Этномедиация — қоғамды тұрақтылыққа жетелейтін көпір

Светлана БАЛПЕЙІСОВА,
«Келіссөздер Академиясы» ҚБ-ның жаттықтырушы-медиаторы, заң ғылымдарының докторы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде: «Этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиция институтына тоқталғым келеді», — деп атап өтті. Расында, Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан этномедиация институтының құрылуы — көпұлтты қоғамда түсіністік орнату жолындағы парасатты қадам. Сонымен қатар бұл — дер уақытында қабылданған шешім.
Мәдениет, дүниетаным, салт-дәстүр әртүрлі болғаннан кейін адамдар арасында келіспеушіліктер де кездесіп қалады. Мұндайда жағдайды ушықтырмай, екі жақты да мұқият тыңдап, бәрін бейбіт жолмен реттеу — этномедиаторлардың жұмысы. Сауатты, қоғамға жанашыр этномедиатор — тұрақтылық пен ынтымақ-бірліктің тірегі.
Біздің облыста 2019 жылы менің бастамам бойынша ҚХА жанынан медиация кеңесі құрылған болатын, ол қазірге дейін облыстағы этномәдени бірлестіктермен бірлесе жұмыс істеп келеді. Біздің медиаторлар тұрақты түрде, соның ішінде аудандарға барып, тренинг, семинар, лекциялар өткізіп жүр, бұл іс-шараларға осы сала бойынша елімізге белгілі спикерлер де шақырылды.
Көпұлтты қоғамда этномедиацияның рөлі зор: ол түрлі этникалық топтар үшін өзара диалог алаңын құрып қана қоймай, олардың өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтауына, сол арқылы қоғамды рухани байыта түсуге де үлес қосады.
Сондай-ақ әр азамат ел, халық алдындағы өз жауапкершілігін толық түсінгенде қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақ-бірлік те мызғымайды.