Идеялар, технологиялар және мүмкіндіктер алаңы

Hackathon-2025
Ақтөбе IT Hub базасында SMART SOLUTIONS 2025 хакатоны, яғни өңірдегі колледж оқушылары арасындағы технологиялар, идеялар байқауы өтті. Іс-шара мақсаты — жас таланттарды анықтау, олардың цифрлық және коммуникациялық дағдыларын дамыту, сондай-ақ креативті және аналитикалық ойлау қабілеттерін арттыру.Хакатон дегеніміз — қатысушылар командаға бірігіп, шектеулі уақыт ішінде белгілі бір тақырып бойынша нақты шешімдер жасайтын интенсивті сайыс. Яғни бұл хакатонға облыстағы 14 колледжден жиналған 40-тан астам оқушы — болашақIT-мамандар, стартаперлер 48 сағат ішінде заманауи цифрлық шешімдерді әзірлеу үшін жиналды.
Мұндай бағыттағы сайыстарды 2023 жылдан бастап Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі және Aqtobe Hub бірігіп ұйымдастырып келеді.
— 2023 жылы алғашқы хакатон Python бағдарламалау тіліндегі тапсырмаларды шешуге арналды. Бұл хакатонға оқушылар белсенді қатысып, жоғары сапалы жобалар жасады. Сондықтан осы бастаманы әрі қарай жалғастырып, дәстүрлі түрде өткізу қажет деп шештік.
Биылғы хакатонның тақырыбы — «Бизнесті дамытуға арналған шешімдер». Қатысушы командаларға бизнес-процестерді оңтайландыратын немесе жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып нақты бір қосымша жасап шығару міндеті қойылды.Бұл тақырыпты таңдаған себебіміз — Ақтөбе облысында бизнес саласы кең дамығанымен, кәсіпкерлер үшін тиімді отандық IT-платформалар жеткіліксіз.
Егер хакатон барысында қызықты әрі тиімді жобалар анықталса, оларды әрі қарай дамытуға, қолдауға дайынбыз. Инвесторлар тарту арқылы стартап форматында жүзеге асыру да ойымызда бар, — дейді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасарыРинат Хайруллаев.
Биылғы хакатонда қатысушыларға төрт кейс ұсынылған. Олар: бағалау жүйесі — KPI және кері байланыс негізінде қызметкерлерді бағалау платформасын жасау; зияткерлік агент (ЖИ) — тұтынушыларға көмек көрсетіп, нақты уақыт режимінде кеңес беретін интеллектуалды көмекші; іздеу жүйесіне арналған сүзгілер — пайдаланушы қалауларын ескеретін жетілдірілген іздеу және сүзгілеу жүйесі және бизнесті автоматтандыруға арналған қосымша — компанияның ішкі процестерін біріктіретін платформа (жобаларды басқару, құжат айналымы, тапсырмалар, қызметкерлердің өзара байланысы) жасау.
— Оқушылар осы кейстер негізінде өз жобаларын әзірлейді. Биылғы хакатон барасында техникалық тапсырмалармен бірге автоматтандыру, тұтынушылар тәжірибесі және цифрлық бизнес құралдары сынды элементтер қосылды.
Негізгі концепция — жастардың практикалық ІТ дағдыларын дамыту. Бұл тапсырмалар студенттердің нақты бизнес мәселелерімен жұмыс істеу, тиімді шешімдер табу және оларды қолдануға жарамды өнімге айналдыру дағдыларын дамытуға бағытталған. Қатысушылар тек бағдарламалаумен ғана шектелмей, сонымен қатар аналитика, UX-дизайн және жоспарлау үдерістеріне де белсенді қатысып жатыр. Хакатонда ұсынылған ең үздік идеялар әрі қарай жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады. Яғни бұл іс-шараның жастардың жаңа дағдыларын шыңдайтын, жеке жобаларын іске асыру жолын бастайтын алаң боларына сенеміз, — дейді ұйымдастырушылардың бірі,Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің меңгерушісі Багдана Машимбаева.
Ақтөбе жоғарғы политехникалық колледжінің үшінші курс оқушысы Әсет Мұрат төрт адамнан тұратын командасымен жасанды интеллект технологиясын клиенттердің сұранысын талдау және аналитикалық бағытта қолдану мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтады.
— Біздің жобаның мақсаты — тұтынушыларға тауарлар мен қызметтерді оңай табуға көмектесу. Мысалы, біз жасаған қосымша белгілі бір фирмадан киім-кешек немесе маман қажет болса, соны іздеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатаржасанды интеллект көмегімен басқа ірі сайттардағы танымал тауарлар туралы ақпаратты сараптап, аналитика жасау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, — дейді ол.
Жас стартаперлердің жұмысын сараптауға тәжірибелі мамандар шақырылған. Олардың қатарында 2023 жылы өткен хакатонда өз жобаларын қорғап, бүгінде түрлі компанияларды басқарып отырған мамандарда бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, хакатон алаңы жастардың болашақта жұмысқа орналасуына да септігін тигізбек.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



