Велошабандоз Абай ауылына келді

Абай – 180
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ақтөбелік велошабандоз Жұмабай Отарғалиев Абай ауылына велошеру ұйымдастырды.
Ақынның туған өлкесіне жасаған сапарынан естелік болған құнды кітапты Абай ауылының тұрғындарына табыстау үшін саяхатшы алдымен Ақтөбеден Хромтау қаласына жетті. Саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған 71 жастағы қария саяхаттың бұл түріне жайдан-жай келмеген. Таңдаған мамандығы арқылы еліміздің түкпір-түкпірін жүрдек пойызбен аралап, саяхат жасауға дағдыланған Жұмабай қарт үнемі жалғыз саяхаттағанды ұнатады екен.
— Зейнетке шыққан соң түрлі спорттық іс-шаралар мен марафондарға белсене қатысып жүрдім. Салауатты өмір салтын ұстауды мақсат қойып, 2017 жылы велошеруге қызыға бастадым. Сол жылдан бастап еліміздің батысы мен шығысын аралап, жүріп өттім. Ал бұл сапарымның басты мақсаты — Семей қаласынан құнды естелік болған кітапты Абай ауылы тұрғындарына табыстап, ақынның рухына тағзым етіп, оның өшпес мұрасын дәріптеу болды, — деген саяхатшы сапары туралы сыр шертті.
Оның айтуынша, жол бойындағы жүк және жеңіл көліктердің жиілігі көңілге сенімділік ұялатқан. Сапар алдында қажетті дүниелердің барлығын жинақтаса да, ұзақ жолда тосын сәттер көп кездесетін көрінеді. Әсіресе дөңгелектердің желі шығып немесе жарылып қалу қатері жоғары. Осындай қиындықтардың барлығын еңсерген Жұмабай Отарғалиев Хромтау қаласына аман-есен жетті. Хромтауда оны жастар қарсы алды. Саяхатшы жастармен кездесуде салауатты өмір салтының маңыздылығын атап өтіп, спортпен шұғылдануға шақырды.
— Жастар — елдің болашағы, сондықтан әрқашан алға ұмтылып, білім алуға және еңбек етуге дайын болу керек, — деді ол өз сөзінде.
Мәреге жеткен кезде Жұмабай ақсақал сол ауылдағы Абай Құнанбайұлы ескерткішінің жанында оқушылармен кездесіп, кітапты мектеп ұжымына табыстады. Оқушыларға табандылығымен үлгі болған саяхатшы мамандық таңдау жөнінде де кәсіби бағдар берді.
Алдағы уақытта ол еліміздің басқа өңірлеріне саяхат жасауды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, бұл сапарлар арқылы ол елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек танып, жастарға үлгі болғысы келеді.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА,
Хромтау ауданы.



