Мәдениет

Үздіктер бас қосқан байқау

Өнер

Өнер орталығында кәсіби би ұжымдарының басын қосқан — «Аққу-2025» ІІреспубликалық бишілер байқауы өтті. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Аққу» би ансамблінің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мәдени шараға еліміздің әр өңірінен 150-ге жуық өнерпаз қатысты.
Байқау облыстық әкімдіктің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен өтті. Бұл байқаудың басты мақсаты —еліміздің би өнерін дамыту, ұлттық мәдениетті насихаттау, хореография саласындағы жаңа шығармашылық идеяларға қолдау көрсету, сондай-ақ қазақ би өнерінің үздік орындаушыларын анықтау.
Байқауға Атырау, Ақтау,Орал, Тараз, Шымкент, Арқалық қалаларынан келген 12 би ұжымы қатысты. Жалпы, 147 биші өнер көрсетті. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар қазақ биін, екінші кезеңде халықтық биді орындады.Жалпы, бұл байқау би ұжымдарына тәжірибе алмасуға, репертуарларын байытып, сахна мәдениетін жетілдіруге мүмкіндік береді, — деді «Аққу» би ансамблінің бас балетмейстері, ҚР еңбек сіңірген қайраткеріГүлнәр Мәмбетова.
Қазылар алқасына би өнерінің майталмандары жетекшілік етті. Алқа төрайымы — Қазақ КСР-нің халық артисі, балетмейстер, қоғам қайраткері Гүлжан Ізімқызы.
Екі күнге созылған би өнерінің мерекесінде ұлттық нақыштағы қойылымдар арқылы көрерменге халықтың ішкі жан дүниесі мен салт-дәстүрі терең әсермен жеткізілді.
Байқау нәтижесінде Құлсары қаласынан келген «Жем аруы» би ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Қатысушы ұжымдар да түрлі номинациялар бойынша марапатталып, жүлделі орындарға ие болды. Байқау аясында республикалық тәжірибелік конференция мен шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды. Бұл жас бишілер мен жетекшілер үшін кәсіби өсуге жол ашты.
Мәдени шараның жалғасы ретінде «Аққу» би ансамблінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті. Шығармашылық кеште ансамбльдің ең үздік қойылымдары көрермен назарына ұсынылды. Концерт би өнеріне деген құрмет пен сүйіспеншіліктің шынайы көрінісіне айналды.
Айта кетейік, 1999 жылы құрылған «Аққу» би ансамблі—облыстың мақтанышы. Ұжым репертуарында қазақ халқының дәстүрлі билерімен қатар, заманауи қойылымдар мен этникалық композициялар бар. Ансамбль халықаралық деңгейдегі өнер фестивальдеріне тұрақты түрде қатысып, еліміздің атын шет мемлекеттерде танытып келеді. Олар Қытай, Үндістан, Польша, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдердің сахналарында өнер көрсетіп, шетел көрермендерінің жоғары бағасын алған.
Ансамбльдің басты мақсаты — қазақтың би өнерін дамыту, дәстүрлі биді сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу. 25 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан ұжым бүгінгі таңда жаңа шығармашылық белестерге бет алып келеді.

А.АЛТЫБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button