«Қазақстан — Отаным»

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында 2001 жылдан бері «Шатлық» татар-башқұрт бірлестігі төрағасының орынбасары Нұрия Акчуринамен сөйлескен едік…
— Биыл «Шатлық» облыстық татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің негізі қаланғанына — 30 жыл. 1995 жылы Ақтөбе қаласында татар-башқұрт ұлттық этномәдени орталығы құрылып, орталықтың жетекшісі болып Ибрагим Тереғұлов тағайындалды. 1999 жылдың 25 мамырында белсенді мүшелер орталықтың статусын өзгерту туралы шешім қабылдап, оны Ақтөбе қалалық «Шатлық» татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығы деп қайта атап, төрағасы етіп Равиль Құрбанғалиевті сайлады. Бұл орталық Ақтөбе облысының әділет органдарында, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында, облыстық «Идел» татарлар мен татар-башқұрт ассоциациясында және дүниежүзілік «Татар» кадрлар базасында тіркелді.2015 жылы заңнама өзгерістеріне байланысты орталық «Шатлық» облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі болып қайта тіркелді. Сол уақыттан қазіргі күнге дейін оны Эльвира Хабибуллина басқарады.
Ақтөбе облысында 10 мыңға жуық татар, мыңнан астам башқұрт тұрады. Ал менің ата-анам Қазақстанға 1950 жылы көшіп келді. Әкем — орынборлық, ал анам — Саратов облысының қызы. Олар бас қосып, осы өңірге тұрақтап, бар өмірін осында өткізді. Қазақстан жері олардың Отанына айналды. Мен 1952 жылы дүниеге келдім, —дейді Нұрия Акчурина.
Төраға орынбасары әрі Қазақстан халқы Ассамблеясының аналар кеңесінің мүшесі үнемі қоғамдық іс-шаралардың басы-қасында жүреді.
Нұрия Акчурина секілді аспаздықпен айналысады, түрлі пирог, учпучмак, чак-чак, бәліштерді шебер әзірлейді.
Әңгіме арасында кейіпкерімқазақтармен де тығыз байланыста екенін атап өтті. «Закия есімді құрбым бар. Ұлты — қазақ. Екеуміздің достығымызға биыл 35 жыл болыпты. Кезінде бірге жұмыс істедік. Ол қазір Атырауда тұрады. Біз туыстай болып кеткенбіз, отбасымызбен бірге араласамыз, үнемі амандық сұрасып тұрамыз. Қазақтар — бауырым, Қазақстан — Отаным. Бар тілегіміз — аспанымыз ашық, көпұлтты еліміз тыныш болсын, — дейді Нұрия Акчурина.
Кейіпкерімнің күйеуі Рафик — Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері. Олар екі бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде екі немере сүйіп отыр. Үлкені Элина — Қазан мемлекеттік энергетика университетінің студенті, ал Эмир — мектеп оқушысы.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



