Педагогтер шеберліктерін көрсетті

Байқау
Ақтөбеде «Шабыт» жобасы аясында облыс мектептері арасында «Этноауыл» ұлттық көрме-байқауы өтті. Облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен «BILIM QAZYNA»мекемесінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың басты мақсаты—ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу, тарихи-этнографиялық мұраны насихаттау, педагогтердің шығармашылық қабілетін дамыту және ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын арттыру.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі берген дерек бойынша, байқау екі кезеңде ұйымдастырылды. Алдымен аудандық және қалалық деңгейде үздік жобалар іріктеліп, облыстық кезеңге жолдама алған командалар өзара сайысты. Қатысушылар этнографиялық композициялар, ұлттық қолөнер бұйымдары, киіз үйлер макеттері мен дәстүрлі тағамдар дайындау арқылы қазақ халқының бай мәдениетін таныстырды. Жұмыс тартарихи дәлдік, шығармашылық, эстетикалық безендіру мен шеберлік деңгейі бойынша бағаланды.
Аталған байқауға қатысқан Ақтөбе қаласындағы Ж.Ташенов атындағы №68 жалпы білім беретін орта мектебінің «Дәстүр» тобы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қалалық кезеңде бас жүлде, облыстық кезеңде бірінші орыналды.
Топ құрамында Нұрсая Орынбаева, Зура Тайманова, Мақсат Елеусізов, Мирагүл Моменова және Гүлмира Байбарақова сынды мұғалімдер болды.
— Мектепте «Шабыт» жобасының барлық бағыты бойынша жетекшілер сайланып, арнайы жоспар құрылып, мұғалімдер байқауға тыңғылықты дайындалды.
Бірінші номинация бойынша топ мүшелері ПВХ материалынан киіз үйдің макетін жасап, фетр матамен қаптап, сыртын оюлады. Киіз үйдің іші қазақы нақыштағы ою-өрнектермен безендіріліп, ішіне қамшы, домбыра, тұмар, батырлардың бес қаруы, бесік, келі-келсап, диірмен, күбі, құрақ көрпелер қойылды. Ер адамның шапаны мен тымағы да ілінді, — дейді жоба үйлестірушісі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақтоты Көшербаева.
Екінші номинация бойынша топ мүшелері қазақ халқының дәстүрлі киімдерін үш образда көрсетті: ана киімі — кимешек пен кестелі, ұзын жеңді көйлек; жас келіннің киімі — басында ақ шәлі, үстінде қызыл түсті, алтын түсті өрнектермен безендірілген шапан; ұзатылған қыздың киімі — сәукеле мен сырып тігілген қызыл шапан. Топ мүшелерінің айтуынша, қазақ халқының бай мәдениетін, ұлттық құндылықтарын көрсететін бұл киімдер жас ерекшеліктеріне сай дайындалған.
— Үшінші номинация —былғарыдан жасалған бұйымдар. Команда байқауға торсық және теріден жасалған басқа да ұлттық қолөнер бұйымдарын ұсынды. Бұл ерекше дүниелерді мұғалімдер өздері жасады. Бұл бұйымдар көрме қатысушылары мен қазылар тарапынан жоғары бағаланды, — дейді А.Көшербаева.
Байқау қорытындысында «Дәстүр» тобы бірінші орын алды, сонымен бірге «Үздік ұлттық киім», «Үздік қолөнер шебері», «Көрермен көзайымы» секілді номинациялар да берілді.
«Этноауыл» көрме-байқауы педагогтердің шығармашылық қабілетін дамытуға, ұжыммен жұмыс істеу дағдыларын, тарихи-этнографиялық сананы арттыруға зор үлес қосты дейді қатысушылар.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.