Нұра ауылындағы жаңа мектеп-балабақша мемлекет меншігіне алынады

Ырғыз ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі былтыр көктемде су тасқынынан зардап шеккен Нұра ауылына барды.
Аймақ басшысы апатты мектептің орнына жеке кәсіпкер салған жаңа білім ордасын көріп, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, су тасқынынан кейін Нұрадағы өзекті мәселелердің бірі мектеп мәселесі еді. Темірбек Жүргенов атындағы бұрынғы орта мектептің ғимараты апатты деп танылды. Жеке инвестор «Қуанышбек» ЖШС Сарыоба жерінде жүз орындық жаңа оқу орнын салып, оның жанынан шағын орталық ашуға септігін тигізді. Қазір оқу орнында 105 бала оқып, 38 педагог жұмыс істейді. Айта кету керек, қазіргі уақытта нысанды мемлекеттік меншікке рәсімдеу ісі жүріп жатыр.
Облыс әкімі жаңа ғимаратты аралап, ұжыммен әңгімелесті және мектеп құрылысына қаражат салған кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігін атап өтті.
Бұдан соң, Асхат Шахаров жергілікті тұрғындармен кездесті. Нұралықтар әкімге мектеп айналасын абаттандыру және жол салу туралы өтініштерін білдірді. Өңір басшысы ауылдағы жол құрылысы жақын арада жұмыс жоспарына енгізілгенін алға тартты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Нұрада воркаут – балалар алаңын, мәдениет үйі, фельдшерлік-амбулаториялық пункт салынады деп уәде берді.
Н.ДАБЫЛ.