Жеңіс

Жеңістің жаңғырығы — жүректе

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ерлер ерлігін жаңғырту — ұрпақ парызы. Осыған орай мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор марқұм Амангелді Айталының зайыбы Гүлжан Сүйінбайқызы соғысқа қатысқан қайынатасы мен әкесінің майдан жолын еске алып, естелігімен бөлісті. Екі жауынгердің тағдыры — тұтас бір ұлттың төзімі мен рухының айғағы.

Атқыш Айталиев

Амангелді Айталы 1939 жылы Астрахан облысы Володар ауданында, бір кезде балығы тайдай тулаған, суы терең, ағысы қатты Бозан өзенінің бойында балықшылар ауылы — Торсықта дүниеге келген. Екі жасында әкесі Әбдірахман Ұлы Отан соғысына аттанады.

— Атамыз 1942 жылы соғыста шейіт болған. 2014 жылы шілде айында үлкен ұлымыз Айбар «Книга памяти» сайтынан Әбдірахман атасының соғыста қаза болғаны туралы ақпарат тауып, құжаттарын интернеттен шығарып, әкесіне әкеліп көрсетті. Кабардино Балкариядағы Майский ауданында Бауырластар зиратында 99 белгісіз жауынгер жерленген екен. Сол зиратқа ұзақ жылдар бойы сол ауылдың ақсақалы Андрей Колодейдің отбасы күтім жасаған. Сол азамат ауыл балаларына «мына жерде Қызыл армияның 99 солдаты жерленген, біздің осындай бейбіт өмірге жетуіміз осы батырлардың арқасы, соны естеріңде сақтаңдар» деп аманат етіпті. 2014 жылы жергілікті меценат Юрий Колесников өз қаражатына Бауырластар зиратында 99 жауынгерге арнап стела орнатқан. Оны орнатуға Терско-Малкинский округінің кәсіпкерлеріде атсалысқан.

Осыны білгеннен кейін біз көп ұзамай жолға жиналып, Майскийге бардық. Жергілікті билік өкілдері, ауыл тұрғындары керемет қарсы алды. Аудандағы мемлекеттік автоинспекторлар алып жүрді. 

Зират басында бізді қарсы алған жергілікті билік өкілдерінің, жұртшылықтың атынан қалалық казактар орталығының атаманы Павел Кармалико сөз сөйлеп, ортақ Отан үшін өмірлерін қиған ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайтындығын, Бауырластар зиратында жерленген жауынгерлердің рухы бүгінгілерді үнемі қолдап жүрсін деген жүрекжарды тілегін білдірді.

Оған дейін Әбекең сұхбаттарында әкесінің хабарсыз кеткенін айтатын. Анамыз Бәтес Айталиева жете алмаған жаңалықты алып, қатты толқыған ол Бауырластар зираты басында сөз сөйлеп, отбасында әкемізді үнемі еске алып отыратынымызды, бірақ өзінің есінде жоқ екенін жеткізді. Себебі атам соғысқа аттанғанда үлкен ағайдың жасы тоғызда болса, ал Әбекең екіге де толмаған екен. «Үйімізде әкеміздің әскерде болған әскери киімдегі фотосуреті мұқият сақталған. Бұл — соғысқа дейінгі сурет. Соған қарап, кенже ұлымыз да атасы сияқты әскери адам болатынын айтатын, уәдесінде тұрды. Қазіргі уақытта Қазақстан армиясында полковник шенінде қызмет етеді.

Осы жер үшін жанын қиған жауынгерлердің ескерткішін орнатуға атсалысқан  Майский ауылының тұрғындарына алғыс білдіруге сөз жетпейді. Мұнда тек қазақтар ғана емес, армяндар, грузиндер, орыстар да жатыр. Біз жергілікті тұрғындардың бейітке күтім жасағаны туралы естідік. Қазақстандықтар арасында соғыс туралы естелік әлі күнге дейін сақталған. Бұл — бізді біріктіретін ортақ қасірет, ортақ естелік. Халықтардың бауырмалдығы — ұлы сезім, — деген еді Әбекең.

Одан соң біз Астраханнан туған жерінің топырағын алып барып, Бауырластар зиратындағыстела жанынан кішкене шұңқыр қазыпсалдық, содан кейін ол жердің топырағын алып келіп, ауылдағы ата-бабалары, анамыз жатқан қорымға әкеліп септік, — деді Гүлжан Сүйінбайқызы.

Әбдірахман Айталыны сол шайқастағы ерлігі үшін Ленин орденімен наградтауға ұсынған құжаттары бар екен. Орыс тілінде жазылған құжаттың мазмұны осындай: «24.08.1942 г.в районе Майское, при попытке вражеских танков прерваться через мост р.Черек, наводчик Айталиев подбил 2 танка и 3 танка обратил в бегство.

11.09.1942 г.в районе Прохладный, противник 10-ю танками и до 35 взвода автоматчиков  сделал попытку захватить железнодорожный и шоссейный мосты через р.Малка. Наводчик Айталиев немедленно открыл огонь по вражеским танкам и подбил 2 танка противника, в то время, как танки противника и автоматчики уже вели  шквальный огонь по батарее. В этой схватке бесстрашный наводчик был убит».

Бірақ майдангердің наградтау парағында «Приказ Орден ВОВ І степени» деп жазылған. Ол орденнің өзі қазіргі уақытта берілмейді, сондықтан 2021 жылы ресейлік консул орден куәлігін Амангелді Айталының үйіне әкеліп табыстады. Бұл туралы сол кезде жергілікті телеарна репортаж жасаған болатын.

«Сол кездегі және Майскийге барғандағы Әбекеңнің күйзелісі, көзінің жасын тыя алмағаны әлі күнге дейін көз алдымда. Құжатты қолына алған сәтінде: «Мен үшін соғыс бүгін бітті» — деп көз жасын сүртіп еді», — деп еске алады зайыбы Гүлжан Сүйінбайқызы.

Сапер Сүйінбай

Гүлжан Сүйінбайқызының айтуынша,майдангер әкесініңсоғысқа дейінгі балалық шағы да қиын өтіпті.Алты жасқа келгенде тырыспа ауруынан бүкіл ауылы қырылады. Әке-шешесі қайтыс болып, апасы екеуі жетім қалады. Сол уақытта әлгіндей жаман ауру шыққан ауылды өртеп, тірі қалған адамдарды оқшаулап, ешқайда шығармайды екен.

— Тырыспа өршіп тұрған қиын кезеңде Егізбай деген жиен атамыз төрт баланы арбаға салып, үстерін шөппен, отын ағаштарымен жауып, жеті қараңғы түнде ауылдан шығарып алып кетеді. Арада біршама уақыт өткенде балалар үйіне тапсырады. Сонда тәрбиеленіп,отызыншы жылдары Темірдің педагогикалық техникумына оқуға түседі. Бітіргеннен кейін қазіргі Қарғалы ауданында мұғалім, мектеп директоры болады.

Әкем соғыс басталған алғашқы сәтте-ақ әскер қатарына алынады. Бұл кезде біздің отбасымыз Қосестекте тұрған.Әкем алғашқыда шамалы уақыт жаяу әскер қатарында соғысады. Одан кейін оқуын оқып, сапер болады. Осы саперлікпен Берлинге дейін жеткен. Бірінші Украин майданының құрамында Кеңес Одағының маршалы Иван Коневтің қолбасшылығымен соғыста болғанынайтып отыратын, — деп Гүлжан Сүйінбайқызы біздің алдымызға әкесіне қатысты құжаттар мен газет тігінділерін қойды. Көзі тірісінде Сүйінбай Битуриннің майдан туралы естелігіоблыстық «Ақтөбе» газетіне жарияланған. Журналист Аманқос Орынғалұлы жазған мақаладан үзінді келтірейік: «Сапердің міндеті белгілі ғой — жау қалдырған жерді минадан тазарту. Біз сүзіп өтіп, рұқсат бермейінше, ол жерге ешкім аттап баса алмайды. Берлиндегі өз міндетімізді атқарып болып, арнайы тапсырмамен Дрезденге келіп, осы жердің әуежайын, ұшақ қонатын алаңдарды тіміскілеп қарап жүр едік. Бізден рұқсат алды да, тура жанымызға Покрышкиннің ұшағы келіп қонды. Сол кездің өзінде оның даңқы жер жарып тұрған: екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры, эскадрилияның командирі, кейін авиа полктің, авиақұрамының қолбасшылығына дейін көтерілді. Ұшақтан түскен Покрышкин:

— Жолдас, аға сержант. Мына ұшаққа екі адам қарауыл қойыңыз. Ешбір жан баласы маңына жақын келмесін, — деп бұйырды да, немістің «Мессер» деп аталатын истребителіне отырып, жедел әуеге көтерілді. Мен взвод командирінің көмекшісі едім, айтқанын бұлжытпай орындадым. Шамасы 2,5-3 сағаттай уақыт өткенде ол қайтып оралды. Ұшақтан арыс-арыс болып, теңселіп түсті. Кейін белгілі болғандай, сол уақыт ішінде аспанда айқасып, немістің 10 самолетін атып құлатыпты. Үшінші мәрте Кеңестер Одағының Батыры атағын сол ерлігі үшін алды».

Бұл соғыс жылдарындағы жағдай ғой. Жеңісті бекемдеп, соғысты аяқтап,елге оралған Сүйінбай Битуринсоғыстан кейінгі жылдарда елдің көркеюіне елеулі үлес қосқан. Әсіресе 1954 жылы Ырғыз аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болып, тың және тыңайған жерлерді игеруге көп еңбек сіңірді. Сол еңбегі үшін «Құрмет белгісі» ордені және «Тыңды игергені үшін» медалімен марапатталған.Битуриндер отбасы 1958 жылы бұрынғы Степной, қазіргі Қарғалы ауданына оралады. Мұнда да майдангер зейнеткерлікке шыққанша әлеуметтік қамтемелеу бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Партия мүшесі ретінде таза, жұмысына адал қызмет етті.

Сүйінбай Битурин әйгілі Покрышкинмен тағдыр айдап, бейбіт күндері тура осы Ақтөбе қаласында тағы кездесіпті.

— 1971 жылы дербес зейнеткерлікке шығып, Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Қалалық атқару комитетіне 87-ші болып үй кезегіне тұрды. Содан қашан барса да әлгі орыннан жылжымай тұра береді. Үйде қарап отыра алмай, қаладағы ұшқыштар даярлайтын училищеге жұмысқа кіріп, онда да пәтер алу кезегінде тұрған.1975 жылы Жеңіс мерекесінің 30 жылдығы қарсаңында әлгі аталған оқу орнына үш мәрте Кеңес Одағының Батыры Александр Покрышкин келді. Әскери тәртіп бойынша училище директорының атына Покрышкинге жолығуға рұқсат сұрап, рапорт жазады. Обалы не керек, басшы қарсы болмайды. Әкем бұрын сондай батырмен бірге соғысқанын айтып отыратын. Ұшқыш әкемді көрген жерде бірден танып: «Сен авиациядан бастап едің, зейнеткерлікте де осында екенсің»,— депті құшақтап. Екеуі майдан жылдарын еске алып, аздап коньяк ұрттаған. Қоштасар жерге келгенде даңқты батыр ұшқыш қандай тілегі барын сұрайды ғой. Әкем жағдайын айтады. Сол жерде батыр училище бастықтарын қуырып, оқу орнының тұрғын үй қорынан екі бөлмелі пәтерге өзі қол қойып береді. Соның септігі тиіп, 7 мамырда ордер алып, Тургенев көшесіндегі екі бөлмелі пәтерге көшіп бардық. Сексен жасқа келгенде де қолы икемді болды, электр самаурын, үтік,аспалы шамдардың түрін өзі жөндей беретін. Мен токқа түсіп қалар деп қарсы болатынмын. Сонда «Мен сапермін!» деп өзін мойындататын,— деп еске алады Гүлжан Сүйінбайқызы.

Үш мәрте Кеңес Одағының Батыры Александр Покрышкиннің майдандасы, сапер Сүйінбай Битурин еліміздің тәуелсіздік алғанын көріп, бірнеше жыл азат елдің дәмін татып, 1999 жылы 88 жасында дүниеден озды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button