Мереке

Бірлікке үндеген фестиваль

Авиатор саябағында қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Бірлік» фестивалі өтті. Оған түрлі этнос өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Бұл іс-шара түрлі ұлт өкілдерінің достығы мен татулығын дәріптеуге бағытталды. — Фестиваль еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың татулығын, өзара сыйластық пен ынтымақты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Бұл — көпұлтты Қазақстан халқының достығы мен бейбіт өмірін айшықтайтын ерекше күн. Мерекеде жастардың қатысуымен экологиялық акция ұйымдастырылып, көшет егілді. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихына шолу жасап, ата-бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Мұндай мерекелер тұсында осындай ақпараттық-насихаттау іс-шаралары күндегіден әлдеқайда көбірек өткізілуге тиіс, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Еркебұлан Жақсылықов. Концерттік бағдарлама барысында арт-терапия ұйымдастырылып, балалар еркін тақырыпта сурет салды. Бір топ өнерпаз қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Олардың қатарында Есенбай Досжан, Эрик Ибрагимов, Бағлан Байқараев, Ақтоты Нетуллина, күйші Әлібек Ынтығали және «Стимул плюс» жастар клубының мүшелері мен «Лезгинка лайв» би орталығының балғын бишілері де бар.
Фестивальге жиналғандарды мерекемен құттықтаған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нарқозы Қартжан бұл күннің маңыздылығына тоқталды.
— Біздің күшіміз — бірлікте. Мызғымас татулығымыздың арқасында егеменді ел болдық. Тәуелсіз еліміз әлемдегі дамыған елдердің қатарынан көрінді. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті күн кешуде. Бүгінде университетімізде 35 ұлт өкілі білім алып жатыр. Олар — университет жанынан ашылған «Достық» студенттік ұйымының белді мүшелері. Жақында ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді дәріптеуге бағытталған «Достық» фестивалі өтті. Оған әр факультеттің білім алушылары қатысты. Студенттер испан, орыс, өзбек, корей, грузин, үнді және сыған халықтарының билерін орындап, қытай ұлтының дәстүрлі шай беру рәсімін сахналады. Фестиваль аясында ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, ән-бимен өрнектелген сахналық көріністер көрермен назарына ұсынылды, — дейді ол.
Іс-шара барысында кеш жүргізушісі Асланбек Иманалин көрермендерге Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына қатысты сұрақтар қойып, белсенділік танытқандарға қалалық жастар ресурстық орталығы дайындаған кәдесыйларды таратты.
Мерекелік кешке қатысқандар арасында көпұлтты отбасыларды да кездестірдік. Солардың бірі — қала тұрғыны Эрик Ибрагимов. Ол фестивальге балаларын және зайыбын ерте келген.
— Бұл күннің мен үшін маңызы зор. Себебі біз алты жыл бұрын Бірлік мерекесі қарсаңында отбасын құрдық. Сол күні неке қиюшылар көп болғандықтан, 4 мамыр күні некемізді қидық. Бүгінде бір қыз, бір ұлым бар. Отбасымда түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүруде. Әкем — қазақ, анам — орыс, зайыбым — армян. Бақытты өмір сүру ұлтқа қарамайды. Бірлігі жарасқан отбасыммен бірге фестивальге келіп, концерттік бағдарламаны тамашаладық. Менде сүйікті көрермендеріме арнап «Қазақстан» әнін орындадым. Елімізде соғыс болмасын! Өскелең ұрпақ бейбіт өмірде күн кешсе, соның өзі зор бақыт емес пе?! Сондықтан бейбіт өмірдің қадірін түсініп, түрлі қақтығыстардың орын алуына жол бермеуіміз керек. Қазақстанымыз алпауыт мемлекетке айналарына сенемін, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button