Білім

Сарыжарда жайлы мектеп бой көтерді

Құрылыс

Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаров Сарыжар ауылында болып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған білім беру мекемесін аралады.

Өңір басшысы мектеп айналасын абаттандырып, құрылыс жобасының барлық талапқа сай болуын қадағалау керектігін айтып, жауапты тұлғалар алдына міндет қойды.

300 орындық оқу ордасында ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын, мердігер ұйым аула аумағын абаттандыруға кірісіп жатыр. Мектепті биыл оқу жылының соңына дейін тапсыру жоспарланған.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, облыста барлығы 14 жайлы мектеп салынады. Олардың екеуі былтыр пайдалануға берілді. Қалғанын жаңа оқу жылының басында тапсыру көзделген. Бұл білім ошақтары 11 мыңнан астам оқушыға есептелген.

Сарыжар ауылында 300 орындық заманауи мектеп салынды. Жұмысты «Норис және К» мердігерлік ұйымы жүзеге асыруда. Нысанда бейнебақылау камералары орнатылған, жұмыс сапасына тұрақты бақылау жүргізіледі. Оқу орнына инженерлік желілер мен кірме жолдар тартылды. Мамыр айында нысанды толық аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырмыз,—деді басқарма басшысы.

Сарыжар—Мәртөк ауданындағы ірі ауылдардың бірі. Онда 6 мыңнан астам адам тұрады. Бүгінде мұнда екі орта мектеп бар, бірақ бұл елдімекенге жеткіліксіз. Мәселен,  Хлебодар мектебі 41 пайыз шамадан тыс жүктелген. 450 орынға есептелген мектепте 635 оқушы оқып жүр. Сарыжар мектебі 128 пайызға артық жүктелген. Оқу ұйымы 320 орынға есептелген, алайда онда 730 оқушы оқиды. Бұл инфрақұрылымға үлкен жүктеме түсіреді және білім беру процесінің сапасына әсер етеді. Ал жаңа оқу ордасы орын тапшылығы мәселесін шешіп, оқушыларды заманауи, қауіпсіз және жайлы ортамен қамтамасыз етеді.

Жергілікті тұрғындар жаңа оқу орнының ашылуын асыға күтуде. Солардың бірі—екі ай бұрын отбасымен ауылға қаладан көшіп келген Жақсылық Күзенов.

Біз мұнда екі ай бұрын көшіп келдік.Үш балам бар. Олардың барлығы әлі №27 мектепте оқиды, бірақ Сарыжарда мектеп ашылғаннан кейін біз оларды міндетті түрде жаңа оқу орнына ауыстырамыз. Біз жаңа мектепті асыға күтіп жүрміз,—деді ауыл тұрғыны.

Сарыжардағы жаңа мектеп ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып,ауыл балаларына сапалы білім беру үшін тең мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.

 

 

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button