Жігері мол жауынгер-ұстаз еді…


Бала кезімізде аудан орталығына таяу елді мекенді Жетінші ауыл деп атаушы еді. Жағырапиялық картада Көкжиде болып белгіленген, еліміз тәуелсіздік алған бастапқы жылдардың бірінде патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан би Мырзағұл Шыманұлының есіміне өзгертілді. Әуелде жетіжылдық болып, кейін ауқымы ұлғайтылған сегізжылдық мектепте тәлім берген ұстаздарымыз санада сайрап тұр.
Оспан Ақылбеков, Жалмұханбет Ділманов, Қойшыбай Әбдіразақов, Мұқанбетқали Юсупов Ұлы Отан соғысының қанды майданынан аман-сау оралып, бар білген-түйгенін шәкірттеріне үйретуден жалыққан жоқ. Жарықтықтар соғыс жайындаәңгіме айтуға құмартпайтын.
Анамызға шыққан тегі жағынан жақындығы бар Мұқанбетқали ағайдың:
«Жанғабыл, бір үйден үшеуіңді бастауышта мен оқытқанмын», — дейтіні бар.
Онысы рас. Біріміз мектептегі бастауыш буынды тәмамдап жатсақ, екіншіміз бірінші сыныпқа қабылданамыз. Сөйтіп, Юсуповтың сыныбына тап боламыз. Мектептің үздік түлектері санатында болдық. Бұл жетістіктерімізде алғашқы ұстазымыздың үлесі айрықша екені даусыз.
Мұқанбетқали ағамыз өз тұрғыластары тәрізді өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы нәубет кезең ауыртпалықтарын бастан кешірді. Бір әңгімесінде мектепте Әбдіжәміл Нұрпейісовпен, Сексенбай Әбиевпен, Әлім Үсеновпен бірге оқығанын айтқаны бар.
1941 жылы әкесі Сүйеу, ағасы Мекебай Ұлы Отан соғысының майданына шақырылады. Анасы Айсұлу бес ұлға бас-көз болып қалғанда небәрі 35 жаста екен. Қайран әке Сталинград үшін сұрапыл шайқаста хабарсыз кетті. 1942 жылы теміржолдың Шалқар стансасынан майданға аттандырған сексен жігіттің ішінде жасы 18-ге толмаған Мұқанбетқали да бар еді. Юсупов Ворошиловградтағы 52-полктің жаяу әскер тобында Ростов, Запорожье қалаларын азат ету шайқастарында ерлігімен көзге түседі. Үш рет жеңіл жарақат алса да, саптан шықпай өжеттігімен көзге түскен. 1943 жылдың 15қазанында снаряд жарылысынан ортан жілігі сынады. Есінен танып қалған ол бастапқыда Сталинградқа жеткізіледі, одан Тбилиси госпиталына тап болыпты. Жаралы жауынгерді қабылдаған ұлты басқа қызметкер «Сүйеуов» деген тегін дұрыс жаза алмай, қағазға «Юсупов» қылып түсірген екен. Келесі 1944 жылы қос балдақпен үйіне оралғанда ауылдың үлкен-кішісі шүкірлігін аузынан тастамай, өз әлінше қамқорлығын көрсетіпті. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Мұхит Дәулетов небәрі жеті сыныпты оқып тауысқан II топтағы соғыс мүгедегінің мойнында үлкен отбасы ауыртпалығы тұрғанын түсініп, «кейін педучилищеге сырттай түсіп, диплом аларсың» деп туған ауылындағы Сарықамыс мектебіне жұмысқа жібереді.
Сосын арнаулы орта оқу орнын тәмамдады, бір мектепте табан аудармай қырық бес жыл жұмыс істеп, зейнет демалысына шықты. Бұл ретте майдангердің зайыбы Шәмшияның отағасына деген алғаусыз көңілін айту — парызымыз. Марқұм ауылдағы байланыс бөлімшесінде меңгеруші болды. Жұмсақ мінезімен, пендеге еш жамандық ойламайтын пейілімен сый-құрметке бөленді. Ұлтымыздың салт-дәстүрлерін ұстанған, мейлінше тазайын адам еді. Біз білгенде Юсуповтар шаңырағынан қонақ арылмайтын. Қайнылары Мәжі, Рыспағанбет, Тоқберген, Әубәкір аға-жеңге шарапатымен есейіп шаңырақ көтерді, өркен жайды. Анасы Айсұлуды өз қолдарынан ақ жуып, арулап жөнелтті.

Зұлмат кезеңнің ащы запыранын ішіп, соғыс өртінде шыңдалған ағамыз бен әке-шешеден тоғыз жасында мәңгілік көз жазып қалған жеңгеміз балаларын қаршадайынан еңбекке баулыды. Ерлі-зайыптылар міндетті жұмысынан қалмай жеке ауласында нар ұстады, сиыр, қой-ешкісі де, үйірлі жылқысы да болды. Малды бағып-күтудің бейнетін бұған мойын ұсынған адам жақсы біледі. Аяғында кемдігі бар мүгедек жан еш мойымады, Ұлы Құмның қойнау-қолтығынан шөпті өз қолымен шауып, түйеге артып жеткізгенін көзіміз көрді. Мезгілінде суарып-баптау және бар. Ешкімнен көмек сұрамай, қасына ұлдарын ертіп, бәріне үлгерді. Қыздары мал саууды, ағарған ашытуды, құрақ көрпе тігуді, ошақ жағып, күл шығаруды меңгерді.
Сегіз қырлы, бір сырлы ұстаз еңбектің шарапатын шәкірттеріне ұғындырудан жалыққан емес. Бастауыштың балғындарын ауылдың бір жақ бетінде созылып жатқан құм ішіне ертіп апарып, жусан, селеу, жиде, құмжуа, көсік және басқа табиғаттаңғажайыптарын жіктеп, ерекшеліктеріне тоқталатын.Мектеп жанындағы интернатта жатып оқитын жоғары сынып ер балаларына отындық ағаш кесінділерін жарғызатын. Сонда жасөспірімдердің балтаны қалай сілтейтіндігін байқайды екен ғой.
Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен, Украинаның, Беларусь Республикасының мерекелік медальдарымен марапатталған ұстазымыз бейбіт еңбекте де көзге түсіп, «10 жыл Астана» медалін омырауына тақты, грамоталарға ие болды. Қазақстан Республикасына айрықша еңбек сіңіргені үшін дербес зейнетақы тағайындалды.
Және бір назар аударар жай — әулет қожасы Мұқанбетқалидың кәсіби еңбек жолын бауырлары, балалары сәтті жалғастырды. Ауылымызда сегізжылдық білім алған соң Қорғантұз орта мектебіне қабылданғанымызда алдымыздан Мұқаңның інілері Тоқберген мен Әубәкір шықты. Екеуі де Алматыда беделді оқу орындарын тәмамдаған, жоғары білімді, кәсібіне шын берілген мамандар ретінде құрметке бөленді. Кейіпкеріміздің тұңғыш перзенті Жамал әке жолын қуып, география-биология пәндерінен дәріс берді. Қазіргі күні зейнет демалысында, Шалқар қаласында отағасы Аққасенмен бірге берекелі шаңырақтың иелері.
Мына үндестікті қараңыз: Мұқанбетқали ағайдың үзіліссіз қырық бес жыл бастауышта бала оқытқанын айттық. Әке-шеше шаңырағының түтінін түзу шығарып отырған Қайрат — 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысының ардагері, Сарықамыс мектебінде бастауыш сыныптар мұғалімі, келіншегі Гүлмира да мектепте. Шалқар қаласында тұрып, Юсуповтың әулетіне жөн-жоба көрсетуші бала-келіні Жағал мен Күләйдің келіндеріГүлім мен Гүлзат бастауыштағы еңбегін мақтаныш тұтады. Майдангердің қыздары Лиза, Мейрамгүл, Ақгүл әке-ана бағытынан жаңылған жоқ. Қайраттың баласы Әділдің келіншегі Ақбаян да мұғалім. Өкініштісі, Бақыты мен Даражасы өмірден ерте кетті.
Өткен жылы Юсуповтар әулеті әкесінің рухына тағзым етіп, жүзжылдығына орай ас беріп, Құран бағыштады, баспадан «Ұлы Құмда өркен жайған» атты кітап шығарды. Және бір тындырған үлкен шаруасы — қолданыстағы заңдылықтар шеңберінде құзыретті мемлекеттік органдардың рұқсатымен Мырзағұл Шыманұлы ауылындағы Сарықамыс негізгі мектебі ғимаратының қабырғасына Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі, белгілі ұстаз Мұқанбетқали Юсуповке мемориалды тақта орнатты.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



