Ерлік пен естелік

Ақтөбедегі «Смарт Білім» мектеп-гимназиясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Әлия-дастан» атты іс-шара өтті. Жиынға батыр қыздың туыс сіңлісі Тәжен Жаңабергенова және облыстық әскери ардагерлер кеңесінің төрағасы Қажымұқан Сәтенов қатысты.
Іс-шараның мақсаты — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлігін ұлықтау, жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, елжандылық пен патриоттық рухты қалыптастыру, олардың тарихи жадын жаңғырту, Әлияның қайсарлығы мен ерлігі арқылы ұлттың рухани құндылықтарына деген құрметін арттыру.
Алдымен білім ордасының алаңында әскери бөлімшелер дайындаған қойылымдар көрсетілді. Бұдан соң жиналғандар батыр қызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шара мектептің акт залында жалғасты. Білім ордасының директоры Айгүл Арынғазиева батыр қыздың ерлігі ұрпаққа үлгі екенін айтты.
— Әлия — бар қазақтың қызы. Ол — батырлықтың бейнесі, қайсарлықтың символы. Жас болса да Отанға деген шексіз махаббаты оны ерлік жолына жетеледі. Оның ерлігі — бүгінгі ұрпақ үшін үлгі, — деді.
Ал Тәжен Жаңабергенова батыр қыз туралы естеліктерді оқушыларға айтып берді.
— Әлияның әкесі — Нұрмұханбет Сарқұлов, ал анасының есімі — Маржан Молдағұлова. Мен Нұрмұханбеттің екінші әйелі Ақсұлудан туған қызбын. Соғыстан кейін өмірге келгенмін. Әлияны көрген жоқпын. Апамызды үлкендердің айтуы бойынша біліп өстік. Кіндік шешесі Ұлшекер деген әже еді. Әлия кішкентай кезінде өте пысық болды деп айтып отыратын. Әкемізді байдың тұқымы деп қудалады. Әлияның Бағдан деген інісі болды. Кейін обаға шалдығып қайтыс болады. Әлияны әкем балдызы Әубәкірге алып келеді. «Өз атыңа жазып, оқыт. Мен сотталып кетуім мүмкін» дейді. Әлия апамыз туралы көп нәрсе айтуға болады. Оның ерлігі — кейінгі ұрпаққа үлгі. Жастарға Әлия сияқты батыр, елін сүйетін азамат болып өссін деп бата беремін, — деді Тәжен Жаңабергенова.
Аталған іс-шараға 300 оқушы қатысып, батыр қыздың ерлік жолымен терең танысты.
Шара соңында Әлия Молдағұловаға арналған ән шырқалды. Балалар ардагерлермен бірге естелік суретке түсті.
Кәмшат ҚОПАЕВА.