Мәдениет

«Әлия гүлі» — ұлттық би өнеріміздің мақтанышы

Ақтөбедегі «Әлия гүлі» халықтық би ансамблі тек елімізде емес, сырт мемлекеттерде де Қазақстанның абыройын асқақтатып жүр.

Ансамбльдің іргетасы жетпісінші жылдардың соңында қаланып, оның атауын мемлекет және қоғам қайраткері Ғизат Ибатов: «Батыр Әлияның ұрпағы гүлдей жайнай берсін»,  — деген ақ тілекпен қойған болатын.

Бүгінде ансамбльдің жаңарған құрамына да 27 жыл толды. Осы жылдар ішінде ұжым қазақ ұлттық би өнерін жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық биіміздің көркемдігі мен мазмұнын заманауи сахнаға лайықты етіп жеткізіп келеді.

Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі әрі балетмейстері Шолпан Айнабекова өз естелігінде былай дейді:

— «Әлия гүлі» ансамблін ең алғаш би өнерімен айналысып жүрген кезде таныдым. Мәскеуде өткен дүниежүзілік жастар фестивалінде, елімізде өткен түрлі байқауларда бұл ұжымға қызыға қарайтынмын. Қойылымдары терең мазмұнды, қазақ биінің сұлулығын, қимыл-қозғалыс үйлесімін, ұлттық дәстүріміздің байлығын көрсететін бірегей топ екенін байқадым. «Қандай ансамбль? Қандай билерді орындайды? Өнер деңгейі қандай?», — деген сұрақтар мені мазалайтын. Сонда байқағаным өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, қазақ биінің адам жанын баурап алатын әсемдігі мен әдемі қимыл-қозғалысын, салт-дәстүріміздің байлығын паш ететін бірегей ұжым екен. Бірақ осы ұжымның шеберліктерінің өрістеуіне, шетел сахналарында өнер көрсетіп, тәжірибе жинауына, шығармашылық шыңдалуы жолында еңбек етемін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Жеке өзің өнер көрсету — бір басқа, ұжымды басқару — бір басқа.

Бүгінде Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі мәдениет және саз бөлімінің хореография мамандығының білім алушылары мен оқытушылар құрамы қалалық мәдениет сарайының «Әлия гүлі» ансамблімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Бұл серіктестік оқушылар үшін тәжірибе алаңы, болашақ би жетекшілерін кәсіби тұрғыда шыңдайтын шеберхана іспеттес. Ұжымның ұлағатты ұстазы, өз ісінің шебері  Шолпан Кәрімқызының бұл бағыттағы еңбегі зор. Әлия Молдағұлованың есімін иеленген бұл ансамбль ерлік пен намыстың, өнер мен ұлттық рухтың символы ретінде биікке самғай бермек.

 

Гуля ЕСМАҚАНОВА,

Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің

арнайы пән оқытушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button