Бір мезгілде 180 мың оқушы абай шығармаларын оқыды

Абай — 180
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен барлық білім беру ұйымдарында бір мезетте — «Абайды оқы, таңырқа!»атты бірыңғай оқу сағаты өтті.
Облысымыздың түкпір-түкпірінде орналасқан мектептерде 180 мыңнан астам оқушы ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қарасөздерін оқыды.
— Бұл бірыңғай оқу сағаты Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Шараның негізгі мақсаты — Абай шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік дамуына серпін беру және көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Іс- шараның ерекшелігі сол — әр сынып деңгейіне сай шығармалар таңдалды. Мәселен, бастауыш сынып оқушылары (1–4 сыныптар) Абайдың табиғат лирикасына арналған «Күз», «Қыс», «Жаз» өлеңдерін, сондай-ақ тәрбиелік мәні зор «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» сынды туындыларын оқыды. Орта буынның оқушылары (5–7 сыныптар) Абайдың «Интернатта оқып жүр», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қараңғы түнде тау қалғып» секілді күрделі әрі терең ойлы өлеңдерін оқыды. Оған қоса қарасөздері арқылы білім, тәрбие, адамдық қасиеттер туралы ой толғады. Ал жоғары сынып оқушылары (8–11 сыныптар) ақынның терең философиялық туындыларына ден қойды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жүрек — теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас», «Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ…» секілді өлеңдері мен поэмаларын, қара сөздерін оқып ой бөлісті. Шара аясында барлық білім беру мекемесіне «Абай оқуы — бізді біріктіреді» атты қысқаша бейнеролик әзірлеу тапсырылып, #АбайОқуы2025 хэштегімен әлеуметтік желілерде жарияланды, — деді облыстық білім басқармасының әдіскері Дария Абдуллина.
Бірыңғай оқу сағаты оқушыларға Абай шығармаларын жаңа қырынан тануға мүмкіндік беріп, ақынның ұрпаққа аманат еткен асыл мұрасына деген құрметті арттырды. Жас буынның ұлттық құндылыққа бет бұруы мен рухани мәдениетке терең бойлауына себепкер болған бұл шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасады деп күтілуде.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.