Өз кезеңінің өнегесі

Кеңес сауда саласының үздігі, Қазақ КСР-нің сауда саласына еңбегі сіңген қызметкер, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Байбосын Бердімұратов өз заманының алдыңғы қатарлы азаматы, көпшілікке қамқор болған білікті басшы, іскер маман екендігі туралы замандастары аузынан ілгеріде көп айтылатын.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында сол бір ерекше тұлға туралы тағы да бір еске алудың реті келді.
Ел қорғаған ер
Байбосын Бердімұратовтың өмір жолы өнегелі белестерден тұрғанымен, ол өз заманының қиындықтарымен талай рет бетпе-бет келген еді. Бірақ көкірегінде намыс оты алаулаған, жастық жігерін жанына серік еткендіктен де қандай сында болмасын, сыр беріп, шегініс танытқан емес. Өзінің қатарластары арасында да сондай мәрт мінезімен бір жағынан үлгі болса, екіншіден, бедел иесі де атанған-ды.
1924 жылы дүние есігін ашқан буын тұтастай дерлік жалындаған жастық шақтарын от пен оқ ортасында өткізді. Сол қатарда Байбосын Бердімұратов та 1942-1946 жылдары әскер қатарында сапқа тұрып, ел қорғауға қатысты.
Ол кейінгі уақыттағы бір әңгімесінде өздерінің қазіргі облыстық драма театры орналасқан жерден майданға аттанғандарын айтып отырады екен.
Жауға қарсы шайқаста станокты пулемет бөлімінің командирі болған, әскери шені — сержант. Талай рет әккі жаумен бетпе-бет келіп, олардың бетін қайтарған тұстары аз болмаған. Сондай қиян-кескі шайқастар кезінде үш рет ауыр жарақат алған. Соның бірі — көзіне зақым келгендігі.
Ол Маршал Рыбалконың 3-танк армиясы құрамына енген Қызыл ту орденді Богдан Хмельницкий атындағы 22-гвардиялық мотоатқыштар Фастов бригадасының 2-мотоатқыштар батальонының пулемет бөлімшесінің командирі болды.
Украинаны, Польшаны, Тернополь қаласын, Киевті, Львовты, Познанды азат етуге қатысады. Сол Познандағы ұрыста ауыр жарақаттанып, поляк госпиталында ұзақ емделеді. Кейін сол жерде үйренген, жадында жатталып қалған «добже» — «өтінемін, пан» деген сөздерді жиі айтып жүреді екен.
Ол майданда көрсеткен жауынгерлік батылдығы үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Төрт жылдай әскери шинельді иығынан түсірмей, керзі етікпен су кешкен жауынгер жиырма екі жасында елге оралады. Бұл кезде ол өмір көрген, шыңдалған, шыныққан, қандай да сынға қаймықпай қарсы тұра алатын нар жігіт еді…
Еңбекпен өрілген жылдар
Ұлы Жеңіске үлес қосып, елге аман-есен оралу әрбір жауынгер үшін тағдырдың маңдайға жазған ерекше бақыты іспетті еді. Сондай жарқын сәтті бастан өткерген Байбосын аға енді өзінің күш-жігерін бейбіт уақыттың өзіне бұйырған еншісіне — еңбек етуге арнайды.
Ол бастапқыда педагог-математик болуды армандайды екен. Тіпті «жақсы математик-профессор болсам» деген игі тілегін де жолдастары арасында айтып жүрген. Дегенмен таңдаған мамандығы есеп-қисап төңірегінен қашықтаған жоқ.
Әуелі Ақтөбедегі кооператив техникумында оқып, оны үздік бағамен бітіреді. Одан соң Бүкілодақтық Кәсіподақтар кеңесі Орталық комитеті жанындағы Мәскеу жоғары мектебінің экономика факультетінде сырттай оқып, мамандығын жетілдіре түседі.
Ол облыстық Тұтынушылар одағының ревизоры ретінде іссапарларға жиі шығып, кейде ұзақ уақыт үй бетін көрмейтін сәттер болған. Тіпті бір аудандағы тексеріс төрт айға созылып, сол бір мезгілдің талабына шыдамдылықпен қарап, өз міндетін абыроймен атқарған.
Осы облыстық мекеменің партия ұйымына жетекшілік жасаған жылдарында қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру, халыққа қызмет көрсету барысында әдеп нормаларын сақтау, жауапкершілік жүгін терең сезіну сияқты талаптарды алға тартып отырған және өзінің жеке басының үлгісімен де ерекше көрінген.
Байбосын Бердімұратұлы алпысыншы жылдардың басында мемлекеттік сауда қызметкерлерінің және тұтынушылар бірлестігінің облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, одан кейін Ақтөбе облысының, оған жалғас Батыс Қазақстан аймағының мемлекеттік сауда инспекциясының басшысы лауазымдарында өзін жоғары деңгейде көрсете біледі.
1968 жылы Ақтөбе қалалық өнеркәсіп сауда мекемесінің директоры қызметіне тағайындалуы оның еңбегінің лайықты бағасы іспетті еді. Ол осы міндетті өмірінің соңғы күніне дейін, яғни он сегіз жыл бойы абыроймен атқарды.
Сол уақыт аралығында онымен бірге Галина Дюмаева, Лидия Сулимова, Мария Черных, Людмила Дубицкая, Зоя Дорошенко, Бижамал Көшімова, Бақыт Сүлейменов, Меңсұлу Нұрмағамбетова, Мария Бисембаева, Мағрипа Мінайдарова секілді өз ісіне берілген, сауда саласының белгілі кадрлары қызмет істеді. Олардың бірқатары үлкендердің тәлімгерлік мектебінен өтіп, кейін өздері де тәжірибелі, ұстаздық дәрежеге көтерілді. Соның барлығы да Байбосын Бердімұратовтың басшылығымен алғы күндерге сенімді қадам басты, өнімді еңбек етті.
…Тағы бір айта кететін жай, Үлден әже Байбосын баласы қаншалықты ұжым басқарып, ел тірегіне айналған күннің өзінде оны кішкене кезіндегідей көріп, мәпелеп, қамқорлап отырады екен. Шынында да, ана үшін бала қашанда бала болып қала береді екен-ау…
Естеліктер не дейді?
Жақсы адамның соңында қашанда жақсы сөз айтылады. Сондай-ақ кезінде Байбосын Бердімұратұлы туралы жылы лебіздер көп білдірілген екен. Соның бірсыпырасы қағазда сақталып та қалыпты. Арада қаншама жылдар өтсе де, маңызын жоймаған сол естеліктерге тағы да бір үңіліп көрелікші.
Надежда Маркина, «Уақыт» акционерлік қоғамының директоры: «Мен мектеп бітірген соң сауда саласына қызметке келдім. Байбосын Бердімұратұлы мен үшін жетекші ғана емес, сондай-ақ әке орнына әке де бола білді. Ол маған ақылын айтып, «сен дұрыс шешім қабылдауды үйренуің керек» дейтін. Кейін өзім де басшы болдым, сол кезде оның ақылы ойыма оралатын.
Ол кісі өте адал, өтірікке жаны қас еді, қаталдығы да болатын. Сонымен қатар қарапайым да еді. Он жылдай бірге қызметтес болғанда оның отбасы, басқа да жағдайлары туралы жақсы білдік. Ол да әріптестері туралы бәрін білетін.
Біз басшымызды құрмет тұттық. Ол үшін ең атаулы күн — туған күні мен Жеңіс күні болушы еді. Әсіресе Жеңіс күні кеудесіне салтанатты түрде ордендері мен медальдарын тағып келуші еді.
Ұзақ жылдар Ақтөбе қалалық сауда саласы мекемесінде қызмет атқарған Владимир Лущенконың: «Мен ол кісінің мейірімділігін, ұжымға жасаған, соның ішінде маған көрсеткен жақсылығын үнемі еске аламын.
1982 жылдың қыс айларының бірінде Байбосын Бердімұратұлын ақырғы сапарына шығарып салған сәт есімде. Көп адам жиналды. Мен кейін де оның мәңгілік мекені басына бірнеше рет барып, рухына тағзым етіп тұрдым» деген шынайы көңілден шыққан сөздері де білікті басшы, ардақты жанның келбетін биіктете түседі.
«Байбосын Бердімұратұлы секілді басшыны мен өмір жолымда қайта кездестірген емеспін. Маған ол кісімен қызметтес болу реті 1973 жылдан 1982 жылға дейін бұйырды. Мен алдымен сауда ұйымдарында инспектор, сосын бас экономист, №7 шаруашылық есептегі мекеме директоры, қалалық сауда өнеркәсібінің кадр бөлімінің басшысы қызметтерін атқардым.
Біздің жұмысымыздың күрделілігі сондай — Байбосын Бердімұратұлының үйі кейде штаб ретінде қызмет атқаратын. Ол ұжымды тату отбасы сияқты ұстады, біз барлық мерекені отбасымызбен бірге қарсы алушы едік. Оның зайыбы Тәрбиені біз жақсы білетін едік және бәріміз Тамара апа деп атап кеткенбіз.
Біздің ұжымымыз Байбосын Бердімұратұлының ұйымдастырушылық қабілеті, талапшылдығы нәтижесінде үнемі үлкен жетістіктерге жетіп жүрді, бірнеше рет социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Қазақ КСР Сауда министрлігінің Құрмет грамотасы берілгені де есімде».
Бұл — Ақтөбе қалалық сауда өнеркәсібі шаруашылық дүкенінің директоры болған Ақсұлу Қайырманованың айтқандарынан алынды.
Ал сауда қызметкері Мария Бейсенбаева: «Ағамыздың бойынан ізгі қасиеттердің бәрі табылатын еді. Әсіресе сауда қызметі өте ұқыптылықты, білімді, тәжірибені талап ететіні белгілі. Ол осы талаптарға лайық жан екенін байқатты.
Мінезі де басшыға лайықты, сабырлы, салмақты. Адамдармен тіл табыса алатын, әркімнің қоғамдағы, ұжымдағы орнын жақсы білетін» деп ойын білдіріпті.
Отбасылық ғұмыр
Байбосын Бердімұратұлы майданнан елге оралғаннан кейін, 1946 жылы Тәрбие Арыстанбаевамен тіл табысып, шаңырақ көтереді. Олардың бірлескен ғұмыры отыз алты жылды қамтиды. Сол мағыналы тірлікте олар төрт перзент сүйеді.
Баласы Сейілханның мамандығы экономист болды. Ол Ақтөбе қаласындағы Фрунзе аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарып, облыс орталығының көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселесін оңды шешуге белсене қатысты, аудандық кеңестің бірнеше мәрте депутаты болып сайланды.
Бауырына басқан ұлы Әділ Қобда аудандық атқару комитетінде төрағаның орынбасары болып еңбек етті.
Қызы Гүлбаршын орта және жоғары білім беру саласының тәжірибелі маманы ретінде танылды, оның жолдасы Ислам Медеубаев кезінде облыстық комсомол ұйымына жетекшілік жасап, ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.
Кенже қызы Индира — медицина ғылымдарының кандидаты, оның жолдасы Владимир Кенжебаев аймақтағы белгілі нейрохирургтердің бірі ретінде танылды.
Ал Темірхан Байбосынұлы туралы ерекше айтуға тура келеді.Ол Ақтөбе қаласында 1951 жылы дүниеге келіп, осындағы педагогикалық институтты бітірген, кейінгі еңбек жолында Қазақ-орыс халықаралық университетінің президенті болған. Психология ғылымдарының докторы, академик Темірхан Байбосынұлы асыл әкенің аяулы есімін, халыққа танылған жақсы атын лайықты жалғастырды. Қазақстандағы жаңа заман ағымына сай іргелі оқу орнының негізін қалап, қоғамға қажетті білікті мамандар даярлауға елеулі еңбегін сіңірді. Өкінішке қарай, білім мен ғылым жолында тың ізденістерімен көзге түсіп, әлемнің алдыңғы қатарлы, биік мәртебелі білім ордаларымен тығыз байланыс орнатып, қарышты қадамдар жасап тұрған кемелді шағында өмірден өтті. Қазіргі уақытта Темірхан Бердімұратовты жалпы жұртшылық абзал азамат, ағарту саласындағы көрнекті тұлға ретінде еске алып отырады.
Өмір жалғаса береді. Бүгінде Байбосын Бердімұратұлының ұрпақтары — немерелері мен шөберелері білім жолын қуып, ғылым саласында белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп жүр.
* * *
Ақтөбе өңірінің белгілі азаматтарының бірі, Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Зайыр Жанжаркенов кезінде Байбосын Бердімұратов туралы: «Ағай сауда саласында қызмет істеді, өте таза кісі болды. Ол менің есімде жақсы сақталып қалды, себебі ұзақ уақыт араласып, жақын қарым-қатынаста жүрдік. Нағыз азамат, нағыз әке, нағыз маман еді!» деп жақсы пікірін білдіріпті.
Осы бір інілік ізетте айтылған айқын мінездемесі ел білетін тұғырлы тұлғаның келбетін ашып тұрғандай болады.
Талғат БҰРХАНҰЛЫ.