Жеңіс

Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Жұбанов RUN» марафоны өтті

Ақтөбе қаласындағы Триатлон паркінде Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған «Жұбанов RUN» марафоны ұйымдастырылды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұйтқы болуымен өткізілілген іс-шараның мақсаты – Әлия Молдағұлованың ерлігі мен есімін дәріптеу арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық рухын, ерік-жігерін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайту.
Марафонға 18 жастан асқан азаматтар қатысып, 2,5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Марафонға тіркелген қатысушылардың алдын ала денсаулығы тексеріліп, әрқайсысына жеке старттық нөмір берілді.
Марафонның салтанатты ашылуында сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы іс-шараның маңызды екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі:
— Екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан бұл марафон жастарды отанды, елді сүюге тәрбиелей отырып, бірлік пен өзара ынтымақтастықты арттырады деп сенеміз.
Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Іс-араны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен серіктестерімізге – Ақтөбе ферроқорытпа зауытына, “Казхром” компаниясына, әскери курсанттарға, облыстық спорт департаментіне және басқа да қолдау білдірген мекемелерге ризашылығымызды білдіреміз.
Жастардың рухы да, денсаулығы да мықты болуы қажет, сондықтан жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Бұл орайда жастарға Жұбанов университеті барынша қолдау көрсетіп келеді, – деді Р.Бекназаров.
Ұйымдастырушылардың бірі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ӘМжЖС департаментінің директоры Нарқозы Қартжан марафонның ауқымының жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын айтады:
— Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған марафонға Қостанай, Алматы, Қандыағаш, Қарағанды қалаларынан да қатысушылар тіркелді. Жалпы 650-ден астам адам қатысуға ниет білдірді. Бұл іс-шара арқылы жастар арасында спортты насихаттау мен салауатты өмір салтын трендке айналдырсақ дейміз, – деді ол.
Нарқозы Қартжанның айтуынша, бұл марафонға Жұбанов университеті жастарымен бірге облыстағы мектеп мұғалімдері, әскери институт, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ түрлі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері де белсенді қатысты. Сонымен қатар Гана, Кения, Үндістан елдерінен келген шетелдік студенттер де қатысты. Солардың бірі – Үндістаннан білім алуға келген Жұбанов университетінің шетел тілдері факультеті Шетел филологиясы мамандығының 1-курс студенті Yadav Sonu.
⁃ Бұл марафонға қатысуға мүмкіндік берілгені мен үшін зор мәртебе. Белгілі бір тақырыпқа арналған мұндай іс-шаралар қазақ елінің тарихымен тереңірек танысуға, сонымен бірге жастар арасындағы бірлік пен достықты арттыруға көмектеседі, – дейді ол.
Ал Heriot-Watt University халықаралық кампусының «Мұнай инженериясы және энергия менеджменті» мамандығы бойынша 2-курс студенті Аида Кадын марафонға биыл алғаш рет қатысып отыр екен:
⁃ Биылғы марафонға қатысушы ғана емес, ұйымдастырушылардың бірі ретінде де атсалысып жатырмын. Іс-шараға Жұбанов университетінен 300-ге жуық студент тіркелді, – дейді ол.
Марафонға өңірдегі кәсіпкерлердің жас қызметкерлері де келіпті. Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкері Райгүл Телжанқызы марафонға әріптестерін ерте келген.
— Хромтаудан арнайы келдік. Комбинаттағы 18-35 жас аралығындағылардың басын қосатын “Жастар лигасынан” төрт адам болып қатысып жатырмыз. Осы Триатлон паркінде өткізілетін марафондарға үшінші рет келіп отырмын, – дейді Р.Телжанқызы.
Марафон барысында жастар әдемі музыканың сүйемелдеуімен бірге фитнес жаттығуларын жасап, қызықты лотерея ойындарына қатысты. Марафон соңында жеңімпаздар дипломдармен, медальдармен марапатталды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button