Денсаулық

«Жылына 40 шақты бала буын ауруынан емделеді»

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігер-ортопеді Қуантай Махамбетов осылай дейді

Буын ауруына ересектер ғана емес, жаңа туған нәрестелер де шалдығып жатады. Әсіресе балалар арасында жиі таралған буын  ауруы — ұршық басының шығуы немесе ұршық буынының дисплазиясы. Ресми деректерге сүйенсек, өңірде бұл дертпен жылына 40-тан астам бала емделіп шығады. Олардың ішінде басым бөлігі туабітті пайда болады екен. Тірек-қимыл жүйесінде болатын ақаудың себебі неде? Бұл сырқаттан қалай сақтанса болады? Осы және өзге де сауал төңірегінде 36 жылдық тәжірибесі бар дәрігер-ортопед Қуантай Қапарұлымен сұхбаттасқан едік…

Ортопед маманның айтуынша, жаңа туған сәбиді бір айдан соң дәрігердің тексерісінен өткізу қажет. Ал кейбірі бұл уақытты өткізіп алады. Уақтылы қаратпай, селқостық танытқанның салдарынан балалардың көбіндедисплазия диагнозы анықталып жатыр.
Балалардың жамбас дисплазия­сы потологиялық ауру болып есептелмейді. Дегенмен дер кезінде ем алмаса, дерт дендеп, тірек-қимыл қозғалысын тежеп тастайды. Қазіргі таңда осы диагнозбен ауыратын балалар саны баршылық. Тексерілуге келген әр бесінші балада ұршықтың басы дамымай қалған. Көбіне қыз балалар мен шала туған нәрестелерде  байқалады. Негізінен, бұл аурудың неден және қалай пайда болатыны медицинада толық анықталмаған. Туа біттіауру баланың жатырда жатқан кезде инфекция түсуінен, жүктіліктің алғашқы кезеңдеріндегі токсикоздан, экологиялық жағдайдың әсерінен, туу кезінде жамбасымен келуі жағдайында кездесіп жатады. Сонымен қатардәрумендердің жетіспеушілігінен 6-8 жас аралығындағы балалардан да анықталып жатыр. Негізінен, туа біткен тірек-қимыл ақауын педиатриялық ортопед мамандар бірден байқайды. Мәселен, жамбастағы және сандағы қатпарлардың ассенометриясы, салыстырмалы түрде бір аяғының қысқалығы, аяқты айналдырғанда сан мен жамбас сүйегі арасындағыдыбыстың естілуі — аурудың алғашқы белгілері. Ал ересек балаларда бұл сырқат қан айналымының бұзылу салдарынан, ұсақ жарақат әсерінен болады. Алайда ересек балаларда жүре пайда болғандықтан оны тек ота арқылы қалпына келтіре аламыз. Біздің орталықта ересек балаларға хирургиялық жолмен қалпына келтіру әдісі енгізілмеген. Себебі маман тапшылығы, тәжірибе аздығы бар. Аталған диагнозбен орталыққа келген балаларды тексерістен өткізіп, порталға салып, Астана қаласына жібереміз.Емдеудің, басқа түрін өзіміз қадағалаймыз, — дейді Қ.Махамбетов.
Бұл диагноз кейін тұқым қуалауы да мүмкін дейді дәрігер. Өйткені ғылымдағы  «генеологиялық жады» ұғымы денеде болған барлық дертті бойына жинап, қан арқылы ұрпаққа беріледі деседі. Сондықтан дер кезінде ем қабылдап, емдеу барысындағы ем-шараларды сақтаған абзал дейді ортопед маман.
Жаңа туған нәрестедегі бұл ақауды анықтаған соң алғашқы 10 күн ішінде ем тағайындаймыз. Америкалық «понсети» әдісі арқылы арнайы «шина» әзірлейміз. Бір жасқа дейінгі балаларды емдеу ұзақтығы 9 ай көлемінде жүргізіледі. Алғашқы үш айда «Лоренц-1» (положение по Ланге) қалыптағы әдіс қолданылады. Сөйтіп, үш ай сайын бұл үш түрлі қалыпқа өзгеріп отырады. Бұл — қалың сымнан жасалатын құрылғы. Бұндай «шинаның» түр-түрі бар. Дәріханада арнайы жастықшалар да сатылады. Дегенмен өзіміздің жергілікті ғалым, доценттеріміз ойлап шығарған «шиналарды» қолданамыз. Емдеудің соңғы сатысысында хирургиялық жолмен сіңірді кесіп, гипс саламыз. Ол медицинада «ахиллотомия» деп аталады. Кейін  3-4 жасқа жеткенше арнайы аяқкиіммен жүреді. Егер осы талапты сақтамаса, ескертулер еленбесе, бұрынғы қалпына қайтаоралады. Сондықтан гендегі «жадты» ұмыттыру үшін кемінде төрт жыл қағиданы қатаң ұстанған жөн, — дейді ол.

Ұршық басы дисплазиясынан сақтану үшін ананың денсаулығы жақсы болуы керек. Баланың потологиялық, жұқпалы, созылмалы ауруларға шалдығуы  анасының денсаулығына тікелей байланысты. Өйткені бұл дерттің дені нәресте құрсақта жатқан кезінде сүйектері мен жіліктерінің дұрыс дамымауынан пайда болады екен.
Ортопедия бөлімінде жатқан нәрестелерден бөлек, оқушы қыз баланы көзіміз шалды. Ойын баласының бір күнде бұл дертке шалдығуын дәрігер де дөп басып айта алмады.
Иә, бұндай сырқат жасөспірім жасқа дейінгі балалардың арасында 2-3 пайыз ғана кездеседі. Әдетте қан айналымының бұзылуы әсерінен жамбас бұлшық еттерінің жұмысы бәсеңдеп, ұршық сүйегінің мүжілуінен туындайды.
Былтыр тамыз айында Айзере есімді қыз бала осындай дертпен орталыққа келді. Оған пертес диагнозын қойдық,
— деген дәрігер ем алушының өзімен және анасымен жолықтырды.
Шалқар қалалық №2 орта мектебінде оқитын Айзере Жаңабекованың анасы бір күннің ішінде қызының ақсап қалғанын байқайды.
Жаз айы болатын. Қызым әдетте сабақтан келген соң математика, дизайн, қобыз, ағылшын үйірмелеріне қатысатын. Ойын баласы болған соң, үйірмеден шығып, құрбыларымен ойнауға кетті. Ойыннан аман-сау келген балам тамақтанып болған соң ұйықтап қалды. Бір кезде ақсап қасыма келді. Аяғын мүлде баса алмады. Содан аудандық ауруханаға апардық. Олар осы жаққа жіберді. Рентген аппаратына түсірген соң ұршық сүйегінің зақымдануын анықтап, диагнозын қойды. Содан бері ем алып, үйден оқып жатқан жайымыз бар. Былтыр қазан айында Астана қаласында ота жасалды. Қаңтар айында тексеріске қайта барып келдік. Оңалтуға қатысты ем-домдарды осы балалар ауруханасында жалғастырып келеміз. Жағдайымыз бірқалыпты. Күніне 15-18 сағат аяғын созып, жоғары іліп қояды. Жүруге болмайды деп мені қасына алған болатын. Сабырмен, сақтықпен күтініп жүруге тура келеді, — дейді анасы.
Балалардағы буын ауруларының алдын алу мен емдеудің нәтижелі болуы үшін дұрыс диагноз қою, кәсіби емдеу әдістері және уақтылы профилактика өте маңызды.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасыортопедия бөлімін үлкейтуді жоспарлап отыр. Әрі мамандармен түрлі бағытта тәжірибе алмасып, жаңа тәсілдерді енгізуді көздейді.
Буын ауруының ішінде отасыз, массаж арқылы емделетін түрлері де бар дейді дәрігер. Алайда оны ортопедиялық білімі бар нағыз маман жасауы қажет.
Массажист Өркен Сартай — сондай маманның бірі.
Ертеректе аналарымыз балалардың буын ауруын өздері-ақ емдеп алған. Өйткені жаңа туған нәрестені арқасына салып, дала жұмысын жасап жүретін. Жас ағза болғандықтан баланың сүйегі солай «кірігіп» кететін.
Жалпы, балалар арасындағы буын ауруының түрі көп. Соның ішінде ең жиі кездесетіні — майтабан, вальгус.
Табанда 26 сүйек, 33 буын, 19-дан астам бұлшық ет бар. Егер бала қадамын нық әрі дұрыс баспаса, сүйек қалыбы өзгереді. Табан кішкентай ғана болғанымен, адам тұлғасының бәрін «ұстап тұруға» қауқарлы. Өкше сүйегі мүжілсе, тізеге әсерін тигізеді. Тізе сүйегі өзгеріске түссе, жамбас мүжіледі. Одан кейін омыртқаның бүтіндігі бұзылады…  Ең соңында шайнау сүйегі, жақ сүйектерінің орны қозғалып, түрлі ауруларға апарады. Балалардағы майтабан мен вальгусты емдеп, массаж жасап жүргеніме 7 жылдан астам уақыт болды. Орталыққа шамамен күніне 10-ға жуық бала келіп, көмекке жүгінеді. Ортопедиялық аурулардың алдын алу үшін баланың кішкентай кезінен бастап анализдеріне мән беріп,ағзаға керек дәрумендерді ғана ішкізу керек. Майтабан, вальгус тәрізді диагнозы бар балаларғакөбіне массаж жасалады. Ата-ананың көп мән бермейтін тұсы — балаға дұрыс аяқкиім таңдамауы. Сән қуып, кішкентай балаларға өкшені ұстамайтын, корпусы жоқ аяқкиімді таңдаудан қашық болған дұрыс. Сондықтан ортопедиялық аяқ-киім таңдап, сапалы ұлтарақ қолданған жөн. Себебі табандағы нүктелер баланың дамуына тікелей жауапты, —
дейді Ө.Сартай.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button