Денсаулық

Иммундау апталығы басталды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Дүниежүзілік иммундау апталығы шеңберіндегі иммундаудың өзекті шаралары мен қорытындылары туралы» тақырыбында брифинг өтті. Брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова иммундаудың маңыздылығы туралы баяндады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Еуропалық иммундау апталығы жыл сайын 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл ол 27 сәуір мен

3 мамыр аралығында өтіп жатыр.Апталықтың ұраны — «Баршаға арналған иммунизация — адамзаттың қолында».

Иммундау — инфекциялық аурулардың алдын алудың ең тиімді тәсілі. Вакцинация арқылы табиғи шешек, полиомиелит, күл сияқты бірқатар аурулардың таралуы тоқтатылған. Облыста 2009 жылдан бері — күл, 1996 жылдан бері — полиомиелит, 2001 жылдан бері эпидпаротит тіркелген жоқ. Бүгінде еліміздің ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес 21 жұқпалы ауруға қарсы тегін вакцинация жүргізіледі. Барлық вакцина мемлекеттік тіркеуден өткен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған, — деді Райхан Қойшанова.

Оның айтуынша, былтыр қыркүйектен бастап елімізде адам папилломасы вирусына қарсы иммундау бағдарламасы іске асырылып, 11-13 жас аралығындағы қыздар арасында вакцинация жүргізілуде. Қазіргі таңда 5640-тан астам қыз алғашқы дозасын алды. Егілгендер арасында жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ.Дегенмен соңғы жылдары ата-аналардың балаларына екпе жасатудан бас тартуының артуына байланысты қызылша мен көкжөтел ауруларының өсуі байқалады. 2023 жылы облыста қызылшаның — 2179, ал былтыр 3772 жағдайы тіркелген. Бұл аурулардың 95 пайыздан астамы екпе алмаған балалар арасында анықталған.

Мамандар халықты вакцинацияның маңыздылығын түсініп, балаларды жоспарлы екпелермен толық қамтуға шақырады. Өйткені вакцинация жұқпалы аурулардың ауыр асқынулары мен өлім жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.

Толық ақпарат пен кеңес алу үшін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Call-орталығына 8 (7132) 557725 немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасының 8 (7132) 907070 нөміріне хабарласуға болады. Сонымен қатар 7701 қысқа нөмірі арқылы республика бойынша вакцинация мәселелері бойынша кеңес беріледі.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button