Бір әулеттен — үш жауынгер

Бір әулеттен тараған үш жауынгер — Қасым, Тоқжан, Ақжігіт Тәжіғұловтар әйгілі Доңызтау жерінде дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың түрлі өзгерісті кезеңдерін бастан кешірді. Олар отызыншы жылдардың аштығын бастан өткерді, отыз жетінші жылғы қуғын-сүргіннің лебін сезінді, басқа да түрлі қиындықтармен бетпе-бет келді.
Ал елге батыстан жау тигенде қолдарына қару ұстап, жауынгерлік сапқа тұрды.
Олардың үлкені Қасым Тәжіғұлов 1903 жылы дүниеге келген. Соғыс басталған тұста қырықтың қырқасына көз салып тұрған жігіт ағасы болғанына қарамастан, оны әскер қатарына шақырады. Сөйтіп, 1943 жылдан еңбек-құрылыс батальоны құрамында болып, жау бомбысынан зардап шеккен зауыттарды, маңызды өнеркәсіптік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысады.
Бұл уақытта тылда да майдандағыдай тәртіп еді. Сондықтан уақытпен санаспай, әскери талапқа сай жұмыс істейді. Белгіленген тапсырмаларды уақытында орындап, өзінің жауапкершілікті жоғары сезінуімен, тәртіптілігімен көзге түседі. Әскери бөлім басшылығының марапаттарына ие болады.
1944 жылы елге оралған соң Жамбыл атындағы колхозда шопан болып еңбек етеді. Осылайша майданда жел өтінде, от ортасында жүрген ерлерге азық-түлік дайындауға елеулі үлес қосады.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де тыным таппай, қой шаруашылығында алдыңғы саптан көрінеді. Ұйымдастырушылық қабілетімен ферма меңгерушісі қызметіне көтеріледі. Ол ферма басқарған тұста шаруашылықта озаттар қатары көбейіп, колхоздан Социалистік Еңбек Ерлері шығады. Әлжан Қарағұлов, Әліп Үбаев, Қарымсақ Байбазаров сияқты озат шопандармен бірлесіп жұмыс істеп, ел байлығын молайту жолында аянбай еңбек етеді.
Қасым Тәжіғұловтың ерен еңбегі еленіп, облыстық, аудандық деңгейдегі басшылықтар тарапынан Құрмет, Мақтау грамоталарымен марапатталды.
1909 жылы туған Тоқжан Тәжіғұлов әуелгіде сауатсыздықты жоюға арналып ашылған мектепте білім алады. Соғысқа дейін Буденный атындағы колхозда еңбек ете жүріп, 1940 жылы Коммунистік партия қатарына мүшелікке қабылданады.
1942 жылы армия қатарына шақырылған ол бірден қысқа мерзімді курстан өту үшін әскери училищеге жіберіледі. Оны бітіргеннен кейін Уфа қаласындағы жаяу әскерлердің кіші командирлерін даярлайтын училищеде білім алуды жалғастырады.
Алғаш рет майданға Бірінші Прибалтика майданы әскерлерінің құрамындағы 271-ші гвардиялық атқыштар полкінің взвод командирі болып кіреді. Жаумен шайқас кезінде екі рет жарақат алып, госпитальдан емделіп шығады. Ол өзінің қатарындағы жауынгерлерге әрқашанда жігер беріп, ерлікке ұмтылдыра біледі. Соның нәтижесінде жоғары басшылық тарапынан берілген жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай орындап, алғысқа ие болады.
Ол соғысты гвардия кіші лейтенанты дәрежесінде аяқтайды.
Елге оралған соң Қаражар бастауыш мектебінде, Жарқамыс орта мектебінде бастауыш класс шәкірттеріне дәріс беріп, сондай-ақ дене тәрбиесі пәнін де жүргізді. 1963 жылдан құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін Қарауылкелді орта мектебінде мұғалім болды.
Тоқжан Тәжіғұлов ел қорғаудағы жауынгерлік ерлігі үшін «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Ал бейбіт күндегі еңбегі «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен атап өтілді.
1919 жылы туған Ақжігіт Тәжіғұлов Темір қаласындағы педагогикалық училищенің біржылдық курсын бітіріп, 1939-1941 жылдары Жаңажол орта мектебінде мұғалім болады.
1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Ақтөбе қаласында кіші командирлер даярлайтын курстан өтеді, одан сержант шенін алып шығады.
Содан кейін осы өңірде жасақталған 101-атқыштар бригадасы құрамында Кеңес Одағының маршалы Константин Рокоссовский басшылық еткен Беларусь майданында 1942 жылдың қараша айынан жауға қарсы шабуылдарға қатысады.
Алғашқыда пулеметші болған ол бөлімше командирі ретінде өз тобын оңтайлы басқарып, неміс фашистерінің көзін жоюға бағытталған шабуылдар ұйымдастырады. 1943 жылы ауыр жарақат алып, армия қатарынан босатылады. Жауынгерлік ерлігі үшін бірнеше медальмен марапатталады.
Елге келгеннен кейін мұғалімдік қызметін жалғастырады. Еңбек ете жүріп, Ақтөбе педагогикалық училищесін, Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай оқып бітіреді.
1951-1953 жылдары Шымкент облысы Сарыағаш ауданы Красин мектебінде директор, одан кейін Байғанин өңіріне көшіп келіп, Жарқамыс орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады.
Ол зайыбы Балабай Жетпісбаевамен бірге отбасында сегіз бала тәрбиелеп өсірді.
…Тәжіғұловтар әулетінің кейінгі буыны да жауынгерлік сапта әскери қызмет жасап, аталар дәстүрін жалғастыруда.
Мысалы, Досбол Тәжіғұлов Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында қызмет атқарып жүр.Ал Бектас Тәжіғұлов — әскери бөлімде бөлімше командирі.
Лаура БАЗАРБАЙ.






