Жеңіс

Мерген

Ұлы Отан соғысы жылдарында Жеңісті жақындатуға үлес қосып, бейбіт өмір сыйлаған батырларымызды құрметтеу, арамызда жүргендеріне қамқорлық жасау — басты борышымыз. «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа үлгі» демекші, Отан үшін от кешкен ерлеріміздің ерен ерлігі біз үшін үлгі-өнеге болып қала бермек. Жеңіс мерекесі қарсаңында мен де атамды есіме алып, өнегелі өмір жолы мен ерліктерін көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім.

Елімізді жаудан қорғау үшін майданға аттанған ерлердің бірі атам Данағұл Елемесов еді. Кеңес өкіметі кезіндегі кейбір құжаттарда ол кісінің аты-жөні бұрмаланып толтырылып, Данзуба Илимисов және Данула Илимисов деген есімдермен кездеседі.

Атам 1911 жылы Шалқар ауданы«Сарықамыс» колхозы №7 ауыл кеңесінде дүниеге келген. Есейіп ер жеткен шағында «Сарықамыс» колхозында колхозшы болып еңбек етеді. Атамыз 1942 жылы әскерге аттанып, саперлер дайындайтын курста алты ай оқиды. Кейін 918-жеке корпустық саперлер батальонында соғыстың аяғына дейін Кеңес үкіметінің құрамындағы елдерді жаудан азат ету жолында күреседі. Құралайды көзге атқан мергендігімен Украина мен Белоруссияны және Балтық бойы елдерін жаудан азат етуге қатысқан. Атам қанды шайқастардың бірінде қатты жарақаттанып, 1945 жылы майдан даласынан елге мүгедек күйінде оралады.

Соғыстан кейін елде қираған экономиканы, халық шаруашылығын қалпына келтіру міндет еді. Атам денсаулығының нашар екеніне қарамастан, құлдыраған елдің еңсесін тіктеп, тұрмысын түзеуге атсалысқан. Осы жылдары отбасын құрып, зайыбы Тойған әжем екеуі он ұл-қызды дүниеге әкеледі. Әйтсе де олардың көпшілігі ертерек шетінеп кетеді де,үлкен қызы —менің анам Набат және Сәния, Дания, Жания есімді төрт қызы мен жалғыз ұлы Жеткергеннің қатарынан қалмай білім алып, еңбекке араласуына үлкен көңіл бөліпті.

Анамыздың айтуынша, атам ержүрек, тез шешім қабылдап, кез келген адамдармен ортақ тіл табыса алатын көпшіл мінезді болыпты. Ол кісі сұрапыл соғыстың қайталанбауын, кейінгі ұрпағының басына қайғы бұлты үйірілмеуін үнемі тілеп отырған.

Атамыз 1961 жылы соғыстан алған жарақатына байланысты дүниеден озды. Соғыстағы ерліктері үшін  «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Отан үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және тағы да басқа медальдармен марапатталған.

Мен өзатамның ерлігіне ғана емес, заманында жастығын жоғалтып, отты далада қан кешіп, мұз жастанып, кейінгі ұрпағына бейбіт заман сыйлаған күллі бабаларымыздың рухына бас иемін.

Бағылан ДАУЫСБАЕВ,

жиені.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button