Мереке

ТАТУЛЫҚ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ НЕГІЗІ

Ақтөбеде 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне және Ассамблеяның 30 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті.
«Триатлон» паркінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай республикалық «Бірлік» жарысы ұйымдастырылды. Мақсат — Қазақстан халқының бірлігін насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Іс-шараға Ассамблея мүшелері, жастар, еріктілер, спорт федерациялары мен клубтарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Барлығы 300-ден астам адам қамтылды. Жарыстың ашылуында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сергей Вишняк қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі. Бұдан соң қатысушылар бес шақырымға жүгірді. Жарыстың соңында барлық қатысушы медальдармен марапатталды.
Жарысқа қатысушылардың бірі — Нұртас Төлегенов.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқитын жас мұндай шараға бірінші рет қатысып тұрғанын айтты.
— Спорт факультетінде оқимын. Шаңғы спортымен шұғылданамын. Бірақ осындай іс-шараға бірінші рет қатысып отырмын. Ұйымдастырушыларға рақмет. Өте қызықты болды. Демалыс болса да қатысушылардың қарасы көп екен. Қатарластарыммен бес шақырымға жүгірдік. Суретке түсіп, мерекені көңілді өткізіп жатырмыз, — деді Нұртас.
Мерекелік іс-шара «Қазақстан халқына мың алғыс» стеласының жанында жалғасты. Онда отандық тауар өндірушілердің жәрмеңкесі, қолданбалы өнер көрмесі және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Мәселен, «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің өкілдері саз балшықтан жасалған ыдыс-аяқтарды көрмеге әкеліпті.
— Көрмеге қолдан жасалған бұйымдарды қойдық. Оның ішінде Болгариядан әкелінген экспонаттар бар. Саз балшықтан жасалып, бетіне өрнек салынған ыдыстар да келушілердің қызығушылығын тудырып жатыр. Жалпы, мерекелік көңіл күй өте тамаша, — деді бірлестік өкілі Ольга Маринова.
Ал «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің өкілдері өз туындыларын көрмеге қойыпты.
— Картина және көпшік, ойыншықтардың барлығы қолмен тігілген. Сондай-ақ неміс ұлтының ер-азаматтары киетін бас киім мен Германиядан келген естелік сыйлықтарды да көрмеге қойдық. Мұнда келушілердің қарасы көп, — деді бірлестік өкілі Валерия Кошелева.
Мерекелік іс-шарада жергілікті өнерпаздар ән шырқап, би биледі. «Сұңқар» вокалды ансамблі, «Коляда» халықтық-фольклорлық ансамблі және «Veilchen» халықтық хоры секілді өнер ұжымдары ән салды.
Қала тұрғындары концертті тамашалап, ерекше көңіл күймен тарқасты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button