Жеңіс

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай Ақтөбе көлік, байланыс және технологиялар колледжінде облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ұрпаққа аманат» атты әскери-патриоттық кездесу өтті.

Оған Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының қызметкері Сансызбай Қалбайұлы, Қарулы күштер ардагерлер кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы Қажымұқан Сәтенов және 250-ге жуық білім алушы қатысты.
Кездесуде оқушылар арасындағы құқықбұзушылық пен лудоманияның алдын алу мәселелері қаралды. Іс-шара ұйымдастырушысы, облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлының айтуынша, бүгінде ювеналды полиция өкілдерімен бірлескен рейдтердің нәтижесінде оқушылардың арасындағы кикілжіңдер уақтылы шешімін тауып жатыр.
— Бүгінде волонтерлер ювеналды полиция тобының өкілдерімен бірге қылмыстың алдын алу, көшеде бақылаусыз жүрген балаларды қадағалау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы мен рейдтер ұйымдастырады. Мақсат — жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу. Осыған байланысты психологтарға жоғары және арнаулы оқу орындарында ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жасөспірімдер тазалық жұмыстарына жұмылдырылады. Жуырда қала сыртындағы су қоймаларында «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш» секілді акцияларды ұйымдастырмақпыз, — дейді ол.
Салтанатты іс-шарада Қарулы күштер ардагерлер кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы, әскери сала ардагері Қажымұқан Сәтенов болашақта Отан қорғайтын жастарға елдің қауіпсіздігін сақтау аса маңызды міндет екенін айтты.
— Соғыс жылдарында аға буын қан майданда теңдессіз жанқиярлық пен батылдық танытты. Оларға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Биыл Жеңістің 80 жылдығы мен қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына кең көлемде аталып өтуде. Жауынгерлеріміздің ерлігі мен есімін ұлықтау — басты мақсатымыз. Майдангерлердің Отан үшін от кешкен ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бабаларымыздың өршіл рухы мен отансүйгіштігі, қайсарлығы мен еңбекқорлығы үлгісінде қазіргі жастарды патриотизмге тәрбиелей білуіміз керек. Елге қызмет абыройлы міндет екенін естен шығармайық, — деді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button