты әкімшілік комиссияның мүшесі болды. Бір айдан кейін, 20 маусымда губерниялық атқару комитетінің және оның президиумының мүшесі болды. 1922 жылы өткен ІІ съезде губерниялық әлеуметтік-тәрбие органдарының бақылаушысы болып сайланды. Ал кеңестердің губерниялық ІІІ съезінде Темір атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. Қырғыз АКСР-і бірінші және екінші шақырылымындаАтқару комитетінің мүшелігіне де сайланды.

Осы жылдары партияның тапсырмасымен бірқатар істерді атқарды: 1920 жылы Темір-Орқаш болысында кеңестердің қайта сайлау жұмыстарын ұйымдастырып, өткізді; 1921 жылдың желтоқсан айында Шалқар,Ырғыз аудандарында губерниялық сайлау комитетінің атынан аудандық кеңестер съезін өткізді, т.б.

1923 жылдың наурызында Ақмола губерниялық комитетіне іссапарға жіберілген. Онда барған соң Ақмола губерниялық прокурорының көмекшісі етіп бекітілді. Бір жылдай осы жұмыста болып, сосын губерниялық атқару комитетінің ұсынуымен 1925 жылдың шілдесіне дейін Ақмола губерниялық сотының төрағасы болып қызмет етті. Одан кейінгі жылдарыҚарақалпақ облыстық сотының төрағасы; Ақтөбе губерниялық прокурорының көмекшісі, Қазақ АКСР Еңбек халық комиссариатының еңбекті қорғау бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен.

1926-1937 жылдар аралығында Қызылорда, Ақмола, Шығыс Қазақстаноблыстарында, сондай-ақ «Қазсовхозснаб» басқармасында қызметтер атқарды.

1937 жылдың мамыр айында ол Қазақ КСР Халық комиссариатының әкімшілік-қаржылық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Одан әрі Қазақ КСР Жоғарғы сотының кеңесшісіқызметіне ауыстырылып, жоғарыда айтқанымыздай, көп ұзамай қуғын-сүргінге ұшырады.

Ол өзінің саяси қызметте жүрген уақытында Темір өңіріндеалдымен уездік земство, одан соң Алаш билігі мен кеңес үкіметін орнату жылдарында белсенділік танытты. Темірде кеңес үкіметін орнатуға атсалысқан М.Ряхов алғашында оның социал-демократтар жағында болып, 1919 жылы ВКП (б) қатарына өткенін атап көрсетіпті. Тарихи оқиғалармен салыстыра қарайтын болсақ, бұл А.Байтұрсыновтың большевиктермен келісімге келіп, елде Қазревкомның, яғни кеңес билігінің орнайтын уақытына сәйкес келеді. Бәйменшинде осы кезде бұрынғы көзқарасынан бас тартып, партия қатарына өткені түсінікті.Ал оның алдында Темір уезіндегі кеңес үкіметін қолдаушылардың қатарында аты аталмайды.Тиісінше, 1926 жылғы «Назар-Жекей» деген атпен белгілі жалалы істеалаштық көзқарастағы адамдардың қатарына қосады. Бәйменшиннің 1917-1920 жылдардағы қызметі уездегі қым-қиғаш саяси оқиғалармен қатар өрбуі — заңды құбылыс.

Нұртаза өзінің қолымен жазған өмірбаянында «қарапайым шаруаның баласымын» деп көрсеткен. Сол кездегі саяси жағдайға байланысты би, болыстың отбасында дүниеге келген талай адам шыққан тегін көрсетпеуге тырысқан. Сондықтан бүгінгі зерттеушілердің архив деректерінде тұрған мәліметтерді шынайы деректермен салыстыра отырып зерделеуіне тура келеді. Оған қоса «Назар-Жекей» ісіне қатысты деректерде оның аты жиі айтылады. Содан болса керек, өмірбаянында1926-1930 жылдар аралығындағы кезең көмескі беріледі. Осы істен соң оған біраз уақыт заң саласынан кетуге тура келеді де, кейін Ұзақбай Құлымбетовтің қолдауына сүйеніп жауапты қызметтерге қайта оралған.

Нұртаза Бәйменшин өмірбаянында өзінің 10 бауыры бар екенін көрсетіпті. Шежіреге сәйкес Нұрмағамбеттен Ержан, Нұртаза, Әбділдә, Әпеқазы, Хамза туған. Сірә, өзгесі қыз балалар болып, шежіреге енбесе керек. Нұрмағамбеттің бауырыДілмағамбеттен екі ұл тараған: Оқап пен Мәннәп. Оқаптың өзі қуғын-сүргін жылдары он жылға сотталып, кейін елге келіп мұғалім болды. Ол кісі 1973 жылы өмірден озған.

Нұртазаның отбасына келер болсақ, өмірлік серігі — Рабиға Тәжбенқызы. 1908 жылы дүниеге келген. Екеуі 1926 жылы шаңырақ көтереді.

Нұртазаның оған дейін де отбасы болған, бірақ біріншізайыбының Қызылорда жақта дүние салғанынан басқа ол некеге қатысты еш дерек жоқ. Рабиға Тәжбенқызы«қойшыға шыққанша, қызметкерге шығам» деп, Нұртазамен Қызылордаға бірге кеткен. Екеуітөрт перзент сүйген. Тұңғышы Ескендір кішкентай кезінде шетінеген. Одан кейін Роза, Клара есімді қыздар мен Қазбек есімді ұл дүниеге келеді. Клара 5-6 жасындаТемірде қайтыс болыпты, ал Қазбек бір жасында шетінеген. Тек Роза апай ғана бүгінге дейін жетіп, саяси қайраткер Бәйменшиннің соңғы тұяғы ретінде естеліктерін айтып, ізденіп жүр.Естелігінде әкесінің Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов, Ұзақбай Құлымбетовтермен жақсы дос болғанын айтып отырады. Әкесі 1937 жылдың 4 желтоқсанында ұсталған. Сол күнненбастап Бәйменшиннің отбасы қайда барса да,«халық жауының отбасы» деген түртпектен құтыла алмапты. Үй-күйсіз Алматының көшесінде қалады.Бір орысәйелігазеттен жұмысқа адам іздеген хабар көрсе, қағазға арызын өзі жазып беріп, Рәбиғаға жөн сілтейді екен. Бірақ қайда барса да«фамилияң халық жауының әйелдерінің тізімінде бар» деп жұмысқа алмапты. Осы қиын уақыттан олартемірлік азамат Нұраш Қалменовтің көмегімен ғана аман шыққан. Бұл кісі Нұртазаға күйеубала екен. «Нұртазадан артық емеспіз, ұстаса ұстай берсін» — деп, қолынан келген көмегін аямапты.

Жолдасы ұсталған соң Рәбиға апай бір жылға дейін түрмеге тамақ тасып жүріпті. Кейін сол жердегі күзетші қазақ оған жолдасының атылғанын, енді келудің қажеті жоқ екенінсыбырлап жеткізеді. Содан соң екі қызын ертіп елге оралады. Апасы Динамен бірге Темір қаласында моншаның бір бөлмесіне уақытша тұрып, кейін қаланың шетіндегі бір үйге ауысады. Сәтін салғанда, Рәбиға апайасханаға жұмысқа орналасыпты. Өзі жұмыс жасайтын асханадан қалған тамақты ұзын қолғапқа салыптаси жүріп,балаларын аштықтан аман алып қалады. 8 наурыз мерекесіне орай анасы марапатқа ұсынылыпты. Бірақ осы тұстакәсіподақ басшысы: «Халық жауының әйеліне марапат беруге болмайды», — деп дау шығарады. «Халық жауының отбасы» деген жала тағы алдынан шыққан соң, қайтадан Алматыға кетуге мәжбүр болады. Ол жақтағы апасы Мұғабияның үйін паналап, тігін фабрикасына жұмысқа орналасады. Алайда 1940 жылыТемірге қайта оралады. «Қалмаққырған» колхозында Нұртазаның туған қарындасы тұрады екен. Күйеуі Қырымкерей сол уақытта мектеп директоры болатын. Артынша соғыс та басталып, тылда еңбек етті. Ол кезде төрт баласынан тек Роза апамыз ғана тірі қалған еді. Құйттайынанөмірдің талай қиындығын көрген Роза еті тірі болып өсті.16 жасында аудандық қаржы бөліміне жұмысқа орналасты. Ол кезде бөлім басшысы баяғы Оқап ағасының оқушысы еді. Жұмысқа тұруына сол кісі жәрдем беріпті. Осылайша қиын күндер артта қалды…

Роза апамыз кейінірек өмірлік серігі Ниетжан Тәжікеновпен бас қосты.Екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Шешесі Рабиғаны өзімен бірге ала жүріп,ол қалған өмірін жиен немерелерінің ортасында өткізді. Өмірдің талай тауқыметін көрген қарт ана күйеубаласы мен қызының қолынан ақтық сапарына аттанды. Бүгінде Роза апаның өзі де 90-нан асып, бес баласы мен олардан өрбігеннемере, шөберелерінің ортасында ақ жаулығын кір шалмай отыр.

1937-1938 жылдардың ызғарына ұшыраған бір отбасының тағдыры осындай. Келешекте сол бір азалы жылдардың жаңғырығын жекелеген адамдардың, отбасылардың тағдырымен байланыстыра зерттесе, талай ақтаңдақтардың ақиқаты ашылған болар еді.

Жұбаныш РАЙЫМБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button