Мереке

Елге сыйлы Валентина әже

Ұлты өзге болсада, жүрегі қазақ деп соққан кейуана Валентина Жаманованың Шалқар топырағына келін болып түскеніне тура 60 жыл болыпты. Ол — өткен ғасырдың алғашқы толқынында тағдыр иірімімен қазақтың байтақ жеріне қоныстанған неміс ұлтының ұрпағы. Дүние есігін ашқан жері — Алматы облысының Талдықорған өңірі. Жеті жасынан әке-шешеден айырылып, туған апаларының тәрбиесінде болған Валентина Васильевна Шалқар өлкесін «өсіп өнген ортам, қанатым кеңге жайылған ордалы өз жұртым» деп, әрдайым құрмет тұтып отырады.

Туған апасы Мильда 1961 жылы шалқарлық ұлты татар Равиль есімді жігітке тұрмысқа шығады. Валентина осы кезден апа-жездесінің қолында тәрбиеленіп, балдаурен шағын шұғылалы Шалқарда жалғастырады. Осындағы орта мектепте оқып, кейін кешкі медициналық курсқа қабылданып, мейірбике біліктілігін алады.

 —Жолдасым Бисенбай Жаманов уақытында ұзақ жыл қала халқының қажеттілігі мен тұрмысын түзеуге тікелей жауапты коммуналдық мекеме «Горкомхозда» жұмыс істеді. Мен1969 жылы Шалқар аудандық ауруханасына мейірбике болып жұмысқа орналасып,1994 жылы зейнет демалысына шыққанша ауданның денсаулық сақтау саласында табан аудармастан 25 жыл еңбек еттім. Осы салада қызмет ете жүріп, Шалқар жұртшылығымен етене байланысып, дертіне дауа іздеген талай жанның алғысын арқаладым. Өмір жолымда маған ешкім «ұлтыңбөлек» деп өгейсітіп қараған емес, қайта елге сіңген келін ретінде жақсы адамдардың  баталарын алдым,—дейді Валентина әжей.

Қазақ отбасының табалдырығын имене аттаған келін Валентина бастапқыда үй ішімен еркін тілдесуден қиналыпты. Өйткені ол Шалқарға келгенде бірде-бір қазақша сөз білмейтін бұрымды қыз еді. Орыс тілінде кең көсілетін жас келінді қайын атасы Сағынай мен енесі Үмігүлсім түсіністікпен қабылдап, салт-дәстүрге баулып, қазақы қалыпқа тәрбиелейді.

—Қазір неміс тілін де, орыс тілін де ұмыта бастадым. Төлқұжатымда ұлтым неміс деп көрсетілгені болмаса, бүгінде жан дүнием қазаққа айналып болды. Менің осы жасқа дейінгі жеке басымдағы қуанышым да, жұбанышым да қазақылықтың қаймағы бұзылмаған осы ортада өрілді. Келін болып түскен шаңырағым елге сыйлы әулет болды. Өзім қол қусырып, үйде бос отырғанды қаламаймын. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан соң да үйге қамалып отыруды жөн көрмей, аудан орталығындағы үлкен базардың шаруашылық ісіне жетекшілік етіп, 72 жасыма дейін тіршілік қамын күйттеген халықтың ортасында болдым.

Қазір қолымда кенже ұлым Жамбыл мен келінім Гүлжанатым бар. Балаларымның барлығын қазақы дәстүрмен құтты орындарына қондырып, өз алдарына отау болғанына куә болып отырмын. Қосағым Бисенбай 2000 жылы 52 жасында өмірден өтті. Ағайын-туыстың ортасында, әулет жүгін арқалап,  шаңырақ түтінінің түзу ұшуына тілекші болып, балаларымның тірегіне айналып отырған жайым бар, — дейді зейнеткер әже.

Валентина Васильевнаның жақын туыстары Алматы қаласында тұрады. Олармен қарым-қатынастары әлі күнге дейін берік. Ал арғы ата-бабалары Германия елінде. Бір кездері Еуропа елінен «Отанға оралсаң қайтеді?» деген ұсыныстар да болыпты. Валентина әжей: «Мен үшін Шалқарымнан асқан жайлы жер жоқ», — деп, бұндай ұсыныстарды қаперіне де алмаған екен. Себебі ол қазақ болып кеткен, ұлттық салт-дәстүрді бір кісідей біледі.

Биыл Наурыз мейрамында аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген танымдық іс-шарада Валентина әжей осында келін болып түскен жерлесі, талдықорғандық 89 жастағы Шәмшіқамар Жанаманова әже екеуі жүн түту, киіз басу, наурызкөже дайындаудың түрлі тәсілдері хақында жастарға ақыл-кеңестерін айтып, үлкендік өнегелерімен бөліскен сәттеріне біз де куә болғанбыз.

Валентина әжені көршілері өте еңбекқор, тындырымды кісі деп те құрметтейді. Ол көктем шығысымен ауладан бос орын қалдырмай, бау-бақша салып, жеміс-жидектерін баптап, гүл өсіріп, үй маңын жасыл желекке бөлейді.

Үйіне іргелес салынған Валентина әжейдің шағын шеберханасы бар екен. Көгілдір отын пеші орнатылған осы аядай бөлмеде бағбаншы ананың іс барысында қолданатын құрал-саймандары самсап тұр. Жылда маусым мен қазан айлары аралығында бұл жер оның тұрақты жұмыс орнына айналады. Көкөніс өнімдерінен тосаптар, түрлі салаттар әзірлеп, көпшіліктің тапсырысын ол осы жерден орындайды.

—Қолы қимылдағанды қара жер несібесіз қалдырмайды. Мен үйден ертеңгісін шыққаннан бар уақытымды кешке дейін аулада өткіземін. Өзім еккен бау-бақшам мен жеміс ағаштарымның жанында жүріп, бойыма күш-қуат аламын. Осы кезге дейін сырттан көкөніс өнімдерін сатып алмаппыз. Балаларыма: «адал жұмыстан ешқашан қашпаңдар» деп, ақылымды ұдайы айтып отырамын, — дейді кейуана.

Өмірге әкелген төрт баласынан тараған он алты немере мен қырық шөбересінің қолынан су ішкен мәуелі бәйтеректің нық діңгегіндей болған ардақты ананың бізбен бөліскен сыры, міне, осылай…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button