Жеңіс

Жеңісті жыр еткен

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасы мен көпбейінді облыстық балалар ауруханасының ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіске — 80 жыл» тақырыбында кеш өтті.

Аурухана базасында өткен іс-шараның мақсаты — тарих бетінде алтын әріппен жазылған Жеңіс күнінің мән-маңызын жастарға ұғындырып, ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтау.
Кафедра меңгерушісі Асылбек Түсіпқалиев пен балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Қожин жиналғандарға сұрапыл соғыста адам өмірін сақтап қалған ақ халатты абзал жандардың ерлігіне тоқталып, жиналғандар жауынгерлер рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Әсерлі бейнебаян бұл сәттің маңызын одан әрі тереңдете түсті.
Студенттердің сахналық қойылымы ерекше ықыласқа ие болды. Бір сәт окопқа, енді бір сәт госпитальге айналған сахнада олар тарихи көріністерді шынайы жеткізе білді. Бұл көріністер жастардың тарихқа деген терең құрметі мен патриоттық сезімін паш етті.
Кешке қатысқан кафедра профессорлары Б.Дженалаев, С.Досмағамбетов, қауымдастырылған профессор Ж.Баубеков және доцент Б.Бисалиевтер соғыс жылдары жайлы естеліктермен бөлісіп, бейбіт өмірдің қадір-қасиетіне тоқталды.
Сахна төрінде студенттер мен интерндер орындаған «Әлия», «Сапқа тұр» сияқты патриоттық әндер көрермен көңілін толқытты.
Балалар хирургиясы резиденттері мен кафедра ассистенттері Н.Жақсыбаева, Қ.Жалмұхамбетов, В.Сәрсенова, Д.Лидің қолдауымен кештің көркемдігі мен мазмұны арта түсті.
Бауыржан Момышұлының соғыс кезіндегі медицина қызметкерлері жайлы естеліктері оқылып, студенттердің жүрекжарды өлеңдерімен үйлесіп, көрерменге ерекше әсер сыйлаған кеш «Атамекен» әнімен аяқталды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button