Полицейлер «Әлия» деректі фильмін тамашалады

Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуы аясында облыстық полиция департаментінің ғимаратында «Ер есімі — ел есінде» атты жылжымалы көрме өтті. Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі мен облыс Полиция департаменті бірлесіп өткізген көрмеге полиция қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рустам Апсеттаровтың айтуынша, бұл іс-шараның мақсаты — батыр ерлігін дәріптеу арқылы жас ұрпаққа өнеге көрсету, олардың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, Отанын қорғай білуге, батырлыққа, ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеу.
— Әлия Молдағұлова — тек ерлік пен батырлықтың ғана емес, сондай-ақ отансүйгіштіктің, табандылық пен қайсарлықтың символы. Біз батырдың ерлігі арқылы жас ұрпақтың бойына туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті сіңіргіміз келеді. Тәуелсіздік — ері бар елге қымбат. Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан — осындай ардақты ұл-қыздар. Әлия апамыз сондай аяулы перзенттердің бірі. Осындай тұлғаларымен туған ел әрқашан мақтана алады. Әлия есімі — біз үшін ұлы өнеге, ал оның өмір жолы — келешек ұрпақ үшін шамшырақ, — деді ол.
Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің аға ғылыми қызметкері Сәуле Тажбенованың айтуынша, жылжымалы көрме ғылыми-фото мемориалды музейінің архивтік материалдары мен фотоқұжаттары негізінде дайындалған.
— Жергілікті полиция қызметкерлерінің музейге барып, ондағы жәдігерлерді емін-еркін тамашалауға уақыты бола бермеуі мүмкін. Сондықтан осындай жылжымалы көрме ұйымдастыру қажет деп шештік. Бүгінгі іс-шараға жас мамандар белсенді қатысып жатыр. Біздің мақсатымыз да сол — жастардың өз елінің тарихын, батырларын білуге деген қызығушылығын арттыру, — деді музей өкілі.
С.Тажбенова жылжымалы көрмедегі архивтік материалдар мен фотоқұжаттардың әрқайсысына тоқталып, батыр өмірі мен ерлігі, Әлияны танытқан тұлғалар туралы мол мағлұмат берді.
Алматы ауданы №3 қалалық полиция бөлімінің кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Нұрсая Қуанышбек алдағы уақытта да Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты.
— Жастардың жауынгерлік рухын көтеру, патриоттық тәрбиені нығайту мақсатындағы іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Қобда ауданындағы «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығына, аудандағы музейге бару, сол жерде спорттық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді ол.
Көрме барысында облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин, басқа да сала ардагерлері сөз алып, мұндай патриоттық іс-шаралардың жастарға берері көп екенін айтты.
Көрмеге қатысушылар документалист Юрий Пескуновтың 1970 жылдары түсірілген «Әлия» деректі фильмін тамашалады.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.








