Тағзым

Чернобыль құрбандарын еске алды

Биыл Украинадағы Чернобыль апатына 39 жыл толды. Өткен ғасырдағы ең ірі техногендік атом электр станциясында болған апатты жоюға Ақтөбе облысынан 2000 адам қатысқан.

Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагерлерді еске алуға арналған іс-шара

Тұрғындар қалашығы ауданында орналасқан «Чернобыль құрбандары» ескерткішінің алдында өтті. Митингті «Чернобыль мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері ұйымдастырды.

Іс-шараға Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагерлер, олардың жесірлері, сонымен қатар Мәртөк, Хромтау және Қобда аудандарынан келген балалары мен немерелері жиналды.

Митинг бір минут үнсіздікпен басталып, іс-шараға қатысушылар қорқынышты оқиғаның құрбандарын еске алды.

Митингке қатысқан облыстық және қалалық мәслихат депутаттары Айгүл Дүйсенова мен Диас Ілікбаев, Қарулы күштер ардагерлерінің облыстық кеңесінің төрағасы, полковник Қажымұқан Сәтенов және облыстық қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ерлан Рамазанов Чернобыль АЭС апатының тарихы мен ұрпаққа тигізген зардабы туралы айтты.

— Біз жаңа ұрпаққа адам өмірінің құндылығын жеке амбициялардан жоғары қоюды және өткеннің қателіктерінен сабақ алуды үйретеміз. Мыңдаған адам — апат жоюшылар, өрт сөндірушілер, әскерилер, дәрігерлер және басқалар миллиондаған бөгде адамдарды құтқару үшін өмірлерін қатерге тікті, кейбірі өмірін қиды. Олар құрметке және мәңгі есте сақтауға лайық,— деді Айгүл Дүйсенова.

«Чернобыль мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сатов бұл ұйымды 2008 жылдан бері басқарып келеді. Оның айтуынша, апатқа қатысқан екі мың ақтөбеліктің  бүгінде тек 170-і ғана тірі, олардың көпшілігі — мүгедектер. Чернобыль апатын жоюға қатысқандардың әлеуметтік статусы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген. Бақытжан Сатов жыл өткен сайын қатарластарының саны радиациялық аймақта болғанының салдарынан азайып жатқанын өкінішпен айтты. Оның айтуынша, биыл оларға тиесілі жәрдемақылар мен Жеңіс күніне орай бір реттік төлемдер беріледі. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай чернобыльдіктерге де төлем тағайындалған.

Іс-шара соңында украиналық «Оксана» экологиялық-мәдени бірлестігінің хоры «Чернобыль» әнін орындады. Митингке қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Бұдан соң «Чернобыль мүгедектері» қоғамдық бірлестігі «Жас отау» кафесінде еске алу асын берді.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button