ЖеңісМәдениет

«Әлия» мюзикліне келіңіз

Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры 7-9 мамыр аралығында көрермендерге «Әлия» мюзиклінің премьерасын ұсынады.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды. Алдымен облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі, актер Бағдат Телеуғалиев сөз алып, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орайластырылған жаңа қойылымның мақсатына, шығармашылық топ құрамына тоқталды.
— Ақтөбе топырағынан шыққан даңқты тұлға Әлия Молдағұлова туралы спектакльдер бұрын да қойылды. Бұл жолы басқа, яғни мюзикл жанрын таңдадық. Музыкалық қойылым көрерменге тереңірек әсер етеді. Басты мақсат — Әлияның тағдыры, ерлігі, армандары арқылы бүгінгі ұрпаққа бейбіт күннің, тыныштықтың қадірін сезіндірсек дейміз, — деді театрдың көркемдік жетекшісі.
Музыкалық пьесаның авторы — Ә.Дәулетбаева. Оны «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин сахналайды. Баспасөз жиынында қоюшы режиссер де сөз сөйледі:
— Бәріміз де кішкентайымыздан Әлия туралы әндерді естіп, оның ерлігіне бас иіп өстік. Әрине, қаршадай қыз неге өз еркімен майданға аттанды деген ойды кейінірек ойладық. Ол өмір үшін, Жер бетіндегі өмірді қорғау үшін күрескен екен. Әлияның рухы ешқашан өлмейді. Көрерменге біз осыны жеткізгіміз келеді, — деді ол.
Қойылымда Әлия рөлінде Нарғыз Күнғали (Әлияның бала кезі), сондай-ақ Фатима Бердібекова мен Ажар Жәрдембекқызы ойнайды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button