Ою-өрнек — ұлт ажары

Мұра
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұраларының бірі — ою-өрнек өнері. Бұл — тек көз тартатын көркем бейне ғана емес, халқымыздың дүниетанымын, болмысын, өмірге көзқарасын бейнелейтін терең тәрбиелік мәні бар ұлттық өнер.
Әрбір оюдың өзіндік мағынасы бар. Мысалы, зооморфтық «қошқар мүйіз» өрнегі молшылық пен берекенің белгісі болса, геометриялық бейнелер тұрақтылық пен үйлесімділікті меңзейді. Ал өсімдік тектес «гүл», «жапырақ» тәрізді ою-өрнектер — өмір мен табиғатқа деген сүйіспеншіліктің белгісі. Мұның бәрі халқымыздың табиғатпен үндестікте өмір сүріп келгенін көрсетеді.
Ою-өрнек — тек әсем көрініс емес, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің де тиімді құралы. Ұлттық өнерді меңгеру арқылы балалар өз тарихын таниды, ата-бабасының өнерін бағалап үйренеді. Сонымен қатар ою салу, кесте тігу арқылы еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа тәрбиеленеді.Ұлттық нақыш — ұрпақ санасына сіңетін өшпес тәрбие. Ою-өрнекті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу — ұлттық рухани мұраны сақтау мен болашақ ұрпақты тәрбиелеудің тиімді жолдарының бірі. Сондықтан ою-өрнек өнерін оқыту мен дамыту — қазақ мәдениетінің болашағы үшін маңызды қадам.
Ерік ҚАЛДЫҒҰЛОВ,
№78 мектеп-гимназиясының
көркем еңбек пәнінің мұғалімі.



