Туберкулезден сақтаныңыз!

Маман кеңесі
Туберкулез — кох таяқшасы қоздыратын, әртүрлі органдар мен жүйелерді, көбіне өкпені зақымдайтын жұқпалы дерт. Бұл туралы талай айтылып та, жазылып та жүр.
Туберкулез таяқшасы адам организміне жиі жағдайда тыныс алу органдары арқылы түседі, сондай-ақ туберкулезге шалдыққан малдан өндірілген ет- сүт өнімдерін пайдаланғанда да ауруды жұқтыруы мүмкін.
Туберкулездің негізгі белгілері: екі апта бойына жөтелу, тәбеттің жоғалуы, арықтау, түнде терлеу, дене қызуының 37,0- 37,5С-қа дейін көтерілуі, жалпы әлсіздік, қажып-шаршау, кеуде клеткасының шаншуы, қан түкіру.
Туберкулез жас талғамайды.
Бұл ауруға кімдер бейім тұрады? Негізінен, санитарлық-тазалық ұстаным мәдениеті төмен, уақытында дұрыс әрі тиімді тамақтанбайтындар, маскүнемдер, нашақорлар, жүйкесі тозғандар,есі ауысқандар, үй-жайы жоқ кезбелер, гормон дәрілерін көп қабылдайтындар, тұмаумен жиі ауыратындар, қант диабеті, өкпе-тыныс жолдары сырқатының созылмалы түрімен, асқазан-ішек жараларымен ауыратындар, туберкулез науқасымен қарым-қатынас жасайтын барлық отбасы мүшелері, жас балалар, жүкті әйелдер, кәрі кісілер туберкулезге бейім тұрады.
Туберкулезден сақтану жолдары: Өмірінде бірінші рет БЦЖ вакцинасы перзентханада, кейін бірінші сыныпқа және бесінші сыныпқа барғанда егіледі. Туберкулездің жұққанын балалар арасында ерте анықтау мақсатында Манту сынамасы баланың 1 жасынан бастап, жылына бір рет15 жасқа дейін қойылады.Жасөспірімдер мен ересектер жылына флюорографиялық тексеруден міндетті түрде өтулері қажет. Әрбір адам дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден бас тартып, денсаулықты жақсартатын жаттығулар жасап, жеке гигиена ережелерін сақтап, салауатты өмір салтын ұстанса, туберкулез ауруының алдын алуға болады.
Светлана ИНИСОВА,
Мұғалжар аудандық ауруханасының дәрігері.