Мәдениет

«Әлия» мюзиклінің тұсаукесері өтті

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында «Әлия» мюзиклінің тұсаукесері аншлагпен өтті. Көрермен залға лық толып, тарихи қойылымды жылы қабылдады.

Жаңа мюзикл-спектакль қазақ халқының қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың өмір жолына арналған. Қойылым оның тағдырлы балалық шағы, әскери өмірі мен майдандағы ерлігі туралы сыр шертеді. Спектакль премьерасы батыр қыздың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Қойылымды Astana Musical мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі, танымал режиссер Есләм Нұртазин жүзеге асырды. Спектакльде тарихи-биографиялық оқиғалар драмалық тартыстармен, әсерлі диалогтармен және жанды музыкалық көріністермен өрілді.

«Әлия» — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігін баяндайтын тарихи-музыкалық пьеса. Шығармада оның қиын балалық шағы, ер- азаматтармен қатар соғысқа аттанып, Отан үшін жанын қиған ерлігі бейнеленеді. Әлияның қайсарлығы мен елге деген сүйіспеншілігі көркемдік тұрғыда терең ашылады,— деді Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрдыңкөркемдік жетекшісі Бағдат Телеуғалиев.

Мюзикл соғыс кезіндегі қақтығыстар мен шайқастарды хореография арқылы жеткізумен ерекшеленді. Әрбір көрініс музыкамен және би қимылдарымен үйлесіп, көрерменге зор әсер қалдырды. Қойылымға қатысқан Ахтанов театрының актерлік құрамы үшін пьеса арнайы жазылған.

«Әлия» мюзиклі ел тарихындағы ерлік пен отаншылдықты дәріптейтін, жас ұрпаққа үлгі боларлық маңызды туынды ретінде бағалануда.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button