Мәдениет

Мөңке би мұралары тағылымы

Дөңгелек үстел

Мөңке би Тілеуұлының өмірі мен мұрасы қазақтың тарихында ерекше орын алады. Оның толғаулары мен шешендік сөздері, халыққа деген сүйіспеншілігі, ұлттың рухани байлығын сақтау жолындағы еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Биыл Мөңке бидің 350 жылдығы барлық білім ордасында аталып өтілуде. Осыған орай Ақтөбе қаласындағы №78 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған дөңгелек үстел басындағы әңгімеде Мөңке би Тілеуұлы тағылымы туралы терең ойлар мен маңызды пікірлер айтылды.

Мектеп директоры Жанар Сейітмағанбетова Мөңке бидің көріпкелдік толғауларының тәрбиелік мәні, яғни адамгершілік құндылықтарын, әділдікке деген көзқарасын жас ұрпақтың бойларына сіңіріп өсу керектігі туралы айта келіп, бұл кездесудің маңыздылығын атап көрсетті.

Мөңке бидің тағылымды сөздерінен ой түйіп, оның қазақ қоғамына қосқан үлесін өлкетанушы Оңдасын Үсенов пен Тасқан Аяпов және «Ақжелең» домбыра үйірмесінің жетекшісі, қалалық музыка мектебінің мұғалімі ЕрболатҚалибек шәкірттер мен ұстаздарға жан-жақты баяндап берді.

Мектеп оқушысы Нұрдана Шалқаржанова аталған тақырыпқа байланысты өзі дайындаған баяндамасын оқыды. Дөңгелек үстел басында Мөңке бидің шығармашылық мұрасы кеңінен талқыланып, тың деректер айтылды. Әңгіме барысындаоқушылар  Мөңке биге  бала Қазыбектің сәлем беруге келген кезіндегі сәтін сахналап, сол кездегі қазақ халқының болмысын бейнелеуі ерекше әсер қалдырды. Оқушылар бабаның «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» толғауын жыршылық мақамда жатқа оқыды. Мөңке бидің күйлерінің зерттелу тарихы мен орындалуы жөнінде сөз болып, оның «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен», «Жиын, алқа, кеңес» атты күйлері нақышына келтіре орындалды.Орындалған күйлердегіәрбір нотаның астарында Мөңке бидің философиялық ойлары мен сезімдері  жатқандай болды. Бұл сәт оқушылар үшін рухани серпіліс болып, ерекше әсер қалдырды. Оқушылар назарына Мөңке би туралы жазылған кітаптар ұсынылды.

Нұрлыжан АЙБАРОВА,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button