Нағыз ерліктің үлгісі


Қазақстан халық партиясының облыстық филиалы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Ерлікпен өрілген тағдыр» атты еске алу кешін өткізді. Шараға Қазақстан халық партиясы орталық аппаратының ұйымдастыру бөлімінің маманы Гүлдарина Нұрмұханқызы және ҚХР Ақтөбедегі бас консулы елшісі Го Юй қатысты.

Шараға қатысушылар әуелі Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Батырдың көзсіз ерлігі насихатталып, тарихи деректер айтылды. Оның сіңлісі Тәжен Нұрмұханбетқызы сөз сөйлеп, батыр апасының рухына тағзым етті. Қаһарман қыздың туыстары студенттерге Әлия Молдағұлованың балалық шағы жайлы әңгімелеп берді.
— Осындай іс-шаралар жастарға патриоттық тәрбие береді. Жастар Әлия Молдағұлова сияқты батыл, батыр, қайсар болып өсіп, Отанын қорғайды деп үміттенемін. Әлия Молдағұлованың өзін көрмесем де, батыр апаммен мақтанамын. Оның ерлігі ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа насихатталуы керек. Әлия апамыз бала кезінде анасынан айырылса да, тағдырдың сынағына төтеп берді. Қолына қару алып, майданға аттанды. Бұл — нағыз ерліктің үлгісі, — деді Т.Нұрмұханбетқызы.
Еске алу кешінде Әлия Молдағұловаға арналған өңірдегі алғашқы коммикс пен сайттың таныстырылымы өтті. Коммикске батырдың балалық шағынан бастап, соғыста көрсеткен ерлігіне дейін толық өмірбаяны мен тарихи деректер жинақталған.
Қазақстан халық партиясының әйелдер қанатының төрағасы Гүлбахша Мұсабаева және партияның облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Құрманғазин сөз сөйлеп, шараның мән-маңызына тоқталды.
— Әлия Молдағұлова — ерлік пен батырлықтың символы. Оның ерлігі отансүйгіштікке шақырады. Ол — бүгінгі күні де бізге рух беріп, үлгі болатын тұлға. Батырдың өмір жолына үңілсек, туған жерге деген шексіз махаббатты, көзсіз ерлікті, батылдықты, батырлықты байқауға болады. Әлия — қиын-қыстау кезде де мықты болу керектігін, туған жерге адалдықтың құндылығын көрсететін жарқын үлгі. Біз батырларды ұмытпай, жас ұрпаққа насихаттауымыз керек. Сондықтан партия «Мәдени мұра» жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба аясында тақырыптық кештер, көрмелер, конференциялар өткізіледі, — дейді Г.Мұсабаева.
Еске алу кешінде «Әлия Молдағұлова — қазақтың қаһарман қызы» тақырыбында ұйымдастырылған бейнеролик байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.
Қатысушылар Әлияның ерлігі мен тарихтағы өшпес ізін насихаттау мақсатында бейнероликтер түсіріп, жеке парақшаларында жариялаған. Аталған байқауға 100 адам қатысты. Жолданған бейнероликтердің арасынан жетеуі үздік деп танылып, I, II және III орындармен, номинациялармен марапатталды. Сондай-ақ жеңімпаздар ақшалай сыйақыға ие болды.
Өнерпаз жастар жырдан шашу шашып, ән шырқады. Тарихи деректерге көз жүгіртіп, батырдың хат жазып отырған көрінісін сахналады. Еске алу кеші «Әлия» әнімен қорытындыланды.
Аружан СМАҒҰЛОВА.



