Жас таланттар өнері

А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде өткен «Шырқа, менің сырнайым» атты музыкалық кеште колледждің талантты оқушылары өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Сахнада өнер көрсеткен оқушылар Атырау қаласында өтетін «Еуразия кубогы» III халықаралық баян, аккордеоншылар байқауына қатысады. Бұл концерт осы байқауда бақ сынайтын таланттылардың шеберлігін шыңдап, дайындықтарын пысықтау мақсатында ұйымдастырылды. Жас өрендердің концертіне ата-аналар мен ұстаздар қатысып, қолдау білдірді. Сондай-ақ концертті тамашалауға Ақтөбе қаласындағы барлық өнер және музыка мектебі мен колледж оқушылары шақырылды.
Колледждің «Халық аспаптар» бөлімінің оқытушысы Ақгүл Әбішова концертті ұйымдастыру, жас өнерпаздардың алдағы байқауларға дайындығы жөнінде айта өтті.
— Сырнай — қазақстандық жыршы, әншілердің сүйікті аспабы. Колледждің оқушылары сырнай аспабын ерекше жақсы көреді. Концертті теория бөлімінің ұстазы Татьяна Соловьевамен бірлесе ұйымдастырдық. Бастамамызды колледж басшылығы мен облыстық жастар ресурстық орталығы қолдады. Жақында Атырау қаласында ірі байқауға қатысамыз. Сахнада 8 оқушы өнерлерін паш етті. Ал кеш қонақтары өнерпаздарымызға ерекше қолдау көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті, — дейді А.Әбішова.
Концертте өнер көрсеткен колледж оқушыларының бірі — Жаннұр Жұмабайқызы. Ол — халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, халық аспаптар бөлімінің 3-курс оқушысы. Ол концертке ерекше дайындықпен келген.
— Әр қатысушы 3 шығармадан орындауы керек. Мен Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін, Марчелло-Бахтың «Концерт ре минор»туындысының 2-бөлімін және Евгений Дербенконың «Скерцо в классическом стиле» шығармаларын орындаймын. Маған қолдау білдірген жандарға алғысым шексіз, — деді
Ж.Жұмабайқызы.
Концертке К.Байсейітова атындағы музыкалық мектеп-интернатының оқытушысы Жандос Сауыт және П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің оқытушысы Диас Елемес қатысып, жас өнерпаздарға қолдау білдірді. Қонақтар кеш соңында өңірдегі балалар музыка мектептері мен колледж оқушыларына арналған шеберлік сабақтарын өткізді.
Аружан СМАҒҰЛОВА.



