Мәдениет

«Өмір ғажап!»

15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай Ақтөбеде «Өмір ғажап!» атты әдемі өнер кеші өтпек: Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, сазгер, республикалық ән байқауларының жүлдегері Дулат Айтжановтың шығармашылық ән кеші. Өнер орталығын сырлы әнге толтыратын кешке елімізге белгілі сахна саңлақтары Майра Ілиясова, Нұрлан Өнербаев, Марат Әйтімов, Қанат пен Светлана Айтбаевтар, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Орал-Қосай Байсеңгір- Нұргүл Тілегенова,Аллаберген Жақсыбаев, Рита Рим, Арайлым Рақымқызы, Жұлдыз Нұрқасымова және Ғ.Жұбанов атындағы облыстық филармонияның басқа да әншілері өнер көрсетеді.

Шығармашылық кеш қарсаңында жақында ғана 45 жасқа толған сазгер Дулат Айтжановпен шығармашылығы, алдағы жоспарларытуралы сұхбаттасқан едік… 

Жаңа жинақ жарық көреді

Дулат Айтжанов— лирикалық композитор. Қазақ музыкасы мен тіл білімінің негізін қалаған ағайынды Жұбановтар дүниеге келген Мұғалжардың етегінде кіндік қаны тамған қара баланың көкірегіне саз ұялағаны заңдылық болса керек. Әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың ізін жалғаған талай таланттар өмірге келген өңір бұл.

«Мен өзімді әнші деп айтпаймын, тек жүрегіме жақын әндерді орындаушы ғанамын», — дейді Дулат. Десек те, Дулаттың әншілігі де бір бөлек. Зайыбы Рита Рим екеуі салатын сырлы сазы жаныңды бірде мұңға, бірде қуанышқа бөлейтін, құр айқай-шудан, алабажақ сөздерден ада есті әндері тыңдарманына тым жақын.

— Қазірге дейін 120-дан астам ән жазған екенмін. Оның ішінде орындалып жүргені де, ұмытылып кеткені де бар. Бірақ әрқайсысының мен үшін орны бөлек. Жиі орындалып жүрген 50-60 ән бар, соның ішінде Орал-Қосай Байсеңгірдің сөзіне жазылған «Біз біргеміз!» атты әнім жаныма жақын. Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы кезіндегі жағдайға байланысты туған ерекше шығарманы облыстық филармония әншілері орындап шықты.

Ал Орал-Қосай Байсеңгірдің сөзіне жазылған «Сағыныш сазы» атты әнімізді біздің төлқұжатымыз десек болады. Оған кезінде Қанат Айтбаев ағамыздың «Димаш-Әли» студиясында бейнебаян да түсірілген болатын. Тыңдарман өте жақсы қабылдады. Бұл әнді Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері, сол оқу орнында оқығандар әлі де айтып жүр, — дейді Дулат.

Дулаттың жалпы өнер әлемінде жүргеніне ширек ғасырдай уақыт болған. 2011 жылы «Жаса, Қазақстан!» деген атаумен алғашқы шығармашылық кешін өткізді. Одан кейінгі жылдары  «Кеш жарық, Ақтөбе!», «Біз біргеміз!» атты ән кештерін өткізді. Мұғалжар ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында концерт берді, басқа да шағын кештер ұйымдастырды.

Бесінші ірі шығармашылық кешімді15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай «Өмір ғажап!» деген атаумен өткізгелі отырмын. Былтыр дәл осы күні Алматыдағы Республика сарайында өнерлі жұп Мирас-Құралай Бекжановтар әдемі кеш өткізген кезде «Челленджді біз қабылдаймыз», — деген едік. Сол идея, міне, іске асқалы отыр. «Өмір ғажап!»жаңа әніміздің атауы. Кеште бұл әнді белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев ағамыз орындайды, — дейді Дулат.

Шығармашылық кеш барысында Дулаттың әндері жинақталған және өнердегі жолы жөнінде жазылған кітап таныстырылмақ. Онда өнер майталмандарының, тыңдарманның пікірлері де топтастырылған.

Өнерде де, өмірде де бірге

Дулат пен зайыбы Рита Айтжановтарды ақтөбеліктер отбасылық өнерлі жұп ретінде жақсы біледі. Өмірде де, өнерде де қол ұстасып бірге келе жатқан Дулат пен Рита бір мектепте білім алып, бір сыныпта оқыған.

— Екеуміз бір-бірімізді мектеп кезінен білеміз. Ақтөбе қаласындағы Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балалар мектеп-интернатына мен 1992 жылы,  Рита 1995 жылы келді. Мектеп сахнасында Рита ән айтатын еді, мен сол кездегі мектептегі музыка пәнінің мұғалімі, ұстазымыз Құрманбай Қосжановтың қасында жүріп, музыкалық аспаптарды меңгеруге ден қойдым. Мақсот Құсайынов ағайдың 60 жылдығында өнер көрсеткенім есімде. Құрманбай ағайдың жетекшілігімен сахнаға алғаш сол кезде шықтым, — дейді Дулат.

Мектеп бітірген соң Дулат А.Жұбанов атындағы музыкалық училищеге үрмелі аспаптар бөліміне, Рита Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне филология факультетіне оқуға түседі. Екеуі екі бөлек оқу орнында оқыса да, өнер екеуін қайта табыстырып, шаңырақ көтереді. Алдағы жылы отау құрғандарына 25 жыл толатын Айтжановтар отбасында үш бала өсіп келеді. Үлкені Азамат оқу бітіріп, қазір әскери авиация саласында еңбек етіп жүр. Қалған екі баласы мектепте оқып жатыр.

— Ританың дауысына лайықталып жазған әндерім бар. Әзірге екеуміз дуэт ретінде сахнаға бірге шығып жүрміз, Алматы, Астана қалаларында өткізілетін өнерлі жұптардың республикалық ән кештеріне де қатысамыз. Алдағы уақытта Ританың жеке әнші ретіндегі шығармашылық ән кешін өткізгіміз келеді. Ол үшін репертуарды толықтырып, тыңғылықты дайындық жүргізу керек, — дейді Дулат.

«Мақсатым — әндерімнің тыңдарманымның жүрегіне жеткені»

Отбасы күніне арналған шығармашылық кеште Дулат пен Ритадан басқа,

Қанат пен Светлана, Мирас пен Құралай, Орал-Нұргүл сынды отбасылық өнерлі жұптар да сахнаға шығады. Өнердегі әріптес аға, апаларының барлығы да — Дулаттың кезіндегі балаң жырларының куәгерлері.

— Студент кезімде фортепианомен түрлі әуендер шығарғаныммен, онымды біреуге айтуға, көрсетуге ұялатын едім. Кейін «Димаш-Әли» студиясына барып, әуендерімді тыңдатып, қолдау таптым.  Ең алғашқы әнім — Орал-Қосай Байсеңгірдің сөзіне жазылған«Туған жерім— Жембойы» деген әнімдісахнаға әнші Айбат Мақашев алып шықты. Бұл менің шығармашылығыма ерекше серпін бергендей болды. Содан кейін біртіндеп әндерім жарыққа шыға бастады. Бастапқыда әуелі әнді жазып, кейін ақындарға жіберетінмін. Соңғы жылдары өлеңге ән жазуға тырысамын. Әндерімнің басым бөлігіОрал-Қосай Байсеңгірдің сөзіне жазылды. Сонымен бірге Бауыржан Бабажанұлы, Сәтжан Дәрібай,Қалқаман Сарин, Талғат Тілеулесов, Талант Арғынғали,Оңталап Базаралы, Лаура Палман сынды ақындармен шығармашылық байланыстамын, — дейді сазгер.

Дулаттың жеке концерттерінің бірінде Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған «Сағындың ба?» атты әнін белгілі әнші Димаш Құдайберген 17 жасында орындапты. Кейін Димаш әлемге танылған соң, фан-клубтары сол әнді тауып алып, оннан аса тілге аударып тастапты.

— Димаштың жанкүйерлері маған әлеуметтік желі арқылы хабарласып, «Димаш осы әнді қайтадан орындаса екен», — деген тілектерін білдірді. Ақпан айында Германияда тұратын Димаштың Ольга деген жанкүйері мені арнайы іздеп келіп, сол ән жайлы сұхбат алды. Димаш туралы фильм түсірмекші екен, — дейді Дулат.

Бүгінде қазақ эстрадасы сахнасында Дулаттың әндері жиі орындалады. Кезінде Нұрлан мен Мұраттың репертуарындағы Дулаттың «Ауылға» деген әнін, «Заман» тобының орындауындағы «Ғашықпын» әнінтыңдарман ықыласпен қабылдады. Бүгінде оның  шығармаларын Ұлықпан Жолдасов, Қанат-Светлана Айтбаевтар, Мирас-Құралай Бекжановтар, Тамара Асар сияқты танымал өнер жұлдыздары орындап жүр.

— Жергілікті ақындардың поэзия кештерінде сол ақындардың сөздеріне жазылған әндер орындалып жатады. Мәселен, Талғат Тілеулесов, Жұлдыз Қожабекованың жеке шығармашылық кештерінде әндерім орындалды. Жалпы, барлық ақтөбелік ақындардың өлеңдеріне жазылған әндерім бар, — дейді Дулат.

Дулат —  2022 жылдан бастап Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі. Сонымен бірге Қазақ авторлар қоғамының қатарында да бар. Бүгінде Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда музыка көркемдеушісі ретінде қызмет атқарады. Филармония әншілерінің әндерін көркемдеп, аранжировкасын жасайды.

— Мақсатым — әндерімнің тыңдарманымның жүрегіне жеткені. Сондықтан ешқашан әнді сатқан емеспін, сұраған орындаушыларға тек шығармашылық мақсатта ұсынамын. Қазіргі жастар басқаша форматта өңдеп, орындаймын десе де қарсы емеспін, басты мақсат — тыңдарман риза болса болғаны. Рас, жас әншілерді тыңдаймын, бірақ менің бағытым басқа — дәстүрлі, классикалық бағыт, — дейді Дулат.

Бүгінде сазгер әлеуметтік желілермен бірге жаңа технологияның да музыка өнеріне де әсер ете бастағанын айтады. Мәселен әншілер бұрынғыдай қыруар қаржы жұмсап, бейнебаян түсірмес бұрын бір минуттық видеолар түсіріп, әлеуметтік желіге салуға тырысады.

— Егер ән жақсы қабылданса, кейін толық бейнебаян түсіруге болады. Бұл әдіс шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Болашақта ютуб арнамыздың жұмысын жандандыруға күш салуымыз керек, бұл — уақыт талабы, — дейді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Пікірлер:

Бейбіт ОРАЛҰЛЫ, 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор: 

— Ұлы өнер көшінде өз қолтаңбасын қалдырып, кейінгі толқынға үлгі-өнеге болып жүрген, сазгер-әнші Дулат Аманқосұлының шығармашылығымен жақсы таныспын. Оның жазған әрбір туындысы көбіне лирикалық бағытта өрбіп келеді. Ән — адамның ішкі жан-дүниесінің жарқын көрінісі. Сазгердің жүрегін тербеткен әуен бірде күй болып ақтарылса, кейде ән болып қалықтайды. Ал әннің әсерлі болуы оның сөзіне тікелей байланысты. Дулаттың осы тұрғыда өзінің қаламдас, әріптес досы, ақын-сазгер Орал-Қосай Байсеңгірмен жазған жастық жырлары, махаббат лирикасы, патриоттық әндері жас ұрпақты уақытты қадірлеуге, отбасын сақтауға, отанды сүюге шақырады.

Светлана АЙТБАЕВА,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

— Дулаттың  әндері нағыз махаббатты, елге, анаға, жарға деген әдемі сезімдерді суреттейді.  Оның  кең тараған «Сағыныш сазы» әні — студент жастардың әнұранына айналғаны расында да мәртебе ғой! Соңғы кезде Дулаттың орыс тілінде жазылған әндері де ел аясынан асып, көршілес елдерде  де  шырқалып  жүр, бұл да — үлкен қуаныш.

Дина НИЯЗОВА,

ҚР мәдениет саласының үздігі:

— Дулаттың музыкалық туындылары мазмұнының тереңдігімен, әуенінің әсемдігімен және өзіндік авторлық стилімен ерекшеленеді. Оның шығармалары тыңдарман жүрегіне жол тауып, қазақ эстрадасында айрықша орын алуда. Композитордың әндері белгілі қазақстандық эстрада жұлдыздарының орындауында халыққа кеңінен танылды. Оның шығармашылығы — ұлттық музыкалық өнеріміздің дамуына қосылған қомақты үлес.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button