Білім

Биыл облыста 10 481 түлек мектеп бітіреді

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде таяуда қорытындыланатын оқу жылы мен мектеп бітіруші түлектерге арналған мемлекеттік емтихандарды өткізу мәселесі талқыланды. 

Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, биыл 11-сыныпты 10 481 түлек тәмамдайды, ал 15 721 оқушы 9-сыныпты, яғни негізгі мектепті аяқтайды. Олардың кейбіреуі оқуын жалғастырса, бірқатары колледждерге құжат тапсырады.

Биыл оқу жылы жылдағы дәстүрмен 34 аптаға созылды және мектеп оқушыларының көпшілігі үшін соңғы қоңырау 23 мамырда соғылады. Бұл күні барлық білім ошағында «Білімім—Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. Оқушыларға «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтары туралы айтылып, жазғы каникул кезінде оқуға арналған әдебиеттер тізімі ұсынылады, үйірмелер мен секциялардағы қауіпсіз мінез-құлық, еңбек пен белсенділіктің пайдасы туралы мағлұмат беріледі.

Алдын ала деректер бойынша үздік аттестатқа 9-сыныптың 1564 оқушысы және 11-сыныптың  679 оқушысы үміткер. Ал «Алтын белгіге» 641 түлек үміткер болып отыр. Облыстың бас педагогі өңірде жыл сайын «Алтын белгі» алушылардың саны артып келе жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, биыл 29 мамырдан 10 маусымға дейін 9-сынып оқушылары үшін емтихандар өтеді. Олар 4 емтихан тапсыруы қажет: алгебра (29 мамыр), ана тілі (2 маусым), таңдау пәні (5 маусым), қазақ немесе орыс тілі мен әдебиеті (10 маусым).

11-сынып түлектері 30 мамырдан 16 маусымға дейін емтихан тапсырады. 30 мамыр — Қазақстан тарихы (ауызша); 4 маусым — алгебра; 9 маусым — ана тілі; 12 маусым — таңдау пәні; 16 маусым — қазақ немесе орыс тілі мен әдебиеті.

Барлық емтихан таңғы сағат 9.00-де басталып, бір ауысымда өткізіледі. Аттестаттарды тапсыру 18-20 маусым аралығында өтеді.

5-8 және 10-сынып оқушылары 26-30 мамыр аралығында қазақ тілі пәнінен аралық емтихан тапсырады. Бұл — білім деңгейін бағалаудың екінші тәжірибесі.

Асхат Шахаров қорытынды аттестаттауды өткізу кезінде ашықтыққа жіті мән беруді тапсырды. Қорытынды аттестаттауды ұйымдастыруда объективтілікті қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ бітіруші сыныптар үшін мемлекеттік емтихандарды тиісті деңгейде өткізуді қадап тапсырды.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button